Тағдыр сыйы

Қамшының сабындай қысқа болғанымен өрі мен еңісі, бұ­ра­ла­ңы мен бұлтарысы көп фәни жалғанда жайбарақат ғұмыр кешу мүмкін емес-ау!.. Маңдайына жа­зыл­ғаны мұң мен ой болса, қолдан келер қайраны бар ма?! Тағдыр сыйы кермек пе, ащы ма, кім бол­жап білген?! Кішкентай күнінде «көресіңді көрмей, көрге кірмей­сің» деген сөзді әжесінен естіген­де ертекке балайтын. Сол сөздің ақиқатына енді көзі жеткендей.

Адам баласы қашанда биікке ұмтылатыны белгілі. Қолындағы барына қанағат етпей, менің жағдайым неге өзгелердікіндей емес деп өзін қоярға орын таппай, өмірге өкпелеп жүргендер қаншама. Бір сәт тоқтап, өмір жолыңызды ой елегінен өткізіп көріңізші. Сізге осы өмірді сыйлағанының өзі тағдырдың сізге деген сыйы емес пе?!

Өмір әрқашан қуаныштардан тұрмайтыны рас. Күресуді қажет ететін қиындықтар сізді жақсы өмір сүруге үйретіп жатқанын білесіз бе?! Әрбір сынақ сізді шыңдай түседі, оқиғаны сан жақтан зерделеп, танып-түсінуге мүмкіндік береді.

Әр таң сайын ұйқыдан оянуыңыз, ата-анаңыз бен жаныңызға жақын адамдарыңыздың қасыңызда болуы, өзіңізге ұнайтын іспен айналыса алатыныңыз, осының бәрі сізге шүкіршілік білдіруге берілген үлкен мүмкіндік қой. Өзіңізден жағдайы төмен адамдардың өміріне көз жүгіртіп көріңізші, бәлкім қолыңызда барға қанағат танытып қаларсыз…



Бөлісу: