Тағдыры тәлкекке түскен қайран тілім!

    Жер жүзінде  6000-нан астам тіл болса, оның ішінде қолданыстағы мемлекеттік статусы бар тілдер және жойылу алдында тұрған немесе атауларын тек көне тарихтан көз шалып қалатын,  бүгінде  жер бетінде жоқ тілдер де бар. «Мемлекеттік тіл» мәртебесіне ие болғанымен, статусына сәйкес құрметке ие бола алмай келе жатқан тілдер  де бар.
Тіл үшін болған тарихи күрес
 
         Қасиетті тіліміздің жоспарлы саяси даму, халқымыздың тілдік құқығын қорғау бастамасы Әлихан Бөкейханов пен Ахмет Байтұрсынов сынды зиялыларымыздың еңбегінен бастау алған. Тіл мәселесіне байланысты зиялыларымызды ұлықтауға себеп қандай?
     Тарихтан белгілі, еліміз 250 жылдан астам уақыт Ресей державасының бодандығында болды. Жалпы бодан елдің жай-күйі ежелден белгілі. Тәуелсіздігінен айырылып, тағдыры көлеңкеленген халық жасқаншақ келеді. Осындай қиын шақта, тілдік құқықтың қорғалуын өзекті мәселе етіп көтеріп, ірі державаға талап қоя білген арыстарымыздың әрекеті, бүгінгі тіл тағдырының бастамасы. Бұл тұста, 1905 жылғы қарашада Ресейде өткен «Жергілікті және қалалық қайраткерлердің» Москвадағы сьезінде: «Ана тілін еркін қолдану қазақтардың таяу арадағы мұқтажы»,- деген мәлімдемені, тілдер құқығын шектейтін заңдардың жедел түрде қайта қаралуын табанды түрде талап етуін ерекше атауға болады.
    Әлиханың бұл мәселені өзекті етіп көтермесіне болмас еді, себебі, қазақ халқының орыс тілін меңгеру дәрежесіне қарамастан, қызмет көрсетудің барлық тармақтары орыс тілінде жүргізілді. Тіпті балалар мектепте қазақ тілінде білім алмайтын жайттар орын алды. Бұл тұрғыда Әлихан Бөкейханов: «Орыстандыру саясаты қазақтардың ана тілінде хат тануын тежеудің барлық амал-тәсілдерін қарастыруды талап етті»,- деп жазды.
  Осылайша, өткен ғасырдағы тіл тағдырының қиындығын бодандықпен түсіндіруге тырыстық.
Бабалар ұран еткен қазақ тілінің бүгінгі халі немесе сиқырлы сандар қалай сайрайды?
 
Ұлттық тілді құрметтеу әрбір қазақ орындауға тиіс маңызды міндет. Тіліміз «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі» статусын 1989 жылы 22 қыркүйекте иеленді, осы жылы « Қазақстан Республикасының тілдер туралы» заңы қабылданды. 1995 жыл 30 тамыздағы референдумда қабылданған жаңа конституцияның 7-бабында ұлттық тілімізге байланысты «мемлекет Қазақстан халқының тілдерін үйрену мен дамыту үшін жағдай туғызуға қамқорлық жасайтыны» және « Мемлекеттік ұйымдарда және өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» делінген. Еліміздің барша азаматтарына мемлекеттік тілді еркін және тегін меңгеруіне материалдық, ұйымдастырушылық жағдайлар жасалған. Халықты топтастырудың маңызды факторы – мемлекеттік тіл. Осы ұранды басты назарға ала отырып, Мемлекеттік тілді дамыту мен қолданудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, қазақ тілін меңгерген және сөйлейтін тұрғындар үлесі 2020 жылға қарай-90,5%  болыпты, ал 2021 жылы-91%,  2022 жылы – 92 %, 2023 жылы – 93 %, 2024 жылы – 94 %-ға жеткізу жоспарланған.Бұл қарқынмен жалғасса, биылғы жылы тіптен түгелдей Республика қазақша сайрап тұр деген сөз емес пе?! Ал 2025 жылы мемлекеттік тілді меңгерген тұрғындар 95%-ды құрайды деп күтілуде, бұл болжам межелі орындалса, тіл саясатын жүргізушілерге үлкен жетістік болар еді.
Бір өкініштісі, бұл статистикадағы сандар адамды бір марқайтып тастағанымен, көз көріп құлақ еститін  қоғам  сипаты мүлде бөлек. Сиқырлы цифрлардың жылтырауы шын болса, біздің елде мемлекеттік тілге байланысты ешқандай мәселе жоқ деп аяқты аспанға көтеріп жата берсек те болатындай. Қоғаммен біте қайнасып өмір сүретін кез келген адам қазақ тілінің жоғары сұраныста еместігіне көп қарсылық білдіріп жатпайды. Тек тіл саласында қызмет ететін адамдар легі ғана мемлекеттік тіл мәртебесінің жоғарылауын айтып мақтануда, сол мақтаныш тек қағаз бен сиқырлы цифралар түрінде қалып қоймаса болғаны.    
   Жасырған кеселді өлім әшкерелейді
   Ұлттық тілдің құндылғын жоғалту ел келешегі үшін үлкен кесел. Кесел демекші, елімізде ұлттық тілдің мәселесі сан жылдар бойы кезек күттірмейтін мәселе. Кезек күттірмейтін дейтін себебіміз,бүгінде,  қазақ тілінің мемлекеттік статусы болғанымен, көп жағдайда қолданылу аясының  тарлығы байқалады. Қоғамда ана тілім- қазақ тілі деп көкірек кергенімен, ана тілінде сөйлеуге шорқақ, тіпті де сөйлеу білмейтін қазақ азаматтары бар. Қарапайым халықты қойып, аты дардай депутаттарымыздың қазақ тілінде жасаған мәлімдемелерін естігенде, жағамызды ұстаймыз, бірақ ана тілімізге шорқақ жандар.  Олардың сондағы ана тілден безіп, тілге тиек ететіндері орыс тілі. Біршама алпауыт компаниялар мен мекемелерге жұмысқа алу кезінде алдымен орыс және ағылшын тілдерін білуі талап етіледі. Мемлекеттік қызмет аясында да қойылатын басты талап осылар. Мүмкін біршама қазақтілді патриоттардың жұмыссыз жүргені де осыдан болар... Орыс тілінің басымдығын сөз етсек болғаны, «қаншама жыл орыс құрсауында болдық деген»  сылтаулар айтылады. Ол дәуір өтті, бүгінде егемен елміз, тілді үйренем деушілерге мемлекет тарапынан қолдаулар көрсетіледі. Көп жағдайда, қазақ тіл дәрежесінің төмендігін оның үйретілу сапсынан емес, сұраныстың аздығынан, тиісті дәрежеде қажеттіліктің болмауынан іздеген дұрыс. Қазақ тілін білуге қойылатын талап жайы тіпті әділетсіз.
    Веб-баспагер Жәнібек Сүлеевтің: «Мен қазақ тілін меңгергендердің ғылымды, прогресті, мәдениетті еуропалық түсінікте жылжыта алатынына сенбеймін»,- деген сөзін сараптасақ, бүгінде, еуропаның заманауи адамына айналғысы келетіндер көп. Олай болса, бұл азаматтар легін қазақ тілін қолданушы жанашырлар есебінен қысқарта берейік.
    Қарапайым мысал, ізденіс үстіндегі адамдардың көпшілігі ақпарат іздеу барысында қазақ тіліне қарағанда, орыс тілінде толық ақпараттар легі барын айтып шағынады. Бұл да жалған емес. Ал аудармаларын тұтынайын десең, орыс тілді нұсқасымен салыстырғанда, ақылға қонымсыз жасалған аударманы ұшырастырамыз. Қазақ тілі бай деп мақтанышпен айтқанда, мына аудармалардағы олқылықтарға  қарап, тіл байлығына күмән келтіреміз бе әлде  аударма ісінің дұрыс жолға қойылмауынан көреміз бе деп ойланып қаламыз.
         Қазақстан көпұлтты мемлекет. Ендігі кезекте, барлық мемлекет тұрғындарын қазақ тілде сөйлетуді мәжбүрлі жүзеге асыру қажет деген пікірлер айтылып жатыр. Дегенмен бұл тезистің күмән-күдігі басым.Өйткені өз кәсібін дөңгелетіп отырған қандай да бір диаспоралар үшін, қазақ тілін меңгеру қаншалықты тиімді деген сұрақ туындайды. Себебі олар үшін елімізде орыс тілінде өмір сүру қиын емес те, керісінше қазақтарға өз елінде орысша өмір сүру қиындық туғызады. Бұл этносаралық наразылықтар да тудырып жатады.
         Тіл мәселесінің көлеңкелі тұстары қашан күн бетін көрмек?! Бұл сұрақтың жауабын тиісінше, тіл комитеті мен тіл саясатын жүргізушілерден іздейміз. Билік пен тіл мәселесі жайында бір оқиға ойға оралады. Тіл комитeті 90-шы жылдaрдың oртaсындa, тiл тyрaлы бaстaпқы зaң жoбacын тaныстыpу үшiн кeзeкті oтыpыcын  өткізді, сонда қатысушылардың бірі Сұлтан Оразалиновтан: «Заң жобасы қай тілде жазылған?»-деп сұрапты. Шенеунік болса, сасқалақтап, нақты жауаптан жалтарған. Демек, жоба алғашында орыс тілде болғаны. Осы оқиғадан соң тіл саясатына күмәнмен қарау қалыптасты. Бірақ бүгінде, қалалық тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мемлекеттік тілдің ахуалын көтеру бағытында бірыңғай шаралар жасауда. Басқарма мемлекеттік мекемелердегі тіл нормаларының сақталуына мониторинг жүргізді. Елдегі біршама көше аттарын қазақша ретке келтіру жұмыстарын жасады. Қазақ тілінде сапалы контентті дамытуда.Осы орайда, әдеттегіше үкіметті кінәләу үрдісіміз жүрмей тұр. Көп жағдайларда орыс тіліне жақындығымызды өткен ғасырлардағы қазақ халқының Ресей державасына бодандығымен түсіндіріп жатады ол да ақылға қонымды себеп тек, бүгінде еліміздің дербестігін еске ала отырып мәселені қайта қарасақ мемлекет бар жағдайын жасаған қазақ тілінде таза сөйлеуге кейбір адамдарда өзіндік құлық жоқ сынды. Қазақша кібіртіктей сөйлеген жандарды көрсек «шала қазаққой» деп жүре береміз. Сонда шалалықтың түбі не болмақ!? Өз тілінде еркін сөйлей білмейтін адамның қазақша ойлап, қазақша өмір сүре алуы екіталай..
         Қорытындылай келсек, қазақ тілінің бүгінгі ахуалы күрделі мәселе. Қазақ тілі қолданыста деген сөз тек қағаз жүзінде орындалуға апара жатқанадай. Мемлекет тарапынан жасалған қолдауларды дұрыс пайдаланып, тіл мәртебесін көтеру Республика азаматтарының әрбірінің азаматтық борышы.



Бөлісу: