Әкем марқұм: «Ашу деген – еститін құлағы жоқ, көретін көзі жоқ, ойлайтын миы жоқ ессіз бір дүлей. Алды-артыңа қаратпай арандатып, орға жығуға асығады. Неге болса да сабыр сақта, сабырдың артында «ақыл» дейтін дана бар. Көңілді ашудың ырқына жеңгізбе, ақылға жүгін! «Ақылдың арты – сайран, ашудың арты – ойран» деген көне сөзді ұмытпай жүрсең, та-лай қателіктен аман өтесің», – деп құлағымызға құятын. Қазір менің жағдай-да сабыр-тағат сақтағаннан басқа лаж да жоқ, ұтымды жол да жоқ.
*** *** ***
...Кішкене кезімде Қорғасбек дейтін көрші ағайдың ұстаханасы бар еді. Сол кісінің қасына барып, әр қимылын қалт жібермей қарап отырғанды керемет ұнататынмын. Қорғасбек аға пішін-пошымсыз қара темірді қып-қызыл шоққа салатын да, әбден ысталған қара көрігін гүрсілдетіп, тоқтаусыз басар еді. Ұшқыны жан-жаққа шашырай жалын атқан оттың ортасында темір балқып қызатын. Сол кезде оны қысқышпен қысып әкеліп, төске қояды да, дәу балғамен соққылайды-ай келіп! Ұста өзіне керек затын сомдаған соң кеспектегі суға «быж-ж» еткізіп, тастап жіберетін. Сонда әлі пісіп-жетіле қоймаған шалабас бала болсам да, іске татитын, қажетке жарайтын бұйымның оңайшылықпен жасалмайтынын, әйтеуір, бір түйсікпен аңғаратынмын. Қазір ата тарапынан әртүрлі кедергілерге кезігіп, сүрінген сайын, маңдайым тасқа тиген сайын өзімді бір кесек қара темірдей көретінім бар. Отқа да түсіп, суға да тұншығып, төс пен балғаның арасында жаншылып дегендей, мүмкін бір кәдеге жарайтын шығармын. Кім білсін...
Зейнеп АХМЕТОВА, "Бабалар аманаты"
(аталмыш кітапты "Санат" баспасының дүкенінен алуға болады, хабарласыңыздар 87016520613)