Талай қызық оқиға...

Адамзат тарихында неше түрлі таңқаларлық оқиғалар орын алған. Оның бірі кездейсоқ кейбір оқиғаларда ұқсастықтар бар. 

Бірақ күнделікті тұрмыста жиі кездесетіндіктен оған адам баласы мән бермеуі де мүмкін. Десек те, кейбір оқиғаларда еліктеушілік те орын алатынын жасыруға болмайды.

Мысалы, Қытай тұрғыны Ван Лэйдің Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ынмен ұқсастығы бар. Ол бет-әлпетіне пласти­ка­лық ота жасатып, жұртшылық­тың алдына шықты. Ван Лэймен Ким Чен Ынды енді тіпті айыра ал­майсыз. Бет-әлпетті өзгерт­кен­мен, диктатор Ким Чен Ындай болу қайда?! Қытай тұрғыны бұл әрекетке саналы түрде барды. Бі­рақ адамзат тарихына көз салсақ, мұндай ұқсастықтар көп. Әрине, «болмасаң да ұқсап бағу үшін» кейде ақылға сыймайтын санасыз әрекетке барудың қажеті шамалы. Алайда тарихта сәйкестіктер қай­талана береді. Тіпті бұл таңға­лар­лық оқиға да болуы мүмкін. Мы­салға жүгінсек, мән беретін жайт­тар жетерлік. 
Айдың бетіне адамзаттың та­ба­ны тиген кезде орын алған оқи­ғаны қазір жұртшылық ұмытып қал­ды. Америкалық ғарышкер Нейл Армстронг Айдың бетіне аяқ басқанда, алғашқы қолданған сөзі «Сізге табыс тілеймін, мистер Горски!» болыпты. Неге? Мұның қандай себебі бар. Сөйтсек, Ар­мс­тронг тұрған үйдің ауласындағы көрші әйел күйеуіне ылғи «Әлі- ақ көресің, көршінің баласы ке­лешекте Айға ұшады, ал сен осы күнге дейін әйеліңе де дұрыстап бір құрмет көрсетпеген еркексің!» деп ұрсатын көрінеді. Енді жүзеге асқан оқиғаны қараңыз, үнемі ұрыс-керіс болып тұратын көр­шілердің отбасылық фамилиясы Горски екен. Армстронгтың Айға табаны тиген сәттегі қолданған алғашқы сөзі арманның орындал­ғаны болар. Бірақ көршінің сөзі кездейсоқтық па? Бірақ бұл сәй­кестіктің таңғаларлық болғанын жасыруға болмайды. 
Жақында шетелдік БАҚ Ита­лияның қала сыртындағы даңғы­лында екі көліктің жол апатына ұшырағанын жапатармағай жаз­ды. Бақытына қарай, екі жүр­гі­зуші де жарақаттанбаған. Көлік­тен түскен жүргізушілер таныса келгенде, екеуінің де фамилиясы Джакомо Феличе болып шыққан. Бұл есім итальян тілінен аудар­ғанда «бақыттылар» деген ұғымды білдіреді екен. 
Тарихқа көз салсаң, таңға­лар­лық керемет оқиғалардың жиі қайталанып тұратынына көз жет­кізесің. Өткен ғасырдың отызын­шы жылдары Детройт қаласының тұрғыны Джозеф Фиглок көшеде көпқабатты үйлердің тұсынан өтіп бара жатады. Кенет төбеден... Джозефтің басына бір жасар бала құлап түседі. Екеуі де жеңіл жара­қат алады. Сөйтсе, шешесі тере­зені жабуды ұмыт қалдырып кет­кен көрінеді, сәбилік құмарлық қойсын ба, «терезенің жақтауына» шығамын деп жерге құлап түс­кен. Оны Джозефтің басы аман алып қалған. Бір жыл өткеннен кейін тағы бір таңғаларлық оқиға орын алады. Джозеф Фиглок тағы көшеде әлгі үйдің жанынан өтіп бара жатқан кезде, баяғы бала тағы оның басына құлап түсіп, аман қалады. Бұл не, кездей­соқ­тық па? Ең бір қуанарлығы, екі рет қайталанған бұл сәйкес­тіктен ешкім де зардап шеккен жоқ. «Періштесі қаққан бала» әйтеуір аман. Бірақ өмір болған соң, ұқсас оқиғалар орын ала беретіні рас. 1966 жылы төрт жасар бала Роджер Лозьер Американың Са­лем қаласының маңайындағы теңізде суға кетіп қала жаздаған. Бақытына қарай, оны Элис Блейз атты әйел құтқарып қалған. Ал Роджер 12 жасқа келгенде дәл осы жерде теңіз жағасында шомылып жүріп, суға кеткен бір ер кісіні жағаға алып шыққан. Ал білісе келгенде, ол ер адам баяғы өзін құтқарған әйелдің күйеуі болып шыққан көрінеді. 
Жалпы, адам баласының жақ­сы нәрсені ғана ойлау қажет еке­нін мына бір мысалдан-ақ аң­ғаруға болар. Италияның белгілі кино актері Марчелло Мас­тро­ян­ни «Мен бақытты болған үй, ол да отқа оранды» деген әнді жиі айтады екен. Енді танымал ән болған соң, әуенін салатын шы­ғар. Бірақ осы ән оған бақыт сый­лай қойған жоқ. Күндердің бір күнінде Марчелло осы әуенді дос­тарының алдында дастарқан үс­тінде айтып отырған сәтте, оның екі қабатты  саяжайы жанып кеткен екен. 

Әлемнің әр бұрышында түрлі қызықты оқиғалар орын алып жатады.Айналаңызға қарайлаңыз,мүмкін сіз де бір қызықты оқиғаның куәгері боларсыз!



Бөлісу: