Талантсыздың таланты...
блог
МҰСТАПА
Қыз мезгілі. Мұстапа ауырып жатыр. Тамағына салқын тиген. Күн де суық, үй де жылитын емес. Тек қана анасы тамағын пісіретін ас бөлмесі ғана жылырақ.
–Ана! – деп, төсегінен тұрып, ас бөлмесіндегі анасының жанына барды.
–Құлыншағым-ау, қарның ашпады ма? – деп, анасы Мұстапаны құшақтап, маңдайынан сүйді.
Анасы бауырсақ пісірген екен. Ауылдағы ата-әжесінен әкесі әкелген айранды кесеге құйып, Мұстапаға берді.
–Ана, мен енді тентек болмаймын, – деп, Мұстапа жөтеле бастады.
–Тентегім менің! – деп, анасы оны құшақтады.
–Ана, Отан демек не демек? – деп, Мұстапа анасына қызық сұрақ қойды.
Мұстапа бұл сөзді үлкендерден естіген болатын. Төрт жасқа толса да, бұл сұрақтың жауабы оған маңызды.
Анасы:
–Отан демек – туған жерің, туған халқың, туған тілің.
Мұстапа жөтелсе де, оған анасының жауабы қызық. Анасы оны құшақтап, маңдайынан сүйіп, жауабын жалғастырды:
–Қазақстанның барлық жері: бүкіл ауыл-аудан, қалалары – туған жерің. Осы туған жеріңдегі күллі қазақ жұрты, тіпті, бүкіл әлемдегі қазақ ұлты – сенің туған халқың. Туған тілің – осы біз сөйлесетін қазақ тілі. Сенің ата-бабаларың да, сен жақсы көретін Алпамыс батыр да осы тілде сөйлеген.
Мұстапа анасының жауабына күлімсіреп, оның бетінен сүйді.
ТУҒАН КҮН
Сәлем, балақай! Бүгін Мұстапаның туған күні. Ол әке-шешесімен бірге ауылға кеше келді.
Мұстапаның атасы қой сойды. Балақай, қойдың етін жеп көрдің бе?
Мұстапаның әжесі далада ошаққа бауырсақ пісіріп жатыр. Дала деген керемет емес пе! Таза ауа, жасыл ағаштар, көк шөп. Мұндай бауырсақтың дәмі де басқаша болады. Оны тек қана ауылда пісіреді. Балақай, ауылға келсеңші!
Мұстапаның туған күніне нағашылары, бөлелері, басқа да туыстары келіп жатыр. Өте көп. Қаладағы үй кішкентай ғой, солай емес пе, балақай?
Олар Мұстапаға неше түрлі сыйлықтар әкелді.
Мұстапаның әкесі атқа мінді. Мұстапаны да мінгізді. Балақай, сен атқа мініп көрдің бе? Батырлардың барлығы да атқа мінген. Олар елді қорғаған, жерді қорғаған. Сен де батыр болғың келсе, атқа мін. Атқа міңгің келсе, ауылға кел, балақай!
Мінеки, қойдың еті де пісті. Барлығы далада киіздің үстінде отыр. Бәрі де Мұстапаны құттықтап, тілектерін айтып жатыр. Мұстапа болса өте мәз.
Балақай, ауылға келсең, туған күнің қызықты өтеді. Балақай!..