Тағы бір "көзтартар" түрік сериалы

Бүгінгі күнді біраз күттім. Неге десеңіз, бүгін, яғни 28 наурыз күні 31 арнада "Жаужүрек Ертұғрыл" атты телехикая басталады. 

Осыдан бірнеше жыл бұрын "ұлттық арналардан түрікше телехикаялардың көзін құрту керек" дегенді естіген боларсыз. Арада біраз уақыт өтті ме, әлде көгілдір экран алдында отырған дүйім халықтың сөзі өтті ме, ұлттық арналарымыздан көрші бауырларымыздың таңғажайып хикаяларын тамашалауға мүмкіндігіміз бар.

Қазіргі күнде жастардың аузынан түспей жүрген "Құлпынай иісі" мен "Қара махаббат" сынды түрік телехикаялары бар. Мен де "қаламын ба?" деп бірнешеуін қарап көрдім. Әрине, теле- және кинотуындыларға қандай да бір баға беріп, кішігірім рецензия жазуды жаны сүйетін адам үшін бұл қалыпты әрекет. Сондықтан 31 арна түрікше жаңа тарихи телехикаяның тұсаукесеріне шақырғанда, еш ойланбастан уақыт тауып, бардым.

"Жаужүрек Ертұғрыл" - Осман Империясы аяққа тұруы барысында болатын саяси, әлеуметтік қақтығыстар, жаугершілік пен социум арасындағы қарым-қатынасты баян ететін тарихи жаңа хикая. Алғашқы эпизодын көріп, шыны керек, риза болдым. Төбелес әрекеттері, актерлік шеберлік, жартылай ескі түрік тілін қолдануы, рөлдерді сомдаушылардың сезімдері мен әрекеттері, тарихи орындар және ең бастысы, актерлердің киімдері мен "аксессуарлары" тамаша. Әйел адамдардың әшекей-бұйымдары мен ерлердің қылыш-қаруларының таңдалуына үлкен мән берілгені көрініп-ақ тұр.

Басты кейіпкер - Ертұғрыл - елінің мақтанышы, батыры, ертеңі. Оның атына мініп, "Алла!" деп шапқанын көргенде көрермен ерекше сезімде болатынын өз көзіммен көріп, байқадым. 

Бір бөлім, 60 минуттың ішінде біз төбелес, аңға шығу, балалық махаббат, жауыздық, өлім мен өмір суреттерін көріп үлгердік. Бас үйдің басында отырған отағасы мен отанасының кешкі асқа дайындалуын көріп, әйел адамның ер адамдарға деген шексіз құрметі, сыйластығы мен қамқорлығы менің жүрегіме ерекше тиді. Мыңдаған, тіпті, ОН мыңдаған португалиялық, бразилиялық, америкалық, ағылшын не басқа да жүздеген елден жақсы пиардың арқасында көзге түсетін фильм, телехикаялардың арасында мұндай тарих сырын шертіп, нағыз ата дәстүр мен махаббат, сүйіспеншілік, адалдық, қамқорлық пен болашақ үшін күресті баяндайтын керемет хикаяны көріп, тыңдау бола бермейтін мүмкіндік деп түсінемін. 

Не дегенмен, түрік елі біздің ата бауырымыз. Дәстүрлер, тарихи шежіре, сөз оралымдарының ұқсастығы мен туысқандығы бұл елдің туындыларын қуана-қуана қарап, баға беруге іштей итермелейді. 

Бұл телехикаяның бір маусымында 52 бөлім көрсетіледі, бір бөлімнің ұзақтығы - 60 минут. Хикаяның трейлері: 

Бүгіннен бастап, 31 арнадан сағат 22.00-де "Жаужүрек Ертұғрыл" ғажайып телехикаясын бірге тамашалайық! Ал 29 наурызда сағат 19.00-де орыс тілінде көрсетіледі.



Бөлісу: