Талай тарих куәсі- Созақ!
Ғалымның хаты қалар берешекте
Жақсының аты қалар не десекте
Өз жайымда әзірше өзім айтам,
Басқалар айта жатар келешекте,-деп өзім жайлы айтар болсам Түркі әлемінің рухани шаһары Түркістан өлкесінің күнгей бетінде орналасқан, кезінде Шәмші атамыздың « айналайын келбетіңнен, сен бізге ақ бесіксің тербетілген»- деп жырға қосқан Созақ деген киелі өлкенің қызы боламын. Осы өлкеде туғанымды мақтаныш етемін.
Топырағында талай саңлақтар аунаған, күй елі жыр елі Созақ өлкесі жайлы сонау 1930 жылы болған ірі Созақ көтерілісінен белгілі. Ол неден туды? Қалай болды? Қатысушылар кімдер? – деген сұрақтар бәрімізді мазалайтыны анық.
Бұл оқиға елді жайлаған «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» дейтін ұранмен жалғасқан жаппай ұжымдастырудан туындап арты үлкен көтеріліске алып келді. Созақ ауданында мал-мүлкінен айырылған кулактар мен олардың туыстары үшін бірнеше тұтқындар лагерінің ашылуы мен мұсылмандар үшін қасиетті саналатын Ораза айында діни әдет-ғүрыптарды орындағандарға өкімет орындарының айып салуы сылтау болды. Осылай ашынған халық көтеріліске бірден шықты. Шамамен көтеріліске 5000-дай адам қатысқан. Көтерілісшілер мынадай шартты алға тартты:
1930 жылы орташалардан әділетсіз тәркіленгендерді қайтару;
Дін бостандығын беру, мешіттерді қайтару, діни салттар мен шараларға кедергі жасамау;
Ірі байлар тәркіленгеннен кейін, енді тәркілеу болмайтыны туралы декрет шыққан еді, бірақ бұл іс орташаларға қарсы әлі жалғасуда;
Колхоздарға зорлап кіргіздіру тоқтатылсын. Олар тек еріктік негізінде құрылсын;
Қазақ даласында тапқа бөліп жіктеуді қою керек және бұл істі жүргізуге комсомолдарды жібермей, барлық мәселені ауылдың жалпы жиналысында шешу қажет.
Салықтарды мал-мүліктің санына қарай салу керек. Егін екпейтіндерге астық салығы салынбасын...».
Иә, көтерілісшілер талабы ақылға сыйымды және шын мәнінде өтініш сипатын алып отырды. Солай бола тұрса да олар сол жылдардағы әміршіл-әкімшіл жүйенің саясатына қайшы келіп тұрғанын қазіргі кезеңде де түсіну қиын емес. Сондықтан олар негізінен үкімет тарапынан қанағаттандырылған жоқ және жоғары органдарға да бұл талаптап «бандиттік» ұсыныстар ретінде жағымсыз сипатталып баяндалды.
Жалпы , Созақ көтерілісінің өзіндік ерекшелігі зор. Басқа көтерілістердің негізгі қозғаушы күші – орта шаруалар болса, бұл көтерілісте кедейлер мен батырақтар да айрықша белсенділік танытты. Сол кедей шаруаның бірі Рахман Мұхаммеджанов осы көтеріліске қатысып , көтерілісшілерді жазалау барысында аман қалып, болған оқиғаны өз аузымен айтып берген екен. Сол жайында айтсам.
Р.Мұхамеджановтың естелігінен : Елдегі жағдай жантүршігерлік жағдай болды. Сол уақыттарда бізге салынған салықтар мен шектеулер бізді жалғыз байлар емес, сол кездегімына біздей орта шаруаларды да әбден қажытты. Алдымыз аштан қырылып та жатты. Біздің бар ойлағанымыз балаларымыз аман қалсын, аштан қырылмасын деп тіледік. Бірақ бұл малымызды күштеп алу одан ары артып дендей бастады.Жергілікті тұрғындар шыдамадық. Өз ортамыздан хан қылып Сұлтанбек Шолақұлын сайладық. Аң аулайтын мылтық, қанжар мен қылыш, балта тәрізді қарулармен қаруландық. Мен Шолақ бастап барған көтерілісшілермен бірге белсенділерді соққыға жығып, кеңес органдарының іс қағаздарын өртедік. Бірақ бәрімізге белгілі көтеріліс сәтсіз аяқталды. Біз аямай жаншылдық, тапталдық. Ташкенттен келген әскериленген топ бізді аяусыз жазалап, қан қақсатты.
Бізді окопқа әкеліп тұрғзызды да шетімізден жапа-тармағай атты. Бірақ маған оқ тимейді, сонда да бірге оқ тигендермен құладым. Бірақ аяусыз қанішерлер мылтықтың ұшындағы пышақпен біреуінің басына, біреуінің жүрегіне тығып , маған келгенде саныма пышақтың ұшын толық қатты кіргізіп алды. Бірақ сонда да өмір үшін, отбасы, бала-шағам үшін қылт етпей жата бердім. Қанша қатты жаныма батса да жазалаушылар кеткенше шыдап жаттым. Кетті-ау деген уақытта аяғымды сүйретіп жақын маңдағы ауылыма жеткенім бар.. Сол кезде бірге оқыған досым Жалғас та окопта атылғанның ішінде болды. Оған келді де миына пышақты тықты да кетті. Сол көріністер әлі күнге есімнен кетпейді. Қазір 30 жылдан аса уақыт өтті.Ол кезде 32-33 жастағы жігіт едім, қазір жасым 65-ке келді. Қазір еліміз тыныш ,бүгінде «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман»- деп марқұм әкем айтатындай, тәуелсіз ел екенімізді көріп қатты куанамын. Сол уақыттардағы жағдай елдің басына енді түспесін, тек бейбітшілікте өмір сүрейік деп тілеймін.
Рахман Мұхамеджанов атамыз 68-ге қараған шағында өмірден озды. Артында екі ұлы төрт қызы қалды. Бүгінгі таңда үлкен ұлы Шымкентте тұрып жатыр. Бұл оқиғаны бір кездері мектепте тарих пәнінің мұғалімі Тұмартай Дінтайұлынан естігенім бар. Кейін бұл оқиғаны Р.Мұхамеджановтың ұлы Сабыр Мұхамеджановтың өз аузынан есту бұйыртты. Ол кісінің айтуынша бұл оқиғаны көп адам біле бермейтін көрінеді. Мен тыңдай отыра ата-апаларырымыздың қайсарлығына тәнті болып, іштей кеудемді мақтаныш кернеді. Осындай намысшыл, алғыр, қайсар бабаларымыздың ұрпағы екеніме шүкір дедім. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні ғасырлар қазанында қайнаған шежірелі өлкенің әрбір тасының өзінің тайға таңба басқандай тарихы барын, сол тарихты мына біздер өшірмей, келешекке жеткізуге міндетті болатынымызды ұмытпауымыз қажет .
Авторы: Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің 1 курс студенті Сейтжаппар Ақтілек Мұратқызы
Жетекшісі: Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ тарих кафедрасының доценті Қозыбақова Ф.А