*** -5 теңге берші, бала... 5 теңге берші, қыз... дайте, 5 тенге...
126-ыншы автобусқа мініп, «ақша жұтқыштан» билетімді ала бергенімде, орта жастағы, орташа бойлы, жұпыны киінген бір қазақ әйел «ақша жұтқыштың» жанына жақсылап орналасып алып, әрбір билет алған жолаушыдан 5 теңге сұрап тұрғанын байқадым. Ешкімді де қалдырмайды. Әр адамнан жасына сай сыпайыланып, орыстан орысша, қазақтан қазақша сұрап тұр. Қайыр тілеудің жаңа түрі ме? Орташа есептесем, автобус тоқтағанша, біраз «байып» қалатынға ұқсайды. Алматылықтардың жұмыссыз жағдайында табыс табудың жақсы тәсілі екен. Қайыр тілеудің кәсіпке айналғаны сонша, тіптен, кімнің расында түгі қалмаған қайыршы екенін айыру мүмкін емес. Өзге елден келген сығандар мен өзге ұлт өкілдерімен жағаласып қайыр тілеп жүрген қазақтар саны көбейіп жатқаны тағы рас. Неліктен бұлай болып жатыр екен... Азғанымыз ба, тозғанымыз ба, озғанымыз ба?! Кеудені кернеген күрсініс пе, өкініш пе, әлде ыза ма?!
***...пайдасыз, артық, күмәнді ешнарсе ойламасам ба деп ойлайтынымды ойласам, ендігі олай ойлап жүргендіктен, олай ойламаудың кеш екенін ойлаймын...ойланып отырғанда...
*** Самал жел, әй, самал жел! Алматыны жалғыз кезгенше, мені де ала жүрші бірге? Мазаңды алмаймын! Саған қандай жақсы! Проблемаң жоқ, ұнамаған мекеннен, ұнатпаған адамдардың жанынан пысқыра зулап кете барасың! Қалаған жеріңді армансыз кезесің!
Несіне ойнақтайсың? Құлағыма сыбырлап, бетімнен қытықтағанша, сәл кідір де, жүрегімнің дүрсілін есітіп көрші? Қатты соғады, иә? Әй, осы бір жұдырық ет өмір сүруге құмар –ақ! Құдай –ау, несіне қатты – қатты гулеп кеттің? Әлде байқап қойдың ба? Қап, әттеген! Қайыңға ғана сыр шерткен едім... Иә, иә, ғашық болып қалдым! Кінәлі емес шығармын оған? Жә, болды енді, сықылықтамашы? Ғашықтықтың қаншалықты ауыр екенін білесің бе? Кейде жүрегіңді алып-ұшып, көкке жеткізсе, енді бірде тырнап-тырнап, қанжоса етеді! Шыңғырсаң даусың шықпай, көзіңнен жасың ақпай, жаңғырығың ішіңде өліп, жүректе қатпар болып қала бермек... Иә, бұл өзі сондай, ғашықтық деген...
Самал жел, сен барар жерлерге мен де барайыншы? Табаным жерге тиместей ете аласың ба? Тым құрығанда бір сәтке? Болмайды? Қап, әттеген –ай! Қамыққан көңілімді қамықтыра түскенің-ай! Бір үміт сенде еді... Кетпеші? Самал жел, қайда кеттің? Сен де тастап кеттің бе...
Білгенмін ...
*** Елудің тұлпарын ерттеп мінген, осы жасқа дейін жеткен жетістіктері мен қандай шыңдарды асып, қалай еңбектеніп жатқандығынан есеп беру кеші болып өтті қазақтың біртуар бір тұлғасының! /Рас, біртуар адамның маңдайы жарқырап тұрады, дәл кеш иесінікіндей!/ Журналистикада жүріп, тылсыммен тұтасып жатқан жан дүниесін әуелі әндерге көркем сөздер жазу арқылы жеткізіп, іздене отырып, түрлі мақалаларды жазған, бірнеше жыр-жинақтардың авторы, құлақ түрсең, өлеңдері сүйектен өтіп, жүрекке жол тартар, әдемі кештің себепкерін жүргізуші сахна төріне шақырғанда, ойлаған едім: осыншама жемістің, әуелі әндердің авторы, толағай теңіз жетістіктері бар бұл ағайымыз қазір көсіліп сөйлегенде аузымыз ашылып қалар, көргенін, білгенін айтар, қаншалықты ұзақ сөйлер екен, деп. Жо-жоқ! Сахна төріне шыққан құдды басқа адам сияқты! Ұялшақ, сыпайы, сахна төріне өмірінде бірінші рет шыққан кішкене бала секілді! Дос жайлы өлеңін баппен, өзіне тән сарынмен, сыпайы, жарасымды ұялшақтықпен жатқа оқығанда, біртүрлі жағымды екен. Маңдайының кеңдігіне қарап жүрегінің қаншалықты «кең» екеніне ой тастадым... Мұндай үлкен жүрек иесінің де кезінде бала болғанын ұмытып кеткендігіме ұялдым...
Әр заманның өз Мағжаны, өз Мұқағалиы, өз Әзілханы, соған сай оқырманы да болады екен... Ағамыздың да оқырмандары әлдеқашан туылып, әлденеше еңбектерін парақтап, «ескіртіп» тастағаны көрініп тұр...
Қуан, қазақ! Қара сөзің де, өзің де ешқашан өлмейсің!!!
P.S. “Алматы ақшамдық» Әнуарбек ағаның кешінен алған әсер етін.
*** ...сөйлеуге болмайды, себебі, оқығаның аз! ...айтуға болмайды, себебі, білетінің түкке тұрғысыз! ...күлуге болмайды, себебі, жыларлық ісің көп! ...қуануға болмайды, себебі, көпті ренжіттің! ...ойлануға болмайды, себебі, пікірің ешкімге қызықты емес! ...сүюге болмайды, себебі, лайықты емессің! ...тағы не, тағы не?!!...айтыңыздаршы, тағы не...
*** ...қалай болса да, қалай өтсе де кеше ол-кеше. Өтті, кетті. Ал, ертеңім белгісіз. Жетпеуім де мүмкін. Сондықтан, бүгінім қымбат...