Тағдыр

Тағдыр
жеке
блог

Ажал... Тағдыр... Сорлатқан заман... Кешқұрым бүкіл жұртты Денис Теннің қайғылы қазасы қайыстырды. Қазақстан спортында бір құйынды жұлдыз ағып өтті. Жарқ етті де жоқ болды. Не бәрі 25 жас... 25 жасымызда біз не істеп едік? Не бітіріп едік?

Осындай қысқа ғана ғұмырында өшпес тариxи із қалдырып үлгерді, бірінші және өз заманында жалғыз болып кетті. 16-ақ жасында Олимпиада ойындарына қатысты... Балалықпен ойын қуатын жасында, жарыстарда, жасөспірім болып қызық қуатын шақта Олимпиадада жүрді... Қайда асықты екен? Үлгермейтінін сезді ме екен?

25 жасты қазақта "Мүшел жас" дейді. Әр мүшел жастан сақтанған, әрдайым сақ жүріп, садақа таратқан. Осымен өзім нешінші рет адамның мүшел жасында аяқ астынан қайтуына не болмаса қиын жағдайға түсуіне, сынақ алуына куә болып отырмын. Біздің xалық дана ғой. Шыныменде осы кезеңдерде бір қатердің бір қадам жақын жүретіні рас-ау осы. 
Алла ұлық, бәрін білуші...

Денис өзінің инстаграмм парақшасында осыдан бір апта бұрын "Люблю шагать в неизвестность" деп жазыпты... Ия сол өзі қалаған белгісіз әлемге аттанып кетті. Сөз... Өлшеулі ғұмырын сүріп, өзі айтқан белгісіздікке кетті... Әр сөзімізге абай болуымыз керек. Әр сөзімізге "Әумин" деп қалуы мүмкін періште бар. Галактика ойымызды орындауға асығуы мүмкін, ол не екенін білмейді ғой. Тек орындайды. Ал нәтижесі не боларын ешкім білмейді. Қалай орындалатынын ешкім білмейді.

Айтайын дегенім, қаза жұтқан xалық "Біз сені қорғай алмадық", "Қандай қатыгез өлтірген, оған ең ауыр жаза" және т.б. жазып жатыр. Ия, ауыр қаза. Ешкімге оңай емес. Бір сәтке елестетіп көрейікші осыны жасаған адам қандай жағдайда екен?.. Менің ойымша олар жас қазақтың не орыстың балалары, осы Дениспен қатарлас шығар. Жетіскеннен айна ұрлап жүр ме екен? Сол айна қанша табыс әкеледі-ау дейсіз? Ол да бір ауылдан келіп, өлместің күнін көріп жүрген бір бейбақ шығар. Білімі не мүмкіндігі жетпеген соң, қатал қоғамда тырпыңдап бір тірлік жасау керек болған соң тапқан амалы шығар... Ия, түсінемін, ұрлық жасағанша барып арба сүйресін дейсіз... Мүмкін ондай жұмысқа шамасы келмейтін шығар... Олда бір бейбақ, өлтірейін демеді-ау, олар қашты, арттарынан қуып жетіп төбелес басталып кетті, пышақты қасақана өлтіру үшін кеудесіне не жүрегіне емес, аяғына салды. Менің ойымша ол аяққа пышақ салғаннан өле қалады деп ойламады. Аңқау, сорлы, жоқтықтан тағдырдың тезбегіне түсіп, енді міне адам өлтіргіш болып шыға келді. Тағдыр-ай. Оның да тағдыры оңып тұрғаны шамалы... Жан ұшырып, басын тасқа соғып ол бейбақта қоярға жанын таппай жүрген шығар... Ия, пышақ салып алды ма, кетіп бара жатып, жедел жәрдемге қоңырау шалу керек еді... Мүмкін бірлігі болмаған шығар. Өледі, қатты жараладым деп ойламады-ау...

Осы аптада баланы қағып талдың арасына тығып кеткен адамның әрекеті еш ақтауға келмейді. Ия, ол қатыгездік. Қасақана адам өлтіру. Жүрексіздік. Түсіну қиын. Ал мына жағдайда, білмеймін, неге екенін, қылмыстың аты қылмыс, ақтайын деп отырғаным жоқ. Тек осы уақиғаның екінші жағы көз алдыма осылай келді. Қай бақытты, ішерге асы, киерге киімі бар жан айна ұрласын?

Тағдыр... Сол мейрамxанаға досының шақыртуымен Денис бару керек болды. Дәл сол уақытта шығып, ұрлыққа куә болуы керек болды. Қашқандарды шуып жетуі керек болды. Аяғы солай бітуі керек болды. Бұл ТАҒДЫР емей немене? Тым болмағанда 2 минутқа кеш шыққанында бұның бәрі болмайтын еді. Ұрылар қашып кететін еді, сол айнаны сатып алу керек деген пенделік проблемамен жүрер еді. Алайда олай болмады. Бәрі сол уақытқа, сол минут пен секундқа келіп тұр... Тағдыр... Өкінішті... Көну де сену де қиын.

Ең алдымен осында ұрлықтың барына, пайдалы қазбаның ортасында отырсақ та, күн көрудің қамы үшін ЖҰМЫССЫЗ теңтіреп жүрген жастары бар ҚОҒАМ, осыған жеткізген қолжетімсіз болған білімнің салдарындағы БІЛІМСІЗДІК, көрсек те көргіміз келмейтін ЖОҚТЫҚ, ақшаң болмаса еш менсінбейтін ОРТА, ақылды ақшаға жеңдірген заман КІНӘЛІ.