Талай қызық оқиға...
блог
Адамзат тарихында неше түрлі таңқаларлық оқиғалар орын алған. Оның бірі кездейсоқ кейбір оқиғаларда ұқсастықтар бар.
Бірақ күнделікті тұрмыста жиі кездесетіндіктен оған адам баласы мән бермеуі де мүмкін. Десек те, кейбір оқиғаларда еліктеушілік те орын алатынын жасыруға болмайды.
Мысалы, Қытай тұрғыны Ван Лэйдің Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ынмен ұқсастығы бар. Ол бет-әлпетіне пластикалық ота жасатып, жұртшылықтың алдына шықты. Ван Лэймен Ким Чен Ынды енді тіпті айыра алмайсыз. Бет-әлпетті өзгерткенмен, диктатор Ким Чен Ындай болу қайда?! Қытай тұрғыны бұл әрекетке саналы түрде барды. Бірақ адамзат тарихына көз салсақ, мұндай ұқсастықтар көп. Әрине, «болмасаң да ұқсап бағу үшін» кейде ақылға сыймайтын санасыз әрекетке барудың қажеті шамалы. Алайда тарихта сәйкестіктер қайталана береді. Тіпті бұл таңғаларлық оқиға да болуы мүмкін. Мысалға жүгінсек, мән беретін жайттар жетерлік.
Айдың бетіне адамзаттың табаны тиген кезде орын алған оқиғаны қазір жұртшылық ұмытып қалды. Америкалық ғарышкер Нейл Армстронг Айдың бетіне аяқ басқанда, алғашқы қолданған сөзі «Сізге табыс тілеймін, мистер Горски!» болыпты. Неге? Мұның қандай себебі бар. Сөйтсек, Армстронг тұрған үйдің ауласындағы көрші әйел күйеуіне ылғи «Әлі- ақ көресің, көршінің баласы келешекте Айға ұшады, ал сен осы күнге дейін әйеліңе де дұрыстап бір құрмет көрсетпеген еркексің!» деп ұрсатын көрінеді. Енді жүзеге асқан оқиғаны қараңыз, үнемі ұрыс-керіс болып тұратын көршілердің отбасылық фамилиясы Горски екен. Армстронгтың Айға табаны тиген сәттегі қолданған алғашқы сөзі арманның орындалғаны болар. Бірақ көршінің сөзі кездейсоқтық па? Бірақ бұл сәйкестіктің таңғаларлық болғанын жасыруға болмайды.
Жақында шетелдік БАҚ Италияның қала сыртындағы даңғылында екі көліктің жол апатына ұшырағанын жапатармағай жазды. Бақытына қарай, екі жүргізуші де жарақаттанбаған. Көліктен түскен жүргізушілер таныса келгенде, екеуінің де фамилиясы Джакомо Феличе болып шыққан. Бұл есім итальян тілінен аударғанда «бақыттылар» деген ұғымды білдіреді екен.
Тарихқа көз салсаң, таңғаларлық керемет оқиғалардың жиі қайталанып тұратынына көз жеткізесің. Өткен ғасырдың отызыншы жылдары Детройт қаласының тұрғыны Джозеф Фиглок көшеде көпқабатты үйлердің тұсынан өтіп бара жатады. Кенет төбеден... Джозефтің басына бір жасар бала құлап түседі. Екеуі де жеңіл жарақат алады. Сөйтсе, шешесі терезені жабуды ұмыт қалдырып кеткен көрінеді, сәбилік құмарлық қойсын ба, «терезенің жақтауына» шығамын деп жерге құлап түскен. Оны Джозефтің басы аман алып қалған. Бір жыл өткеннен кейін тағы бір таңғаларлық оқиға орын алады. Джозеф Фиглок тағы көшеде әлгі үйдің жанынан өтіп бара жатқан кезде, баяғы бала тағы оның басына құлап түсіп, аман қалады. Бұл не, кездейсоқтық па? Ең бір қуанарлығы, екі рет қайталанған бұл сәйкестіктен ешкім де зардап шеккен жоқ. «Періштесі қаққан бала» әйтеуір аман. Бірақ өмір болған соң, ұқсас оқиғалар орын ала беретіні рас. 1966 жылы төрт жасар бала Роджер Лозьер Американың Салем қаласының маңайындағы теңізде суға кетіп қала жаздаған. Бақытына қарай, оны Элис Блейз атты әйел құтқарып қалған. Ал Роджер 12 жасқа келгенде дәл осы жерде теңіз жағасында шомылып жүріп, суға кеткен бір ер кісіні жағаға алып шыққан. Ал білісе келгенде, ол ер адам баяғы өзін құтқарған әйелдің күйеуі болып шыққан көрінеді.
Жалпы, адам баласының жақсы нәрсені ғана ойлау қажет екенін мына бір мысалдан-ақ аңғаруға болар. Италияның белгілі кино актері Марчелло Мастроянни «Мен бақытты болған үй, ол да отқа оранды» деген әнді жиі айтады екен. Енді танымал ән болған соң, әуенін салатын шығар. Бірақ осы ән оған бақыт сыйлай қойған жоқ. Күндердің бір күнінде Марчелло осы әуенді достарының алдында дастарқан үстінде айтып отырған сәтте, оның екі қабатты саяжайы жанып кеткен екен.
Әлемнің әр бұрышында түрлі қызықты оқиғалар орын алып жатады.Айналаңызға қарайлаңыз,мүмкін сіз де бір қызықты оқиғаның куәгері боларсыз!