Табысты болудың кілті – кітапта: МИЛЛИАРДЕРЛЕР тәжірибесінен үлгі алайық

Табысты болудың кілті – кітапта: МИЛЛИАРДЕРЛЕР тәжірибесінен үлгі алайық
жеке
блог

Мультимиллионер жазушы Дэн Кеннедидің мынандай бір сөзі бар екен: «Байлардың кітапханасы да бай, ал жарлының кітапханасы жұпыны әрі теледидары үлкен». Бұл ақиқатты қалай бұрсаңыз да өзінің шынайылығын жоғалтпайды. Заңды әрі фактілі құбылыс. «Кітап – білім бұлағы» деген жоқ па бабаларымыз! Ендеше келесі мағлұматтарға назар аударайық.

Миллиардер Уоррен Баффет (Американың екінші ірі миллиардері) күніне 500 бет оқиды екен. Әрі бұл оның күнделікті әдетіне айналған.

Адамдардың барлығы да бір кітапты бір күнде оқып тастай алады, алайда кез келген ғаламшар тұрғыны мұны жасамайды. Барлығымыз да кітаптың қандай маңызды құрал екенін, білім көзі, дәлелді ақпараттың дәйегі екендігін біле тұра оқымаймыз. Өте қызық. Адам қашанда пайдалы нәрсені біле тұра, пайдасыз іспен шұғылданады да жатады.

Американың медиамагнаты Марк Кубан (дәулеті – 3,3 млрд. АҚШ доллары) 24 сағатының 3 сағатын кітап оқуға арнаса, Microsoft-тың патшасы Билл Гейтс жыл сайын 50 кітап оқиды екен. Ал Марсқа ұшуды жоспарлап отырған, алғашқы электрлі спорткарды құрастырушы Илон Масктан «ракетаны жасауды қайдан үйрендіңіз» дегенде «кітаптан» деп жауап берген.

Оқыған кітабыңыз тек көңіл көтеруші құрал ғана болып қалмасын. Біліміңізге білім қосатын, сыни ойлау қабілетін қалыптастыратын кітаптарды таңдап оқыңыз. Адамның миы 45 млн. кітап қоры бар Ресей мемлекеттік кітапханасын сыйдыра алатындығын ұмытпаңыз.

 Кітапты дұрыс таңдаңыз

Табысы мол адамдардың кітап оқудағы талғамын бақылаумен айналысқан Томас Корли ірі байлар (жылдық табысы 160 мың мен 3,2 млн. АҚШ доллары аралығындағы) жеке қабілетін арттыратын, стимул мен мотивация беретін кітаптар оқитындығын байқаған. Бұл адамдар кітапты тек білім арттыру үшін ғана оқиды. Кітап оқу барысында өзіне қажетті білім қорын анық ала алатын адамдар тобы.

Ал қарапайым тұрғындардың көпшілігі кітапты тек көңіл көтеру үшін ғана оқыған. Бұл адамдар кітапты уақыт өткізу үшін ғана оқиды немесе өзге адамдардың кеңесі негізінде кітапты оқиды да өзіне керекті, қажетті ресурсты іркіп ала алмайды.

Табысқа, жетістікке жеткісі келетін тұлғалар университет бітірсе де кітап оқуын тоқтатпайды. Керсінше, өмір бойы студент болып өтуден жалықпайды. Бұл адамдардың кітап қорын білгіңіз келсе, сұқпаттарын оқыңыз, тыңдаңыз. Танымал адамдардың автобиографиясынан табуға тырысыңыз. Кейбір табыскерлердің өзі де қандай кітапты оқуға болатындығына кеңес беріп жатады.

Сонымен, іске сәттілік...

Әзірше, оқылуға тиісті әдеби тізімді жасап алыңыз. Келесі блогымызда кітапты қалай оқу керектігі жайында баяндамақпыз...