Тақырбас ханшайым
блог
Ол кезде бірінші сыныпта оқимын.Жаттау дегенді жек көремін. Әлі күнге дейін солай. Бір күні бастауыш сыныптар арасында арулар сайысын өткізетін болды.Күні ертең деген күні кешкісін сынып жетекшім жоғары сыныпта оқитын оқушы қыздары Ұлшат пен туыс әпкем Кәриманы жауапты етіп сайлап, мені дайындауға тапсырма беріпті. Аяқ астынан ұзын-сонар таныстыруды жаттауым керек.Бағым ба, сорым ба сыныпта сол уақытта басқалары әріпті әріпке қосып, ежіктеп жүргенде кітаптағы мәтінді жүргізіп оқитын мен ғана едім.Оның үстіне шашым да ұзын, тіп-тік,сусылдақ болатын.Әпкем дайындайтын болып біздің үйге қонатын болды.Бар ойым ұзын-сонар таныстыруды қалайда жаттамау.Содан қатыспаймын деп қыңқылдай бастадым.Мені тыңдайтын жан бар ма ? Мамама айтқанмен пайда жоқ. Ммм... Енді қайтсем екен? Ендігі үміт көкемде. (Әкемізді "көке" дейтінбіз.) Содан көкеме барып арыздандым.
Көкем:
- Анық қатысқың келмей ме?
-Иә
-Онда шашыңды барып жібіт!
Жүгіріп барып шашымды сулап келіп, көкемнің алдына барып отыра қалдым. Ұзын шаштарым желп-желп етіп жерге түсіп жатты. Мамамның жаны шығып жүр шыр-пыр болып.Мен мәзбін әйтеуір. Бәрі бәткен соң айна алдына барып қарадым. Ар жағынан жалтыр бас біреу маған қарап тұр.Миығынан күліп қояды өзі.
Таң атты. Бәрі жұмысқа кетті. Үйде жалғыз қалдым. Уақыт деген өтсейші! Тоқтап қалғандай. Сағатқа қарап секундт санап кеттім. Мектептегі жағдайды білгім кеп өліп барам. Жаңалықтың жаршысы болып ақыры тете ағам келді.
-Не болды? Не болды? Біздің сыныптан кім қатысты? Нешінші орын алдық?
-Өйй, сендердің Сәулелерің жаттамақ түгілі өлеңді дұрыстап оқып бере алған да жоқ. Еееең соңғы орын сендердікі-деп қарқылдай күліп мазақ етті. Ести сала қаным басыма теуіп, айнаның алдына жетіп бардым. "Қап! Мен болғанда ғой!". Бұл жолы қарсы алдымдағы жалтырбас біреу жұдырығын түйіп, кіжінеп тұр. Намысы енді оянғанындай...
PS: Кейін екі аптадай ақымақтығымның кесірінен сабаққа бармадым. Ақ орамал тағып сабаққа баруға тура келді. Басыма таққан орамал алынбай жабысып қалушы еді ошаған секілді. ))