Отандастарымыздың табысты еңбек жолы мен өнер, білім, спорт, медицина, ғылым саласындағы жетістіктері туралы ұлттық «Табыстың 100 қадамы» атты жобасы аясында жазылып, насихатталуда. Осындай мақсатпен бұл мақала Орталық Азия мәдениетаралық және шығармашылық оқыту бойынша ЮНЕСКО обсерваторияның жетекшісі, ҚР білім беру ісінің үздігі Ханзада Әзімханқызы Есенованың шығармашылығына арналып отыр.
«Үйретпегені болмаса, сурет салмайтын бала болмайды», - дейді Ә.Қастеев атындағы бейнелеу өнері және техникалық дизайн мектебінің директоры Ханзада Есенова. Бұл қосымша оқыту жүйесіне қарайтын мектепке балалар бес жасынан бастап келіп, бос уақытында сурет салуға, қолөнердің түрлеріне үйренеді. Мұндағы әр мұғалім үшін ең маңыздысы – оқушыны өзіне тарта біліп, қолөнер бұйымдарымен жұмыс жасауға қызығушылығын оята білу. Әрине, әр бала кәсіби суретші боп шықпаса да, олар қалам мен бояудың нәзік сырларын ұғып, суреттен кез-келген адам аңғара бермейтін, астарлы мазмұн мен ойды ұға алатын болады. Яғни, бұл ортаға келген баланың жан дүниесі суреткер боп қалыптасады.
Осы мектептің 35 жыл тарихында түлектердің бірде бірі талаптанып барған арнайы көркемөнер орта және жоғары оқу орнына қабылданбай қалмапты. Бұны жетістік деп қалай айтпасқа! Бұл шаңырақта ерінбей еңбек еткен ұстаздардың нағыз табысы осы емес пе?!
Иә, айтар ауызға оңай болғанмен, бұл ұжым республиканың оқу жүйесінің тарихында алғашқы боп игі бастамалармен айналысып, өте маңызды істер атқарды.
Бәрі 28 жасар Ханзада Есенованың осы ұжымға директор боп тағайындалған 2002 жылдан басталды. Ол әл-Фараби атындағы Шымкент педагогикалық мәдениет институтын бітірісімен (1995) өзі сүйген мамандығы «бос уақытты ұйымдастыру педагогы» бойынша қаладағы Оқушылар Үйінде еңбек жолын бастады. Оқушылармен бірден тіл табысып кетті. Кейін еңбексүйгіш жас қыз өз қызметін Республикалық дарынды балалардың «Дарын» ғылыми-тәжірибелік орталығында жалғастырды. Бұл қызметтерінде тәжірибе жинақтаған жас Ханзаданың ендігі басшылық, ұстаздық және ғылыми-шығармашылық жолындағы үлкен серпін де осы Ә.Қастеев мектебімен тікелей байланысты болды.
«Ұжымымның маған сенім артуы үлкен дем берді. Мен үшін бұл өте маңызды еді, табысқа жетуіме әріптестерім себепші болды», - дейді Ханзада Әзімханқызы.
Тоқырау кезеңі уақытында аты аңызға айналған мектепте сонау 1981 жылдан бері оқу бағдарламасы жаңартылмаған еді. «Шалғай аймақтар мектептері Алматыға келгенде бізден бағдарламалар мен әдістемеліктер сұрап жатты. Жекелеген авторларға өз еңбегін бере салу тиімсіздігі тағы бар... Сонда ұжымымыздағы 5 педагог шығармашылыққа оқушылар көптеп келген сайын, табысты адамдар көп болатынын түсіндік те қиын да болса іске кірістік. Осы ұстаздарсыз мен ешкім де емеспін». Әрине, күш біріккенде ғана оң нәтиже шықпақ.
Сөйтіп, ұжым 2003 жылы оқу бағдарламаларын жаңарту ісіне шұғыл кірісіп кетеді. Өзге елдердің оқу тәжірибелерімен таныса отырып, оқу бағдарламаларын Білім Министрлігі бекітеді деген заң шыққанға дейін пәндер бойынша оқу бағдарламалары түбегейлі ретке келтірілді. Есенованың басшылығындағы мектепке 2005 жылы республиканың 27 көркемсурет мектептерінің директорлары шақырылды. Бұл маңызды мәселеге бастамашы бола отырып, ұжым алғашқы оқу бағдарламасын жасап, шалғайдағы әріптестерге таратып, бір жыл апробациясын күтті. Осылайша келер жылы Павлодарда, үшінші рет Астанада бас қосып, жасалған оқу бағдарламалар бойынша ардагер ұстаздардың, тәжірибелі дарынды мұғалімдердің пікірлері ортаға салынып талқыланды.
Осылайша, республикамыздың көркемсурет мектептеріне арналған ортақ оқу бағдарламалары жасалды.
Бұл жылдардағы ізденістерінің, өмірлік мол тәжірибесінің негізінде Х.Есенова өзінің ғылыми кандидаттық диссертациясын 2015 жылы Мәскеуде (Институт Художественного образования) қорғап, еңбегі ғалымдар тарапынан жоғары бағаланды. Ұстаздықты ғылыммен ұштастыра білген Х.Есенованың ғылыми монографиясы жарық көріп, осы саладағы оқырманына жол тартты. Қоғамдық шараларға белсене атсалысуда Х.Есенова Алматы қалалық маслихатының V-VI шақырылымының депутаты қызметін де абыроймен атқарды. Бұл бағыттағы көптеген жұмыстары, атқарған еңбегі үшін үкімет тарапынан «Құрмет» орденінің иегері мәртебесі табыс етілді.
Х.Есенованың руханиятымызға атсалысып келе жатқан тағы бір саласы оның ҚР Ұлттық комиссиясының жанындағы ЮНЕСКО мен ИСЕСКО жұмыстары бойынша материалдық емес мәдени мұраны қорғау Ұлттық комитетінің төрағасы ретіндегі еңбегі. Бұл жауапкершілігі үлкен қызметте ол ұлттық мәдениетімізде өзекті жобалармен жұмыстар жасап жүр. Осы қызметі аясында «Балалар әлемді бейнелейді. Қазақстан» деп аталатын жоба бойынша жыл сайын өтетін балалардың көркемдік шығармашылығын дәріптейтін фестиваль. Бұл 2000 жылды ЮНЕСКО-ның «Әлем мәдениеті жылы» деп жариялауынан бастау алды. Сол тұста әр ел 3-17 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдер шығармашылығының альбомдарын шығарып жатты. «Ол кезде ешбір ел Қазақстанды жыл сайын дарынды балалардың сурет салу шығармашылығын насихаттайтын алаңға айналады деп ойлаған жоқ. Бізде балаларға арналған ән, би, театр конкурстары бар. Ал сурет салудан неге жасамасқа? Осы оймен біз де қадам жасадық», - дейді Ханзада ханым. Нәтижесінде, 16 жылда «Балалар әлемді бейнелейді» қоғамдық қоры да ашылып, алдына үлкен мақсат қойып отыр. Бұл қамқоршылық кеңес төрайымы, танымал қоғам қайраткері, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Б.Әйтімова.
Мемлекетіміздегі оқу жүйесіндегі жеткіншектердің көркем білім алуы олардың дүниетанымын кеңейтіп, креативті ойлауға үйретіп, интеллектуалды өсуіне әсер етеді. Ханзада Есенова тұла бойы тұнған жаңашыл идея, өмірін, кәсібін оқушылармен ажырамастай байланыстыра білген тұлға. Ол өз ісіне шын берілген, басшылықта да, шығармашылықта да, ғылымда да табысқа жете білген еңбек иесі.