Табылған әмиян

Екінші, әлде үшінші курсты аяқтап, жазғы демалысты өткеріп жүргенмін. Демалыс айларындағы шәкіртақы түсті деп естідім де, банкоматқа тарттым. Екі айлық ақша түсіп тұр екен, барлығын шығарып алдым. Барлығы дегенде, ол кездегі стипендия қанша еді, ұмытып та қалыппын, екі айдыкін қосқанда 15-17 мыңдай болатын шығар. Ендігі ойым, базарға барып, керек дүниелерімді алмақпын. Аягөз базарындағы бір сауда үйіне кірдім. Таңертеңгі кез, іште адам қарасы аз. Бір бөлімнен (ол кезде  бутиктер жоқ) ұнамды аяқ киім кезікті, киіп көрмек болдым. Жасы қырық бес, елулер шамасындағы апай, өзінде айна жоқтығын, тура қасында тиіп тұрған бөлімге барып, айнадан көруіме болатынын айтты. Өзі мен келгеннен бері  қысқа сары шашты, аққұба әйелмен шүйіркелесіп тұрған, араларын аяқ киім тізілген аласа сөре бөліп тұр. Әңгіме ауанына қарағанда, ортақ таныстары бар секілді. Көрші бөлімде аяқ киімді киіп көріп, ұнатпадым да, рахметімді айтып кетпек болдым. Айнаға қарауға кеткенде, сол жердегі сөрелердің біріне қойған әмиянымның (сөмкесіз жүр едім, әрі айна үшін алысқа баратынымды білмегенмін ғой, қасыма қоя салғам) жоқтығын байқадым. Ойымда ештеңе жоқ, сатушы апайдан "мына жерге әмиянымды қойып едім, көрмедіңіз бе" деп сұрадым. Бәлкім, шашылған заттар, қораптардың арасына түсіп қалып, басқа жерге қойды ма деп ойлағанмын ғой. Сұрауым сол-ақ екен, апайдың көзі бадырайып кетті, қайда қойып едің, қандай еді деп өзіме тап берді. Қасында сөйлесіп тұрған әйелден сұрап қояды, мына қыз затын қалдырып па еді мұнда деп? Ол білмедім дегендей иығын қиқаң еткізді. Жоғалған ақша жоғалды, енді оны қайдан табамын, жұрттың назарын аударып, шулатпай-ақ кете берейін  деп ойлап үлгіргенше, сатушы апай бүкіл сауда үйін басына көтеріп айқайға басты дерсің! Ол кісінің айтуынша, мен алаяқ (сөзбе-сөз келтірсем, аферистка), одан ақша өндіріп алу үшін әдейі шу шығарып тұр екенмін. "Қазіргі жастардан неше түрлі пәле шығады, қалай ұялмайсың жап-жас болып, сен бұл жерге ешқандай әмиян қойған жоқсың, қойсаң қайда кетеді ол, мен ұрлықшымын ба сонда?" т.т. Сары шашты әйел де мұрнының астынан қолдау танытып қояды оған. Әбден ыза болдым, сосын ойладым, қойшы, бәрібір жиылатын жұрт жиналды, енді бұл жерден тыныш кете салсам алаяқтығы іске аспай қалған "аферистка" боп қалармын, онда мен де көрейін дедім де, қалта телефоннан полицияға қоңырау шалдым. Жағдайды баяндап, мекен-жайды түсіндіріп, олардың қызметкерлер жібердік деген жауабын естіп, сол арада күттім. Полицияға хабарласуыма  сатушыдан, қарсысындағы әйелден күдіктенуім де себеп болды. Ол әйел менің полиция шақыртқанымды естіп, кете бермек болған, жібермей қойдым, ол да қарсыласса күдік туады деп ойлады ма, жарайды деп қалды. Әйтеуір көп күттірмей формадағы полицейлер келді. Олар маған да жылы қабақ таныта қоймады, қайта бас боп келген аға лейтенант шеніндегі жас жігіт менің түсіндіруімнен соң өзіме ұрысты. «Неге сіз затыңызды көрінген жерде қалдырып жүре бересіз, қылмыс жасалуына өзіңіз жағдай жасап тұрсыз ғой» деді. Мына жерден басқа адамдар өтіп пе еді деп сұрады. Мен өтпеген секілді дедім, сары шашты әйел «біраз клиент келді ғой» деді. Аға лейтенант менен әмиянымның түр-түсін сұрады да, маған сары шашты әйелдің пакетін тексер деді. "Өзіңіз тексеріңіз, сіздерді не үшін шақырдым онда" деп теріс бұрылып кеткем. Бір кезде: «мынау ма сіздің затыңыз?» дегенге қарасам, дәл өзі, менің қара "былғары" әмияным!  Өзім сол екі әйелден күдіктенсем де, күдігім шын боп шыққаны таңқалдырды. Қылмысы ашылған сары шашты әйел сазарып қалды, үн қатпады бірақ. Ол мен басында әмияным жоғалды дегенде, бізден көріп тұрсың ба, мә, сөмкемді қара онда деген тіпті. Ал мені алаяқ деген сатушы көзін алақандай ғып, мен бұл  әйелден ондай шығады деп ойлаған жоқпын, танитын адамым, қандай сұмдық, қалай ұялмайсың, өзіңнің балаңдай мына қызды шырылдатып қойып үндемей тұрсың деп біраз шүйлікті. Мені алаяқ дегені үшін кешірім сұрады. Қатты қуандым. Затымның табылғанынан бұрын, «аферистка» болып кете бармағаным үшін қуандым. Бұл жайт, әрине, кейінгі өміріме сабақ болды, заттарыма мұқият болып жүретін болдым. 



Бөлісу: