Тәжірибем: ISO, выдержка және диафрагма

Әрқайсымыз да фотоаппараттың қалай жұмыс істейтінін ойлап та көрмей, одан керемет естелік фотолар күткеніміз анық қой. Сөйтіп те келдік. Бірақ сапалы әрі әдемі сурет тууы үшін фотографияның негіздерін білуіміз шарт. Блогымда осы негіздер жайлы әңгіме айтпақпын.

Иә, бәріміз де фотограф бола алмаймыз. Бірақ бірге бірді қоса алатын әрбір адам оның қарапайым заңдылықтарын білуі орынды саналады (меніңше). Соның негізгісі кадр экспозициясы. Яғни ұсталым (выдержка), диафрагма және сезімталдық (чувствительность) дегендердің не екенін өз түсінгенім бойынша жазайын. Осы аталған үш негіз жақсы кадр түсіруге мүмкіндік беретін экспозиция.

Енді ұсталым мен диафрагманы «мынау» деп қолмен ұстап, көзбен көрсете сала алмайтынымыз анық. Сол үшін жалпы түсініктен бастайық. Әрбір «шарт» етіп түсіре салатын кадрымыз үшін белгілі бір мөлшерде жарық керек. Осы жарықтың уақытын, мөлшерін, сезімталдығын қадағалайтын үш «қызметкер» бар. Ескерте кетейін, сезімталдықты біз ұсталым мен диафрагманы өзгертуге мүмкіндігіміз болмаған жағдайда ғана қолданамыз. Әлгі үш «қызметкеріміздің» екеуі – ұсталым мен диафрагма матрицаға жарықты тек қадағалап жіберіп отырмайды, сонымен қатар олар түсірілетін суреттің композициясына да әсер ете алатын құралдар. Түсінгенім бойынша, тәжірибелі фотограф бұл үшеуін интуитивті түрде қолдана береді. Бірақ мұндай деңгейге жету үшін біз секілді жаңадан бастаушыларға әрбір жағдайдағы ережелерді жаттау маңызды.

Сонымен, диафрагма дегеніміз не?

Диафрагма (diaphragma) – грек тілінен аударғанда «қалқа» деген мағынаны береді. Бұл бөлшек обьективте орналасқан элемент. Оның негізгі қызметі матрицаға (немесе ескі фотоаппараттар болса пленкаға) қанша мөлшерде жарық өткізу керектігін қадағалайды. Фотоөнер бірлестігінің төрағасы Асылхан ағаның мысалын осы жерде келтірсем, түсінуге ыңғайлы болар. Диафрагма – бұл үйімізде болатын кәдуілгі терезе. Оның үлкен-кішілігіне байланысты ішке сәйкес мөлшерде жарық түседі. Яғни терезе кең болса үй іші жарық болады да, терезе кіші болса, үй іші сәйкесінше қараңғылау болады.

Диафрагма f/2.8 немесе f:2.8 болып таңбаланады. Ол обьективке жарықтың түсетін жерінен фокус ара-қашықтығына дейінгі аралықты білдіреді. Бірақ мұнда бір жаттап алатын дүние бар: диафрагманың көрсеткіш саны қаншалықты аз болса, ол соншалықты ашық болады деген сөз. Барынша ашық қойылған диафрагма кішкентай ГРИП береді. ГРИП – (глубина резкости изображаемого пространства) бейнедегі кеңістіктің ашықтық тереңдігі (аудармам дұрыс емес, бірақ егер тікелей аударсақ осылай болып шығады). Кішкентай ГРИП түсіріп жатқан обьектіңіздің фондағы заттардан ерекше анық болып тұрады, артқы фон бұлдыр болып көрінеді.

Ал үлкен ГРИП көбінде барлық обьектіні анық көрсететін суреттерді түсіруге мүмкіндік береді. Мәселен, диафрагмалық көрсеткішті сегіз немесе одан да жоғары қойсаңыз суреттегі әрбір обьектіні анық көресіз.

Ал ұсталым (выдержка) дегеніміз не?

Ұсталым (выдержка) – матрицаға жарықтың қанша уақыт бойы түсетінін қадағалайтын «қызметкер». 

Мұнда да Асылхан ағаның терезе жайлы мысалымен түсіндірсек болады. Егер терезе пердесін ақырын ашып, ақырын жапсақ, үйге жарық көп түсіп тұрады. Ал егер шапшаң ашып-жаба қойсақ үй ішіне жарық аз түседі. Осы құбылыс – выдержка деп аталады.  

Ұсталым секунд және миллисекундпен есептеледі. Ол фотоаппарат дисплейінде 1/200 немесе 2” болып белгіленеді. Фотоаппаратты қолда ұстап тұрып түсіретін болсаңыз оның ұсталымын 1/300-ден асырмаңыз. Егер асырсаңыз қолыңыздың дірілінен кадр бұлыңғыр болып қалады. Ал штативпен түсіретін кезде асыруға мүмкіндік болады. Қысқасы, жаттап алыңыз: өте қысқа ұсталым жөңкіп бара жатқан көлікті анық түсіруге мүмкіндік береді де, ал ұзақ ұсталым статикалық обьекттерді түсуріге ыңғайлы.

ISO сезімталдығына келейік

Бұл – матрицаның жарыққа деген сезімталдығы. Мәселен, жағалауда күнге күйіп жатқан бір адам терісі ағзасына байланысты тез арада қызарып, ал екіншінікі көп уақыт бойы күнге күймей жата береді. Міне, әрбір адам сияқты, әрбір матрицаның да сезімталдығы әрқалай.  

Фотоаппаратыңыздың ISO деген көрсеткіші қаншалықты көп болса, кадр соншалықты жарық болып шығады. Бірақ жарық болғанымен, сапасы нашарлай түседі. Кәсіби фотографтар сондықтан да ең көп дегенде ISO көрсеткішін 800-ге қояды.

Приоритет дегенді "маңыздылық" немесе "жауапкершілік" десек қалай екен?

Жалпы әрбір сандық фотоаппаратта приоритет деген болады. Біз айтып өткен ұсталым мен диафрагманы әр жағдайда әрқалай пайдаланатындықтан оның біреуісін нақтылай белгілеп алып, екіншісін автоматты түрде түзеуге болатындай мүмкіндік беретін нәрсе – приоритет деп аталады. Мәселен, приоритетті диафрагмаға қойсаңыз камера автоматты түрде жарыққа сәйкестендіріп ұсталымды реттейді. Егер ұсталымға приоритет берсеңіз, тиісінше камера диафрагманы реттейді. 

А немесе Av - диафрагма приоритеті.  S немесе Tv - ұсталым приоритеті. 

Айтқым келгені осы еді. Егер қызық десеңіздер, әрбіріне арнайы тоқталып, мысалымен суретке түсіріп көрсетуге де болады. Әзірге өзім түсірген мына бір суреттерді ұсынғым келіп отыр.

     

Әр суретте үшінші нұсқалары дұрыс екенін білесіздер.

     

Выдержканы қате қолданғанда осындай қатты жарық түсіп кетеді.

     

Мұнда да үшінші нұсқа дұрыс екені анық. Суреттер кішкентай болып қалған екен. Әйтсе де, біз жарық туралы ғана айтқандықтан бұлардың өзі түсініп алуға жеткілікті деп ойладым. 



Бөлісу: