Талайды бұзып жарған топжарған

Ережесіз жекпе-жек түрінен елімізде өз салмағы бойынша алғаш чемпион атанған білекті балуан, жүректі жігіт – Болатхан Сүлейменов.

Қазақ даласында сонау сақ дәуірінен бері ата-бабаларымыз жекпе-жек өнеріне бейім болғанын тасқа жазылған жазу-сызба суреттерден білеміз. Сондықтан да осы құс ұшса қанаты, ат шапса аяғы талатын ұлан-ғайыр құтты мекенімізді сыртқы жаулардан қорғауда, қазақтың әрбір баласы соғыс пен жекпе-жек өнеріне шыңдалып бойына сіңіріп өскен. Ешқандай елге кеудесін бастырмаған қарсы келген жаумен жұдырықтасу, жекпе-жек шайқасында есе жібермеген  ұлы халықтың ұрпағымыз. Қазақтай көшпенді халық үшін жекпе-жек спортының шоқтығы биік болатыны сондықтан болар.

Қазақ жерінде спорттың көптеген түрлерінен дүбірлі жарыстар өтіп келді. Бірақ ережесіз жекпе-жектен ешқандай бәйге тігіліп, батырлар білек түріп шыққан емес. Әсіресе ережесіз жекпе-жек өнерінен байрақты жарыстардың өткізілуін қазақтың ішіндегі бойына күші сыймаған, топжарар тарланбоз жастары көптен күтіп жүрген еді. Міне, осындай байрақты жарысты ұйымдастырудың ретін алаштың ардақты ұлы, әлем чемпионатының күміс жүлдегері Серік Баймұрзин мырза қолға алып, 1996 жылы тұңғыш рет Алматыдағы орталық циркте дүбірлі жарыс өткізді. Ережесіз жекпе-жек түрінен өткен жойқын жарысқа Қазақстанның әр аймағынан таусоғар жалынды спортшылар ағылып келіп қатысқан еді. Мен бұл жарысты өз көзіммен көріп, көңілге түйген адамның бірі едім. Сондықтан да мен үшін сол дүбірлі жарыстың басы-қасында болып, қалай өткені туралы емін-еркін  қалам тартуға болатын.  Енді осы сайысқа менің жақын досым Болатхан Сүлейменовтың қандай дайындықпен барып өз салмағында бас жүлдені жеңіп алғаны туралы кеңінен әңгімелеп бергім келеді.

Ол кезде мен  Алматыдағы Жандосов көшесі мен Родостовец көшелерінің қиылысындағы  Қазақстан Ұлттық телеарнасында жұмыс істейтін қызметкерлер мен журналист, диктор, операторлар тұрып жатқан жатақхана іспеттес үйдің бір бөлмесін алып тұрып жатқанмын. Есігіміздің алдына шыға бергенде кішігірім қара базар болатын. Сол базардан керек жарағымызды алып тұратынбыз. Бірде сол базарда аралап ет алайын деп жүргенмін. Ол жерде ет бірақ жерде сатылатын. Сол ет сатылатын орында ары-бері өтіп жүргенде балуанға ұқсайтын қазақтың қарапайым жігітін көретінмін. Ол жігіт  әрдайым күлімсіреп қасындағы досы екеуі ет сатып тұратын. Мен сол сәті түсіп әлгі жігіттен қойдың етін бөлдіріп кестіріп алып

 жатып, әңгімелесіп кеттім. Қал-жай сұрасып, таныстық. Есімі Болат екен. Семей өңірі Мақаншы ауданындағы Қарабұлақ ауылының тумасы болып шықты. Осы базардың алдында көлденең тұрған қос үйдің бірінде тұрады екен. Негізі ол жігітті сол базардан жиі көретінмін. Сонымен танысып жәй-күй сұрасып, кейіннен арамызға жік түспеген жақын достарға айналдық.  Сол кезден бастап, біз жақын достай аралас-құралас болып кеттік. Бірде Болат Циркте өткелі жатқан жекпе-жек туралы айтып, соған қатысатындығын айтты. Мен әрине, қолдай отырып:

– Қатыс бауырым, сен алла бұйыртса жүлденің жақсысын алып қаларсың, қажет болса бірігіп дайындалайық, осындайда жаныңда жүретін серік қажет қой саған  – деген пікірімді  айттым.

Хош, сонымен Болаттың қасына еріп бірге жүгіріп, бірге жаттығып менде бір додалы сайысқа түсіп бағын сынайтын жандай досыма серік болып бірге жүрдік. Болат екеуміз Жандосов көшесінің басынан тұрып аяғымызға құм байлап алып жүгіретін болдық. Болаттың нағыз білекті де жүректі балуан әрі батыр екенін сол кезде білген едім.  Мен аяғым көтеретіндей өлшеммен азғана құм салып байлап шықсам, Болат екі аяғын қампитып құмды толтыра байлап алып жүгіретін. Шаршауды сонда білмейді. Ал мен болсам өкпем өшіп, тынысым тарылып жарты жолда қалсам, Болат болатын болса, сонау Төле би көшесіне дейін атша шауып барып қайтатын. Сонда аяқтағы салмақты бірде ауыр сезінбейтін. Нағыз  дүлділ жүйрік дерсің. Сонымен жарыс өтетін күнде келіп жетті-ау әйтеуір.

Цирктің іші жарысты тамашалауға келген адамнан ине шаншыр жер жоқ. Әлгі  Алпамыс туралы батырлар жырында: «Жұдырықпен бір ұрып, қырық кер  болат сандықты, саймандарын сайланып алтынан кемер байланып, әбжыландай толғанып, қызыл найза қолға алып, шұбарға қарғып мінеді. Құдайдан медет тіледі, қарғып мініп жас батыр ашуы кернеп жөнеді - деген сөздер бар емес пе?

Болат та дәл Алпамыстай сайланып, тас-түйін дайындықпен алғаш рет қатысқалы отырған жауапты жарысына барған еді. Негізі Болаттың кейбір күндері «Алмас суы» деген жекпе-жек клубында жаттықтыратын Сергей Паниринге де барып жаттығып жүретін. Сергей де бар білгенін үйретіп, Болаттың бокс жағынан қолын дұрыстап беруде еңбегі бар деп айтар едім.

Әлі есімде, сол күні мен бейнекамераны алып алған едім. Кім білсін бүгінгі жарыста Болат топ жарып жатса ертеңгі күні тарих болып қалатын шығар деген ойда қылаң бергені ақиқат. Расымен, Алланың қалауымен солай болып шықты ғой.

Хош, сонымен біз Циркке барғанымызда, қатысушылардың толып жүргенін көрдік. Денелерінде артық ет жоқ бұлшық еті бұлтылдағын әр жақтан жиналған қатысушыларды көріп, біраз жүрексініп қалғаным рас. Дегенімде Болаттың сол баяғы сабырлығы мен қарапайымдылығына қарап ол ойымнан тез қайтып, досымның  жігерін жанап, қайратын қайрақтай қайрай түсуге тырыстым.

Болаттың өз-өзіне деген сенімділігі мені жігерлендіріп  арқаландыра түскендей болды. Негізі, айтулы  тұңғыш рет өтіп отырған ережесіз жекпе-жек сайысы 70 кг жоғары салмақ дәрежелері арасында өткен еді. Ережесіз жекпе-жек жарысын алғаш рет ұйымдастырып отырған Серік Баймұрзын бізге жақындап келіп, -Бауырым ешнәрседен қорықпа, тек алға! - деп бізді қанаттандырып кетті. Содан кейін, бойымыздағы толқыныс сейіліп, еркінсіп кеттік десек болады.

Мен бейнекамераны қолыма алып алып Болаттың әрбір қимыл-қозғалысын түсірумен әлек болып жүрмін. Осы жерде айта кетер бір өкінішті жәй, сол тұңғыш рет елімізде жалауын көтерген ережесіз жекпе-жек сайын түсіріп алған тарихи бейне таспаны әлі күнге дейін таба алмай келеміз. Негізі толықтай түсірілген нұсқасын додалы сыннан шыққаннан кейін, Болат досыма тарту еткен едім. Ал, Болат болса, өзінің туған ауылынан сұраған туыстарына кассетаны беріп жіберіпті. Олар қолдан-қолға таратып жіберсе керек. Содан соңын таба алмай қалыпты. Алла нәсіп етіп, сол кассета табылып жатса, үлкен бір тарихи оқиғамен араға көп жылдар  салып барып, спорт жанкүйерлері көріп бір тамашалар деген ойдамын.

Сонымен, арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты жекпе-жек өнерінің шеберлері арасындағы сайыс басталып та кетті. Мен бір қолыма орамалды бір қолыма бейнекамераны алып Болаттың жекпе-жектерінің басталуын күтіп тұрдым. Міне, көптен күткен алғашқы жекпе-жек те басталып кетті. Мен цирктің  ішіндегі әлгі шар тәрізді доғалықтың сыртын айналып өзімше Болатқа кеңесімді айтып әлек болып жүгіріп жүрмін. Болат өзінің жүректі де білекті хас батыр балуан екенін осы жарыста атойлап көрсетті десе болады. Алғашқы қарсыласын соққының астына алып ұрып жығып, келесі кезеңге өтті. Сөйтіп бірінші жекпе-жегін жеңіспен аяқтаған Болатты бөлмеге алып орамалмен желпіп терін басып, келесі кездесуге дайндай бастады. Келесі жекпе-жек Болат үшін өте ауыр болған еді. Ичкериядан келген шешен талай дүбірлі сындарда асығы оңынан түсіп жүрген осы ережесіз жекпе-жек жарысына келген спортшылардың ішіндегі ең қауіптісі еді. Көңілімізде бір қуаныш бір қауіп тұрған еді. Өйткені, соңғы финалға шығу үшін қалайда шешен жігітін жеңуіміз керек болатын.

Ичкериялық бұл шешен жігіті бейнебір әбжыландай айлакер, жемтігін іздеп жұтынған даланың көкжал бөрісіндей, денесінде артық еті жоқ еді. Ойпыр-ай, не болар екен деген ой мені қатты мазалағаны анық. Бірақ бойымдағы сезікті Болатқа білдірмеуге тырыстым. Бейнебір өзім төбелесетін сияқты күйде жүргенім сөзсіз. Болатқа қарасам, сол баяғы жер қозғалса қозғалмайтын салмақтылық, сабырлылық пен қалайда жеңіске жетемін деген сенімділікті көзінен байқадым. Өздері жарыс алаңына шыққанда әлгі бразилиялық Грейсийлер әулеті сияқты ағайындылардың барлығы бірінің  желкесіне бірі  қос қолдарын қойып шыққанда көпке үрей туғызғандай көрінді. Менде қолымнан келгенше Болатқа рухани жағынан да қолдау көрсетуге тырысып қоямын.

– Олардың мына шығып келе жатқан жәй ғана спектакль, сен оның қазір талқанын шығарып, сүмірейтіп сын алаңынан шығаруға мәжбүр етесің – деп, шымыр сөздермен шыңдап-ақ жатырмын. Сөйтіп, бір Аллаға сыйынып келесі соңғы кездесуге бет алдық. Сонымен ақтық жекпе-жек басталып кетті.  Бұл жекпе-жекте тұншықтыруға, тіресуге, аяқ-қолды тартып буындыруға, қысқасы барлық әдісті қолдануға рұқсат. Тек рұқсат етілмейтіні, екі бұттың ортасынан тебуге, көзін саусақпен шұқуға жол жоқ.

Басын бәйгеге тігіп, осындай жойқын жарысқа қатысу әркімнің қолынан келе бермесі анық. Тіпті өліп те кетуі әбден мүмкін.  Бұл айқас нағыз қан майдан болды десем артық емес. Мен жекпе-жек алаңындағы шеңберді шыр айналып айғайды салып Болатты қайрауға тырысам. Болат маған анда-санда көзін бір салып қойып, өзінің ұтымды сәтін күтіп алысып жүр. Болатты жамбасына түсіре алмағынына шешен жігіті долданып, бір жағынан Болаттың ек-үш зілбатпан соққысы дөп тиген соң ашулана бастады. Осы сәтте күш атасы Қажымұқанның жапон жекпе-жек өнерінің шебері Саракикки Жиндофумен кездескен есімі түсті. Сонда Қажекеңнің құлағын қыршып тістеп алған жапонды қос қолдап тік көтеріп алып, жерге гүрс еткізіп атып ұрады емес пе? Сонда есінен таныған жапонды жерлестері  дереу зембілге салып ала жөнеледі. Қажымұқанды тас-талқан етем деп шыққан Саракикики осылайша жер болып жеңіледі. Қажымұқан атамыз сол жекпе-жектен құлағынан айырылса да туған еліне даңқпен оралған екен. Сол секілді қазақтың Болаттай қайсар ұлын менсінбей күліп шыққан шешен жігіті Болаттай осындай қайтпас қайсарлықты, асқан шеберлікті күтпеген болса керек. Қанша сақ жүріп ұрыс салғанымен, Болаттың қарулы қолына  ілінгенде барып әп-сәтте не болғанын білмей қалды. Болат Қажымұқан атамыздың әдісіне салғандай көрініп, қарсыласын жерге қазақша күрес тәсіліндегідей жамбасқа салып атып ұрып, үстіне шығып алды. Негізі, Болат туған ауылында жүргенде ел ішінде, қазақ күресінен өтетін байрақты жарыстар мен  той-томалақтарды  алдына жан салмаған екен. Болаттың оң жамбасына түсіп қалса болғаны қарсыласын атып ұрып жүре береді екен. Сондықтан да Болаттың жеңіске жетуіне бір жағынан қазақ күресінің зор септігі тиді ме деп ойлаймын. Мен де осы сәтте;

- Қылқындыр, буындыр Болат  – деп айғайды салып қоямын. Содан соң, біраз осы әдісінен тапжылмай біраз ұстап тұрып барып, қолайлы секундта екі аяғын мойын  тұстарынан орап алып қылқындыра бастағанда, шешен жігіті көзі шарасынан шығып кете жаздап, жеңілген еріксіз мойындап жер сабалап қоя берді.  

Расымен де жаңа ғана көздерін от шашып жұтынып шыққан шешен жігітін Болат осылайша сабасына түсіріп, финалға жолдама алды. Ал ақтық финалда,  джу-джитсу спортынан Қазақстанның чемпионы Олег Брусенцов күтіп тұрды. Ия соңғы сынға нағыз мықтылардың мықтысы шығатыны белгілі. Шешенмен өткен кездесу нағыз финалға бергісіз болатын. Осы жарыстағы ең жойқын қарсыласын тізе бүктіргеннен кейін, Болат үшін финал өте ауыр болған жоқ. Ақтық сындағы жекпе-жекте де Болат қарсыласы Олег Брусенцовты атып ұрып, буындыру әдісімен жеңілуіне мәжбір етіп,  тұңғыш өткен ережесіз жекпе-жек спортынан Қазақстанның чемпионы атағына ие болды. Ал келесі күні 70 кг жоғары салмақ дәрежелері арасында  атанжілікті спортшылар арасындағы сында «Сұр сұңқарлар» клубының спортшысы, еркін күрестен спорт шебері Ахмед Эюбов жеңіске жетті.

Болаттың  ептілігі, тактикалық күрес тәсілі қалыптасқан балуан десем мақтағаным емес, дәл солай болатын-ды. Сондықтан да Алла нәсіп етіп қарсыласын жеңіп Болат, елімізде  алғаш ұйымдастырлған ережесіз жекпе-жек жарысының өз салмағында тұңғыш чемпионы атанды. Жарыс салтанатпен аяқталып, бәйгеге тігілген жүлде құрметпен үлестіріліп жатты. Біздің бәйгеге тігілген мың жарым доллардың орнына ұйымдастырушылар  бір мың долларды табыс етті. Дегенімен де, жеңіске желпініп шыққан біз бірден асханаға барып жақсылап отырып, жеңісімізді атап өту үшін жүріп кеттік.  Күн бойы өткен тартысты сұрапыл, сойқан жарыстан әбден қалжырап, шаршап шыққан біз ашығып қалсақ керек, дәмхана келіп бар ақшаға аямай ауқаттандық. Әсіресе, кавказ шашылғын әбден тойып жеп, тамаша бір отырып қайтқанымыз есімнен кетпейді.  

Бүгінде Болат елудің асқарына шыққан ел ағасы болып отыр. Өмірлік жары Назгүл екеуінің мәпелеп өсірген Олжасы жуырда шаңырақ көтеріп, отбасын құрса, айдай ару Ақниет атты қызы Әль-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық мемлекеттік университетіне жоғары  оқуға түсіп отбасын қуантып отыр.

Өмірде адамның бақыты отбасының амандығы екенін білеміз. Болаттың да  бүгінде бар тілеуі елі мен отбасының амандығы. Сонау жылдары өткен жарыс туралы еске алғанда сол баяғы қарапайым салмақтылығына салып:

 – Иә, Алла нәсіп етіп сол жарыста жеңіске жеттік қой, шіркін сол кезде осы спорт түріне көзқарас жақсы болғанда мен ары-қарай да жекпе-жегімді жалғастырар едім ғой. Бірақ, келешек алаштың асыл ұлдарының қолында – деп жауап берді.

Расымен де, қазақтың батыр ұлдарының бүгінгі таңда әлем жарыстарында топ жарып еліміздің атын шығарып, көк туымызды желбіретіп жүрген саңылақтары аз емес. «Алтын да тас, тас та тас, алтындай болмас басқа тас» демекші, Болаттай әлі талай жастар биікке шығары сөзсіз. Бірақ, мен үшін  Болат Сүлейменов ережесіз жекпе-жек өнерінен өз салмағында топжарған алғашқылардың бірі болып, бастау басында тұрары сөзсіз. Дегенмен де, осы спорт түрінен, бүгінде еліміздің мақтан етер спортшыларының қатары көптеп шығып келе жатқаны қазақ елі үшін зор мақтаныш деп білемін.

Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ



Бөлісу: