"Тақиялы періште "
блог
Үлкен кісілер маған үйірсек әйтеуір. Әлде жүзім жылы болғасын ба?
Әңгімені әріден бастайын.
Жақында Оралға жол тарттым. Пойыз ішінде сол баяғы күңгірт атмосфера.
Көршілерім - үш әжей мен үш атай. Қасында уыздай жас жаңа түсірілген келіні мен баласы бар. Оралдық келіннің жұртына аттанып бара жатқан жайлары екен. Мен орнымды тауып отыра бергеннен-ақ, әрбір қимылымды көз қиықтарымен бақылады да отырды.
Әсіресе, біреуі - шашына ақ кірген кейуана меннен көз алар емес. Басында мән бермегенсідім, кейін кәдімгідей ыңғайсыздандым, одан кейін тұрдым-тұрдым да, өзіне бажырайып бір қарадым. Көзін тайқып әкетпеді. Төменшектемеді де. Суалған жанар осынша өткір болар ма еді?!
Жарты сағаттай өткен соң, жөнімді қазбалап сұрай бастады. Ағымнан ақтарылмасам да, барынша шынайы жауап беріп отырдым.
Кешке қарай әлгі кейуана тамағын жөткірініп сөз бастады.
-Ал, қарғам, бізді Құдай бекерден -бекер жолықтырмаған екен. Өзің де пісіп тұр екенсің. Менің жалғыз немерем қызмет қуып жүріп қалды. Қазір білдей бір бастық. Сені сыртыңнан сынай отырып, жалғызыма лайық деп отырмын. Өзіміз де ат сабылтып, батысқа барамыз. Бір жұмысты екі қылмай, саған да осы сапарда сырға салып еншілеп кетсек пе дейміз...
Қасындағы қауқылдасқан кемпір-шал бастарын шұлғысып, кейуананың сөзін қостады.
-Марқұм Айнашқа қатты ұқсайды екен,-деп кемсеңдеді тағы бір әжей.
Ләм демедім. Ескі заманның қалдығы әлі де бар екен ғой. Кенеттен күлкі қысты. Өздері үшін қадірлі адамға теңеп отырғанда, айғайлап күліп қоймасам жарар еді.
Не керек, үш күн бойы солардың қамқорлығына бөленіп бардым. Ұйқыдан тұрсаң, тамағың дайын. Әрі абыр-сабырдан жол да қысқарды.
Ақыры, олар Оралға жақын қалашықтан түсіп қалатын болды.
Шырт ұйқыда жатсам, бетімді әлдене қыттықтайды келіп. Өң мен түстің арасында атып тұрдым. Мәссаған, әлгі шешей мені бас салып, шөпілдетіп сүйіп жатыр. Есімді жиғанымша, "Ал, айналайын, аман бол" деді де, жүктерін жиып, пойыздан түсіп кетті...
Әженің талпынысы "Тақиялы періштенің" сюжетімен аяқталса екен деген тілекпен қала бердім...