Таңертең жұмысқа келе жатқан бетім болатын. Бүгінгі күнгі жоспарларымды жүзеге асыратын уақыттарымды есептеп келемін. Тау бауырындағы таңғы КазГУ-дың ауасы да керемет қой. Тынысыңды ашады. Қалашықтың қантамырындай созылып жатқан көшесімен Әл-Фараби даңғылына өрлеп келе жатқан бетім болатын. Кенет тосыннан қарсы алдымда келе жатқан бір кісі:
- Балам КазГУ қайда? Айтып жібересің бе? – деді. (Қасында қызы бар. Оқуға түскен шығар шамасы)
Мен де өз ойыммен арпалысып келе жатып, сұрақ қойған кісіге ректорат ғимаратын нұсқап жібердім.
- Мынау тұр ғой. (Қолыммен ректоратты нұсқап) Осы жол тура апарады – дедім.
Аялдамаға жеткен соң барып өз жауабыма күлкім келді. КазГУ-дың қалашығында жүріп ректоратты нұсқап жіберіппін. Қай жері керек сізге?Осының барлығы КазГУ қалашығы деп аталады деп неге айтпадым деп өзімді бір сәт жазғырып та алдым.
Ия осыдан тура 4 жыл алдын біз де қалашықта жүріп КазГУ-дың қайда екенін іздегенбіз. Бәлкім сіз де сонда оқысаңыз бірінші келгенде іздеген боларсыз... Уақыт-тамшы өз дегенін жасайды екен. Әні-міне дегенше балмұздақ шақтарды да, «перваштарды» қарсы алған сәттерді де артта қалдырыппыз. Осылай біздің де студенттік шақтар басталған... Жалғасып жатыр...
Студенттік шақ - әр адаманың өмірінде айрықша орына алатын кезең емес пе? Үйден жырақта жүріп, өмірді тануға, өзіңді танытуға арналған уақыт. Өмірдің жаңа кезеңіне қадам басқан жастар тек білім алуға емес, ақ пен қараны ажырата білуге үйренеді. Студенттік шақ дегенде қызығы мен шыжығы мол – лекция тыңдап отырған уақыт, жатақханада бір жапырақ нанды бөліп жеген достар, таңнан таңға жалғасқан кештер, «махаббат қызық мол жылдар», университет қабырғасындағы бірінші бақылау-тесттер, дипломдық, курстық жұмыстар, тағысын тағы көптеген қызықты сәттері бар. Мұндай қызықты шақты бастан өткеру - үлкен бақыт. Ал осы үлкен бақыт маңдайына бұйырып отырған биылғы барлық бірінші курс студенттерін осындай бақытты шақтарының таңының арайлап атуымен құттықтаймын! Тау – биік, талаптарың таудан да биік болсын!