Көрермен көңілін бірден баурап алып, аз ғана уақыт ішінде махаббат хикаясымен елді ерітіп әкеткен «Құлпынай иісі» фильмі танымалдығымен таңғалдырып келеді. 2015 жылы маусымның 24-жұлдызында тұсауын кескен ғашықтар оқиғасы сол мезеттен-ақ, жастардың жанарын жаулай түсті. Тұрмысы төмен отбасында тәрбиеленген, кербез қылықты, көркем сұлу Аслы мен байдың ерке баласы, сымбатты, сері жігіт Бурактың кездейсоқ, ғажайыпқа толы сезімдері жайлы өрбиді.
«Шын махаббат қарамаудан басталады» – дегендей, бойжеткен мен бозбаланың алғашқы кездесуі романтика емес, тіпті, керісінше, соқтығыс сюжетінен бастау алады. Арманы алысқа жетелеген Аслы, құрбысымен бірге Бодрумға жұмыс бабымен жол-сапарға аттанады. Дегенмен, ол өмірін түбегейлі өзгертетін тосын сыйдың күтіп тұрғанын сезбеген де болатын. Қызқұмар, еркетотай, шатақ мінезді Бурактың ешкімге дес бермеген асау жүрегінің түкпірінен Аслы орын алады.
Алғашында, бір-бірі үшін жаралғанын сезе қоймаған қос ғашық, кейіннен, тағдыр жолдарын бірге жалғастыру үшін, кез-келген әрекетке дайын екендерін дәлелдейді. Комедия, шытырман, мелодрама, ғажайып сезімге толы бұл телехикаяның басты нысаны: «Ұнатпаушылықтан сүюге бір қадам».
Оқырмандарымның ішінде әлі күнге осы телехикаяны көрмеген жандар болса, көріңіздер деген кеңес берер едім.
Телехикаяның басты кейіпкерлері:
Аслы – Демет Оздемир
Бурак – Юсуф Чим
Волкан – Экин Мерт Даймазт
Чагла – Гезде Кая