Тамшы- ғұмыр!

Тамшы- ғұмыр!
жеке
блог

Тамшы – ғұмыр!

Ұзақ қарап отырдым тамшыларға,
Төкпелесе өкпелеп тән шыдар ма?!
Жүрегімнің сырнайын шертіп кеткен,
Тамшылардан сірә асқан әнші бар ма?!

Тамшы-тамшы тәңірдің таңдайынан,
Табиғаттың тамған нұр тал бойынан.
Қандай бақыт мөп-мөлдір тамшы- ғұмыр,
Тағдырыңның табылса маңдайынан.

Таң шапағы шәрбатын құйып атқан,
Шәрбатына мас болып ұйып ақ тән!
Адамдарды білмеймін жиі іздейтін,
Тереземді тамшылар жиі қаққан...

Тамшылар да бір-бірін сүйеді екен,
Махаббат-ай... отына су күйеді екен.
Тұп-тұнық нұр жаратқан бұлт ішінен,
Қандай ғажап! Көк аспан кие мекен!

Ақша бұлт мамық шашын өріп көктем,
Тамшы біткен төгеді көрік көктен.
Тамшы –сезім тәп-тәтті келте бірақ,
Көкте туып жерге аунап өліп кеткен.

Өліп кеткен шашырап тамшы біткен,
Сезім осы... ажал да.. тамшы күткен...
Бір-ақ тамшы бір жүрек бір-ақ ғұмыр,
Қайта туып келеді талшыбықпен.
Әлем туған бір-ақ нұр тамшы үміттен...

04.08.2015