Бүгінгі кейіпкерімізді бірер сөзбен таныстырып өту аздық ететіні анық. Себебі, оның бойында үйлесім тапқан талант пен талғам, өнер әлеміне деген шексіз махаббаты кімді де болсын таң қалдыратыны рас. Өнегелі отбасында тәрбиеленіп келе жатқан Маратова Румия Арманқызы небәрі тоғыз жасында ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерді бағындырып үлгерді. Өз қатарластарының алды бола білген Румияның қол жеткізген белестері тоғыз жастағы бала үшін үлкен нәтиже, мақтан тұтарлық игі іс. Сұқбат барысында анасы Бигалиева Баян Асқарқызы Румияның түрлі байқауларда қоржынына салған марапаттары мен басылым беттерінде жарық көрген сұқбаттарын көрсетіп, өнер дейтін шексіз әлемге үлкен мақсаттармен қанат қаққан қызының жарқын жеңістерімен бөлісті. Иә, кез-келген ата-ана үшін баласының жетістігіне куә болу-нағыз қуаныш!
Румия МАРАТОВА
Республикалық, Халықаралық
байқаулардың жеңімпазы
Румия Маратова-жастайынан өнер мен білімге жаны құмар дарынды қыз. Румияның басқа балалардан ерекшелігі-бір емес бірнеше бағытты қатар алып жүруінде. Эстрадалық вокал жанрынан бөлек көркем сөз, хореография және сурет салумен айналысады. Сондай-ақ, Румия Халықаралық ментальды арифметика мектебінің бірінші, екінші деңгейін аяқтады.
-Мен Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласында дүниеге келдім. Қазіргі уақытта №42 « Ақниет» гимназиясында 4-сыныпқа көштім. Әкем Бигалиев Арман Маратұлы Орал қаласы мәслихатының депутаты және «Ағайын» қазақ этно қауымдастығының төрағасы. «Халықтық Бигалиевтер ансамблінің» мүшесімін,-дейді кішкентай Румия.
Румия Орал қаласындағы «Жастар» мәдениет үйі МКҚК, «Ақ кеме» эстрадалық студиясында өнерін жетілдіруде. Үнемі ізденіс үстінде жүретін Румиядан ең алғашқы жеткен жетістіктері жөнінде сұраған болатынбыз. Осы сәтте ол ақындардың өлеңін нақышына келтіріп оқыған бірнеше бейнероликтерін көрсетті. Көркем сөздің шебері, әсем дауыстың иесі, ұзын сөздің қысқасы он саусағынан өнер тамған Румия әрбір қатысқан байқауында жүлдесіз қайтпайды екен. Байқаулардан алған марапаттары жөнінде жіпке тізгендей баяндап берді:
-Отбасымызбен Республикалық «Мерейлі отбасы – 2016» байқауының лауреаты атандық. Балабақша табалдырығындағы алғашқы жеңісім ол-«Өнерлі отбасы» байқауы болатын. Сонымен қатар, «Нежность» студиясында жалпы хореаграфия бойынша бір курсты тәмәмдадым. «Атадан-мұра» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен бүлдіршіндер мен мектеп оқушылары арасында ұйымдастырылған Республикалық "Дарабоз" өнер және білім байқауында " Бейнебаян" жанры бойынша бірінші орын иелендім. ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті М. Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының қолдауымен «Үркер» шығармашылықты дамыту орталығының ұйымдастыруымен Алматы қаласында " Рухани жаңғыру " бағдарламасы аясында «Ұлы дала дарыны» Республикалық телевизялық жобасына қатысып «эстрадалық вокал» жанры бойынша бас жүлде иелендім. "Қос қыран" білім мен шығармашылықты дамыту орталығы мен Республикалық "Спорт жұлдыздары " журналының ұйымдастыруымен "Бейбіт күн жасасын әлемде" атты Республикалық өнер және шығармашылық байқауынан, «эстрадалық вокал» жанры бойынша бас жүлдені қанжығама байладым. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының кандидаты, әнші, ұстаз Сәуле Жанпейісованың жетекшілігімен ашылған «Аманат өнер орталығы» «AMANAT musiс» ІІ Халықаралық конкурс-фестивалі өткізілген болатын. Осы байқауда І орын иеленіп, Сәуле Жанпейсова апасының қолынан Алматы қаласына жолдама алдым.
Сондай-ақ, Нұр-Сұлтан қаласында "Алаш" өнер орталығының ұйымдастыруымен өткен онлайн Республикалық конкурста үздік өнер көрсетіп бас жүлде иелендім. Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына арналған онлайн байқауда Алтын жүлдемен марапатталып лауреат атандым. "Жас Жұлдыз" Республикалық балалар мен жасөспірімдер арасындағы өнер байқауында көркем сөз жанры бойынша бас жүлдені алып қайттым. Одан өзге де біршама байқауларда жүлдесіз қайтпадым.
Байқау болған соң кез келген уақытта жеңіліс пен жеңіс, сәтсіздік пен сәттілік қатар жүретіні анық. Байқаудан орын алмай қалған сәттерде қандай шешім қабылдайтыны, нені өзгерткісі келетіні жөнінде сауал қойдық. Румия бұл сұрағымызға еш қиындықсыз бір-екі ауыз сөзбен сенімді жауап қайтарды:
-Мен әр байқауға қатысқанда өзімді сенімді ұстаймын. Ешнәрседен қорықпаймын. Байқауда жеңетініме сенімді боламын!-дейді жас талант.
Румия қандай жағдай болмасын қолда бар мүмкіндікті жібермей, кез келген уақытта өз-өзіңе сенімді түрде қарау қажет екендігін жөн деп санайды. Димаш ағасының әндерін сүйіп тыңдайтын Румия хоббиі мен арман-мақсаттары туралы айтып берді:
-Бос уақытымда ән айтамын, сабағымды оқимын. Өзімнен кіші бауырларыма қараймын. Мен өскенде елші боламын. Себебі, мен Парижге баруды қатты армандаймын. Әкем секілді адамдарға көмектесіп, жақсылық жасағым келеді. Маған Димаш Құдайбергеннің әндері ұнайды. Өскенде шет елге барып, Димаш ағамның әндерін орындағым келеді. Әсіресе, «Опера-2» әнін әлемдік деңгейдегі үлкен сахналарда орындасам деген үлкен арманым бар.
Румия сұқбат соңында «Ұланның» оқырмандарына ақ тілегін арнады.
Кіп-кішкентай жүректен шыққан жылы лебізі құдды бір үлкен жастағы кісінің сөзі ме дерсің?! Барлық балаларды ата-анасының айтқанын тыңдауға шақырған Румияның жанашырлығы мен парасаттылығы бізді де тәнті етті.
-Бақытты болыңыздар, аман болыңыздар! Ата-аналарыңыз бақытты болсын. Карантин тезірек кетсе екен. Балалардың барлық армандары орындалсын. Бәрі жақсы болсын, аман болайық!
P.S (Румияның көзінен жарқын болашақты көре аласыз. Кейде өрімдей ғана жас қыздың бойына мұндай асқан талант қалай сыя қалды деп таң қаласың. Румия секілді өнерлі балапандарымыз көп болса, мәдениетіміз сапалы түрде өркендейтіні анық...)
Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,
«Ұланның» жас тілшісі.