Тағдыры таланттан жасалған
блог
Оның дауысы – біз білетін мәдениет тарихында бұрын-соңды болмаған дара құбылыс. Оны музыкадан хабары бар адам да, жоқ адам да сүйіп тыңдайды. Оның көркіне көпшілік қызығады. Оның өзі талант деген ұғымды еске салып тұрады. Ол сахнаға тек қана оң жақтан көтеріледі. Ол өзін дана әйелмін деп әсте есептемейді. Ол кәсіби музыканың өкілі бола тұра рэпті де, басқаны да құрметтейді. Ол посткеңестік кеңістіктегі ең талантты әртіс саналады. Тамара Гвердцители! Біз оны әлемдік өнердегі айрықша құбылыс ретінде әлі талай зерттейтін боламыз.
Тамара (Тамрико) Гвердцители – грузин халқының бұлбұл әншісі, күллі кеңес халқының мақтанышы, Грузияның, Ингушетияның, Ресейдің халық әртісі. Фамилиясы оның текті әулеттен екенін көрсетеді, арғы тегі – грузин халқының атақты дворяны. Әжесінің анасы (үлкен әжесі) Қыдырбегишвили-Амилахвари деген фамилияға ие, яғни, ол түркітектес тұқымнан. Тамараның өз шешесі – еврей. Бес жасынан бастап, кәсіби музыкамен айналысқан ол фортепиано мен вокалдың шебері болды. Бала кезінде-ақ күллі Одақты шарлап, өнер көрсетті. 19 жасында түрлі халықаралық байқауларда шеберлігін паш етті.
Қазақ халқы Роза Бағланованы қалай қаһарман санаса, грузин халқы да Тамрикоға солай құрмет білдіреді. Өйткені, ол қаршадай кезінде Ауғанстан даласындағы адам айтқысыз соғыста кеңес жауынгерлеріне ерік-жігер беру үшін бомбаланған далада талай рет концерт берген. 1988 жылы халықаралық «Алтын орфей» байқауының бас жүлдесін жеңіп алып, Сопот және Сан-Ремо фестивальдерінде ән шырқады. Өзіне қатаң сынмен талап қоятын әнші өнерінде міні жоқ санаулы әртістердің бірі ретінде кемелдене түсті. Күллі кеңестік кеңістікте француздың әйгілі композиторы Мишель Легранмен тығыз жұмыс істеу бақыты тек қана Тамараға бұйырды. Париж жұртшылығы өз елінің таланттарымен бірге оның есімін де жүректерінде сақтады.
Бүгінде ол опера театрлары мен мюзиклдарда ең күрделі партияларды орындап жүр. Грузин, орыс, француз, итальян, испан, ағылшын, иврит, украин, армян, неміс тілдерінде ән салады. Тамара Гвердцители үш рет отбасын құрды. Бірінші күйеуі – Георгий Кахабришвилиден Сандро атты ұлы бар. Екінші күйеуі – Дмитрий жүрек талмасынан қайтыс болды. Үшінші күйеуі – Сергей Амбатьеломен Тамара 2001-2005 жылдары отасып, кейін ажырасып кетті.
Тамараның туған күні қарсаңында «Первый каналдан» көрсетілген «Қас қарайғанда» хабарында ол өз некелері жайында былай деді:
– Менде екі неке болды деп айта аламын, өйткені, үшеудің біреуі азаматтық еді, мен бұл сөзді түсінбеймін, сол себепті оны некеге санамаймын. Меніңше, махаббат пен неке екеуі – екі түрлі нәрселер.
– Екі түрлі?
– Әрине. Махаббат – шығармашылыққа әсер ететін құбылыс. Ал неке деген – дана әйелдерге арналған нәрсе.
– Бұл үш некеден қандай сабақ алдыңыз?
- Неке ештеңеге де үйрете алмайды. Олар – түрлі адамдар, түрлі ахуалдар, түрлі сезімдер. 20 жаста ақ тойкөйлек киіп, күйеуге шығу – басқа, кейін тағы отасу – басқа. Ақ тойкөйлек пен Мендельсон маршы адамға бір-ақ рет беріледі.
– Сіздің алғашқы үйлену тойыңызды Маргарет Тэтчердің кездейсоқ тамашалағаны белгілі...
– Иә, иә, ол Эдуард Шеварднадземен бірге Тбилисидегі ең үздік АХАЖ ғимаратын араламақ болғанда, біздің некелесу сәтіміздің куәсі болды. Сол бір әдемі ұйымдастырылған қойылымды тамашалады.
– Некелеріңіздің бұзылғаны туралы айтқанда, өзіңізді кешіре алмайтын бірнәрсе бар сияқты.
– Некені ненің бұзатынын айта алмаймын. Кейде оны ерлі-зайыптының біреуінің зор жетістігі бұзып жатады. Басқа факторлар да әсер етуі мүмкін. Меніңше, мұны талдау мен таразылау өте қиын. Бұл мен үшін шығармашылық процеспен байланысты болғандықтан бірдеңені кесіп айтуға қиналамын. Айтарым – мен дана да, салқынқанды да әйел емеспін.
Бүгін – менің сүйікті әншімнің туған күні! Тамара Гвердцители болмаған күні менің де өмір сүрмеуім мүмкін.
Қаңтардың 21-і күні талант иесінің "Я несу в ладонях свет" атты концертін "Первый каналдан" тамашалаңыздар!