Досымның, жоқ, шын досымның әңгімесі...
9 мамырда ылғи да 28 Панфилов паркіне барып, ескерткіш түбіне құрмет-гүлін қоятынбыз. Достар болып, ылғи да осында уақыт өткізетінбіз. Талай әңгімелер айтылып, талай сағаттар құрбан болды-ау. Дәл осы дәстүрмен жылдағыдай жиналамыз дедік. «Иә-иә!» дестік. Мереке күніне асығып барсам, ешкім жоқ. Соңынан біртіндеп келе бастаған достарымның арасында біреу жоқ. Бастысы жоқ. «Жандос қайда?». «Е, ол көлікке отырып еді, жоқ болып жүр ғой арамызда...». Расында, өкпелестік. Бізді емес, азайып бара жатқан ардагер ақсақалдарымызды сыйласа болады ғой. Қалта телефонына хабарлассақ, «рөлдемін» дейді де, үзе салады. Жарайды дестік. Ертесі күні именшектеп, алдымызда Жандос тұр. «Құлақ сенде! Сайра!». Даусымызда кекесін бар...
- Кешіріп қойыңдар... Біздің үйдің телефон номері бәле болды! 3 555 555! Ал такси шақырту қызметінің номері 2 555 555! Соңғы жарты жылда қаншама мас адам телефон соғып «Такси?!» деп зығырданымды шығарғанын білмеймін. Кейінгі кезде тіпті қатты-қатты кетіп жүрдім. Айғайымнан құлақ тұндырғандар тұтқаны қоя салатын болды. Қазақтелекомға хабарласып, талай арыз да жаздым, шағымдандым. Болмай-ақ қойды...
Осы күнге дейін солай, телефон соққан өңшең көксоққандармен алысып келдім ғой. Бірақ кеше, сендерге қарай шыққалы отырғанымда тағы бірде телефон шырылдай қалды. Алдым. « - Такси ме, жеңіс күні құтты болсын...». Айғайым іштен тынды. «Сендерде ардагерлерге мейрамға байланысты жеңілдіктер жоқ па, білейін деп...» Даусы ширақтау, бірақ ақсақал екенін бірден білдім. « - Бар, ата! Әрине, жеңілдіктер бар! Қайдасыз? Қайда апару керек еді?». Келісілген жерге келіп тұрмын. Екі әйел қолтықтап, қолында таяғы бар ақсақалды алып келеді екен. Дем жетпегеннен, аузын ашып, маған қарай аяңдады. Ардагер бірді-екілі сөзін жұтып қойып, әңгімесін айта бастады. «Мәңгілік алау алдына баруым керек. Міндетті түрде. Онда ескі досым болуы керек. Біз сол, бір майданда шайқасқанбыз. Әр жылы осы алаудың алдында кездесуші едік. 50 жыл болды солай...». Ара-тұра такси жеңілдігі қанша екенін сұрап қояды. «Қам жемеңіз, бәрі де жақсы» деймін. Ентігіп фонтан алдына келіп тұрмыз. Ел шулап, арлы-берлі асығып жүр. Қолдарында құшақ гүл. Ардагердің ескі досы көрінбейді...
Нәрегейленіп қалған саусақтарымен ұялы телефонын әрі ұстап, бері ұстап, әйтеуір құлағына қарай апарды. «Алмайды!» деді. Даусында аз-кем діріл байқалды. Содан қалтасынан орамалын суырып, түйінін еше бастады. «Балам, саған қанша берейін? Уақытыңды алдым ба?». «Жоқ!» деймін. «Ақша жағын уайымдамаңызшы... Сізді қайда, үйіңізге қайта апарайын ба?» Осында ардагер жөтеле бастады. Көзі қызарып, орамалымен аузын басты. «Біліп едім... Осы күнге жете алмады-ау, қайран досым... Телефонын көтермейді. Енді мен қайтем...». Жылап тұр екен!
Көпшілік ардагерді ескі әндер мен өткен күндері еске түскен соң көңілі босады деді ме, қолына гүл ұстатып, құттықтап, кете барды. Жүзіне қарап, мен де шыдай алмадым. Өңешімде өксік тіреліп, біраз тұрған соң бар күшімді жинадым да «Бекем болыңыз! Кеттік! Досыңызға! Үйі қайда?!» дедім. «Қалқаманда» деді атай сұраулы жүзбен. «Қарқаралыға болса да барамыз!».
Келдік. Жүре беріп, көре беріп, әйтеу дегенде үйді тауып алдық. Айғайладық, есігін ұрдық. Ешкім ашпайды. Көрші үйдегілер шығып, шалды көрмегенін айтты. Үй ауласы тар көрінді. Ақсақалды кең далаға, ауа жұтсын деп, алып шықтым.
Артымыздан есіктің ашылған даусы естілді.
- Тоқа, қайда барасың? Келгеніңді білдім, бірақ төсектен тұрамын дегенде аяғым ұйып, отырып қалдым. Алауға бара алмадым, айып етпе, телефонымды жарғақ басым қайда екенін таба алсам ше...
- Мен сені саябақта күттім ғой, Алло-о-ой... Ой деген қандай жүйрік, ә...
Ақсақалдар қауқылдасып, емен-жарқын құшақтасып жатты. Шырылдап жатқан телефоны кір киімдер салынған ыдыстың арасында екен. Оны тауып, үй егесінің қолына ұстатып жатсам, ол келген досының ақысын беріп жатыр екен. Осы жерде мойындауыма тура келді. «Ешқандай да, такси емеспін. Осындай да, осындай...». Қауқылдасып, күлген олар бар ықылас-мейірімімен батасын берді.
Жандос бәрімізге қарап, ыржиды да, «Енді маған өкпелеп көріңдер!» деді күліп.
- Әйтеуір, тегін қайтпапсың ғой!-деді біздің арамызда бір дауыс. Ал кеп күлейік! Әй, жан досым-ай!