Табу сөздің тағылымын тани білсек...
блог
Бабаның бағалы сөзі деп білсек, сол сөздің тағылымы бөлек түрі табу сөзге тоқтала кетуді жөн көрдік. «Табу» - Индонезия тілінен аударғанда «тыйым салу» деген сөзінен шыққан. Біздегі «табу» сөздің аясы дәстүр дәрігейіне жүгінуден, ұлт ұятын ұлықтаудан көрініс табады. Мәселен: ақ босаға аттаған қазақ келіні, келген жұртының туыстарын өз атымен атамай, оларға лайықтап ат қоюы. Қайын інісін «төре жігіт», «мырза жігіт» деп атаса, ал қайын сіңілісін «еркем», «арайлым», «шырайлым» деп, аса ұнамды аттар қоюы,бүкіл ауылды ибасымен разы етуі, тереңде жатқан тегімізден үлкен адамилық сыр аңғартып тұрған жоқ па? Оның астарында ұлт ұятын ұмытпаған, баба дәстүрін бағалаған тағылымы жатпай ма?
«Табу» сөздің тағы бір жағы әртүрлі наным, сенім, ырымдардан туындаған. Ұлы дала рухына тағзым етіп, табиғат күштерін сыйлаған көшпенділер, анығырақ айтсақ, алаш жұрты әр құдіреттің құнын біліп, иесі мен киесін ертеден-ақ тани білген. Мысалы: күллі көк түріктің азуын айға білеген, ер жүрек намысының символы болған көк бөріні көлденеңнен атамай, оларды «ат тебіс», «итқұс», «ұлыма» деген. Және адам басына төнген алапат ауруларды, айықпас дерттерді табу сөзбен атаған.
Қысқасы барымызды бағамдап, жоғымызды түгендейтін уақыт сынына жеткен бүгінімізде, алаштың ата-дәстүріндегі асыл қасиеттерді, бабадан қалған бағалы мұрағаттардың тағылымын ұрпақтар жүрегіне ұялата білсек екен ағайын!!!
Бірлік Нұрмашев