Көңілі шат, өмірі бал, қыз-қырқынға қырындап жүрген Марғұланның сезім додасындағы алғашқы жеңілісі.
Бүгінге дейін жеңіліп көрмеген, қолына қонған құсты не жылатып, не жұбатып тынатын еді, сылқым көрсе қалт жібермей, сұлу көрсе өлеңмен өрнектеп, қысқасы тілін табатын бұл жігіттің дәл осы жолы амалы таусылды. Жеңімпаз үшін жеңіліп көру деген қасірет қой. Әсіресе өзіне тым сенімді болса...
Құйырықты жұлдыздай «жарқ» ете түскен аруға тілсіз байланып, жанарында қалып қойған жарық ұшқындарының көз қарытар сәулесінен енді арыла беріп, сұлудың өзіне енді қол соза берген кезде, еліктің лағындай еркелеп, мойын бұрып қана орманға сүңгіп кетіп жоқ болғаны несі. Ақылдың аяқ-қолын байлап, жүректің еркіндігіне ерік беріп едім, үлгермеді.
Бірінші рет, адамды сырттай көріп жақсы көруді, алғашы рет қолың жетпейтін сезімді аңсауды бастан кешіп, мең-зең күйде жүрмін. Тірліктің заңына бағынбай, бәрінің тас-талқанын шығарып күрескің-ақ келеді. Бірақ амал не, менің жүрегіме топ ете түсе ме деп жүрген аңғал ару, бәз біреудің жүрек сарайында сурет салып отыр. Ең қызығы салып отырған суреттің ішіндегі әрбір бояу, қыл қалам түртіп өткен жолдар тап мен іздеген армандар мен мақсаттардың мекені секілді. Шынымен-ақ, осынша кешігіп қалғаным ба?! Сәл ғана жетпей қалған сағаттардың тілін сындырып, артқа қайтарып жіберсем, Құдай ренжитін шығар... Қайтейін!
Арамызда тек қана риясыз диалог бар. Бірақ оның жазған әрбір әріптері еркелікке толы күйінде маған жетсе, менің жазып отырған әрбір сөзімнің бойында жанып тұрған жалын мен ыстық сезім бар. Оны сезініп тұрған тек қана осы бір сәттер...
О, Ұлы Гэтсби!
Сені көргенде, сені оқыған кезде мұндай да сезім, махаббат, толғаныс болатынын анық көре де, сезіне де алмап едім. Ал енді ше? Сенің күйіңді кешіп, сен болып көл бетінде жарық жақпасам да, күнде кеш ұйымдастырып оны күтпесем де, қайта бір көруге асығып жүрмін. Екеуіміздің айырмамыз, Гэтсби, сен сүйген арудың жүзін көрсетпей бөліп тұрған теңіз болса, менікін бөліп тұрған дала... Білесің бе, мен нені сезіндім, жүрек ішінде жасырып жатқан сезімнің қылы сол жазық даланың, құмның бетіне өскен жалғыз ла-ла гүлінің шырын толы қауызына байланып қалды. Арадағы тау да, жоталар да бұл қылды үзе алған жоқ. Дәл қазір Алатаудың төсінде тұрып, сол қылдың «дір» еткенін күтіп жатырмын.
Әлде тартып кетсем бе екен...