ТАБИҒИ МАГНИТИЗМ ҚҰБЫЛЫСЫН КӨПІРШІК-АТУ ҺӘМ КАВИТИОН КАТЕГОРИЯЛАРЫ АРҚЫЛЫ ҚАЙТА НЕГІЗДЕУ. КҮҢГІРТ ФОТОН, ЭЛЕКТРОН, МАГНИТ – ҚАРАҢҒЫ ДҮНИЕ

ТАБИҒИ МАГНИТИЗМ ҚҰБЫЛЫСЫН КӨПІРШІК-АТУ ҺӘМ

КАВИТИОН КАТЕГОРИЯЛАРЫ АРҚЫЛЫ ҚАЙТА НЕГІЗДЕУ.

КҮҢГІРТ ФОТОН, ЭЛЕКТРОН, МАГНИТ – ҚАРАҢҒЫ ДҮНИЕ

 

Дәуренбек Әзенұлы ӘУБӘКІР

Л. Н. Гумилёв атындағы ЕҰУ профессоры,

Нұр-Сұлтан қ. E-mail: segiz-seri@yandex.ru

 

Кіріспе. Біздер жылытудың “әбден тозығы жеткен” ықылым заманнан бастау алатын, бүгінге дейінгі қолданылып жүрген «Экстенсивті жылыту жүйесін – ЭЖЖ» алмастыруға лайық жаңғырмалы «Интенсивті жылыту жүйесімен – ИЖЖ» айналысып келе жатқанымызға 25 жылдай болды. Осы уақыт аралығында ИЖЖ қағидалық негізі болып табылатын көпіршік-ату (кавитация) құбылысын жан-жақты һәм егжей-тегжейлі зерттеп, талай сырларына қанық болдық. Оның барлық құпияларын ашып болдық – дей алмаймыз, дегенмен де, бұл құбылыстың жай ғана қатардағы құбылыс емес, табиғи радиацияға ұқсас энтропияның ықтиярсыз (Клаузиус пен Больцманның термодинамикадағы Екінші бастаулар заңына сүйеніп) қауіпті өсуіне қарсы тұруға қауқарлы күш пен энергия туындататын, яғни еркін энергия қаузай алатын ерен құбылыс екендігін дәлелдедік. Сонымен қоса, көпіршік-атудың табиғат ортасында оқтын-оқтын болып отыратын торнадо мен дүлей құйын, цунами мен циклон, найзағай жарқылдауы мен күн күркіреуі, жанартау атқылауы мен жұлдыздардағы жойқын жарылыстардың салдарларында орын алып, басты себепкер болатындығына көзіміз жетіп отыр. Тіптен, молекулалық, атом-нуклондық деңгейде де көрініс тауып, сондағы тынбастан жүріп жататын микроқұбылыс атаулыда да өзіндік орын алатындығына әзірше болжам түрінде академиялық қауымды куәландыруға бет бұрдық. Ол үшін “кавитион” деген элементарлық бөлшектерге ұқсас ұғым – неологизм енгізіп, электрлік һәм магниттік құбылыстарды зерттеуге көштік.

Кілттік сөздер: көпіршік-ату, кавитион, магнитизм, электр-магнитизм, өріс, күңгірт фотон, фотион, күңгірт электрон, электион, магнитион, күңгірт материя, қараңғы дүние

Ескерту: Осы күнге шейін электрлік құбылыс пен магнитизмге тиесілі электрон элементарлық бөлшегінің сипаттамалары мен қозғалысы басқаша – көпіршік-атуды араластырмай түсіндіріліп келгені белгілі. Дегенмен де, біздің ұсынып отырған нобай – қисындылығы һәм табиғилығымен ерекшелене отырып, осы құбылыстарды зерделеп зерттеуге жаңа серпін беретінін тыңдаушыларымызға алдын ала ескертуді жөн көрдік.

Енді әңгімеміздің төркінін магнитизм құбылысына қарай бұрайық. Бұл құбылысты Пьер де Марикур (1269 ж.: «Магнит туралы хат»), Уильям Гилберт (1600 ж.: «Магнит, магниттік дене және үлкен магнит – Жер туралы»), Отто фон Герике, Эрстед Ханс Кристиан (1813, 1820 ж.ж.), Андре-Мари Ампер, Мария Складовская-Кюри [1], Шарль-Огюстен Кулон (1785 ж.), Майкл Фарадей (1821-1831, 1864 ж.ж.), Джеймс Максвелл (1873 ж.: «Электрлік құбылыс һәм магнитизм туралы трактат»), Био и Савар, Ом, Ленц, Гаусс, Джоуль, Томсон және басқа да физиктер жеті ғасыр бойы тыңғылықты зерттегенмен [2], ол өз сырын ашқызбай келеді десек, шындықтан онша алшақтамаймыз.

 Бүгінгі күнге дейін магниттік қасиеттің себепшісі “монополь”, яғни электрлік қасиетті тудыратын электрондай элементарлық бөлшек бар ма, жоқ па деген сұрақ ашық күйінде қалып отыр. Ғалымдардың біразы ондай бөлшек “бар!” деген нық сеніммен теориялық түрде айтқандарымен, ғылыми жолмен дәлелдемек болғандарымен, арнайы ұйымдастырылған санғилы тәжірибелердің ешқайсысы олардың ойларын, идеяларын қуаттамай, сол ғалымдар салдары суға кеткендей күн кешуде [3]. Сондай идеялардың бірі осы аналитикалық сараптамада келтірілген.

1 Магнитизм құбылысының табиғаты жайлы біздің бұрынғы ұстанымымыз

Бұл жайлы біздің ұстанымымыз белгілі: кавитонның ci1 және ci2 типтері электр құбылысымен қоса, табиғаттағы магнитизм құбылысына да қолданыла алады ғой деген сенімдеміз, әсіресе ci1 түрлі кавитонының [4], [5]. Бұл ұстанымымызды негіздеу үшін Ампердің гипотезасына жүгінгенді жөн көріп отырмыз. Бұл гипотезада негізгі сүйенетін 1-тұжырым: «Кез келген дененің магниттік ерекшелігі сол дененің ішінде толассыз ағынға айналып, қозғалыста болатын электр тоғының тұйық тізбектерінің болуымен анықталады».

Осы тұжырым өз кезегінде мына заңға бергісіз 2-тұжырымға сүйенеді: «Электрондар өзінің өмірлік дүркінінде әрқайсысы өзіне тиесілі өсінің айналасында айналады және де заряды болғандықтан, өз ядросының маңайында магниттік һәм электрлік өрістер туындатады» [1]. Осы жерде Уильям Гилберт сонау 1600 ж. «Магнит, магниттік дене және үлкен магнит – Жер туралы» еңбегінде айтқан үлкен магнит – Жер демекші, Жер шарының магниттік өрісі (ЖМӨ) мен болмысы турасында айта кетейік: Жер ядросы мен оны қоршаған магма ортасында электр тоқтарының тұйық тізбектерінің саналуан түрлері мен қисапсыз саны осы шардың ғажайып зор магниттік өрісін туындатып, бүкіл биосфера тұрғындарына – флора мен фауна мүшелеріне «өмір» деген жаратылыс сыйлағанын айта кетуге тиіспіз. Әлбетте, жалғыз ЖМӨ ғана осы ерен құбылыстың туғанына жауапты емес, гравитация мен радиацияның үлесі шексіз, біздің осыларға қосып айтарымыз: тіршіліктің туындап, кең етек жаюына қажеттілігі міндетті тағы бір құбылыс бар – ол кавитация, яки көпіршік-ату. Әрине Күннен жаратылатын Жарық Дүние және соның атрибуттары – сәулесі, жылуы, желі, райы, жарығы, әлдік өрісі және қуаты мен энергиясы тіршілік атаулының болуының ең басты һәм негізгі алғышарттары. Осында аттары аталып, заттары затталған ұғымдардың ішінде ешқашан көрсетілмей, аталмай, шетқақпай болып келген тек көпіршік-ату құбылысы ғана екендігі енді міне айғақталып отыр. Соған да шүкіршілік десек – ендігіде орынды болмақ. Бүгіндері біз жаңалық ретінде ашып, көрсетпесек [6], әлі қанша уақыт адамзат Жарық Дүниенің өзінде-ақ «көрмес – түйені де көрмес!» кейіпте жартыкеш болып, ғұмырын кеше берер ме еді, қайтер еді? Иә, кешіп келді ғой бүгінге дейін, бірақ-та онда қайран Эйнштейн армандап өткен «Ұлы тұтастық, бірегейлікке» жету («Великое объединение – Great unification») жайлы басқалар армандамаса да болады, яғни Абай бабамыздың сөзімен айтқанда, «Баяғы кетік – сол кетік» болып тұратын да, қоятын да еді.

Біз бірнеше мақаламызда дәлелдегеніміздей [4], [5], [7], электр құбылысының өзі көпіршік-атумен тікелей байланысты екен, енді міне, магниттік құбылыс та, өріс те көпіршік-атуға тәуелді екендігіне көзіміз жеткендей болып отыр.

2 Күңгірт фотон ұғымы магнитизм құпиясын ашуға жаңа жолайрық болса ше? 

Біз бүгіндері ғалымдардың қолданысында жиі орын алып жүрген жаңа ұғымның бірі  «күңгірт фотонға» көңіл аударғанды жөн көріп отырмыз [8]-[10]. Бірден ескертіп қояйық – бұл ұғымды біз басқаша түсіндіріп қолданамыз, сондықтан оған өзімізше де атаулар береміз: «көрінбес фотон» намесе – «фотион» (орысша – «тёмный фотон» – «невидимый фотон» – «фотион», ағылшынша – «dark photon» – «invisible photon» – «photion»). Бұлардың мән-мағынасы төменде біртіндеп айқындалады.

Бұл ұғымды жарық құбылысына байланысты қарастыра отырып, жоғарыдағы «кавитион» ұғымымен қосарластырудан бастайық, өйткені көпіршік-ату теориясындағы ЖЖ-ҚТҚ – жоғарғы жиілікті құбылмалы тербелмелі қозғалыс кезінде құбылыстың әр периоды ci1 типті кавитионның жарылып-толықсып деп түсіндірілген үздіксіз қайталанатын жұптарынан қалыптасады [4]-[5], [7]. Демек, осындағы жарылулар тізбегін бөліп алып қарастырсақ, ол жарық құбылысын туындатса, ал периодтың екінші жартыларындағы толықсулар тізбегі фотонның көрінбейтін күйін қалыптастырмақ, міне сондықтан да осыны «көрінбес фотон» немесе «фотион» десек дұрыс болары хақ («кавитион» терминіне үндестіріп!).

Осыған ұқсастырып [4]-[5], [7], электронның ci1 типті кавитионға айналып, электрлік құбылысын туындатуында да ЖЖ-ҚТҚ кезінде үздіксіз қайталанатын жарылу-толықсу жұптарының толықсулар тізбегін «күңгірт электрон» – «көрінбес электрон» немесе «электион» десек дұрыс болар деген ойдамыз (орысша – «тёмный электрон» – «невидимый электрон» – «электион», ағылшынша – «dark electron» – «invisible electron» – «election»!).

2.1 Жоғарыдағы бастамамызды ширата түсейік

Бұдан әрі бастаған ойымызды жалғастыратын болсақ, «күңгірт электрон» – «көрінбес электрон» немесе «электион» өзінен өзі тағы бір жаңа ұғымға сұранып тұрғандай: «магнитион» (орысша – «магнитион» – «невидимый магнитион», ағылшынша – «magnetion» – «invisible magnetion»), яғни бұл арада айтпағымыз магнит ұғымы – тума ұғым, ол электр ұғымынан, турасын айтсақ – электр-магнитизм ұғымынан туындайтын ұғым – деп тұжырымдауға болады демекпіз. Шынында да, электрон кавитионға айналып, электрлік құбылысы туындағанда, ол өз кезегінде электр-магниттік тоқындардан өріс қалыптастырады, яки – электр-магнитизм ұғымын туындатады. Міне осы өріс магнит ұғымын, яки магнитизмді туындатады. Осы арада мынадай сұрақ сұранып шыға келеді: табиғатта дайын күйінде кездесетін магний, магниттер, ферромагниттер т.б. ше – олар қалай электрлік құбылыстың қатысуынсыз пайда болған ба?

Мен бұл сұраққа әзірше былай жауап берер едім: электрлік құбылыс пен электр-магнитизм табиғатта молынан кездеседі және де оларға қоса, магниттелу деген ұғым да бар. Мінеки, кейбір табиғатта дайын күйінде кездесетін химиялық элементтер (ХЭ) мен солардың қоспалары табиғаттағы көпіршік-ату құбылысының араласуымен электрлік құбылыс пен электр-магнитизмнің арқасында магниттелуге ұшырап, сол қасиетті бойларында сақтап қалады, яғни олардың атомдық немесе молекулалық құрылымы соған бейім келеді, ал ондай қабілеті жоқ ХЭ мен қоспаларда магниттелуге ұшыраса да, олардың бойларында магнитизмдік қасиет сақталмайды.

Әлбетте, бұл айтылғандар көпіршік-ату теориясы тұрғысынан болғандықтан, осындай ой-тұжырымдарға тап болып отырмыз. Шынтуайтына келсек, электр мен магнит ұғымдарының қайсысы бірінші, қайсысы екінші, қайсысы жетекші, қайсысы жетектелуші, қайсысы қайсысынан пайда болған екенін дөп басып айта қою – оңай іс емес. Басқаша айтқанда, бұл арада «Тауық алғашқы ма, әлде жұмыртқа алғашқы ма?» деген осы күнге шекті шешімін тапқызбай келе жатқан парадоксқа ұқсап, соның бір түріне айналып кетуі де мүмкін – бұл мәселенің.

3 Күннің термо-, соно-ғажайыптарына байланысты бірінші шегініс

Осы жерде тағы бір қызғылықты жәйтке тоқталмай кетуге болмас: Күнде тоқтаусыз, толассыз өтіп жататын термоядролық реакциямен қатар электрлік һәм магниттік құбылыстар қосарласып жүретінін ғалымдар баяғыда-ақ анықтап, зерттеп-зерделеп қойған: Күнді айнала қоршаған магниттік сферасын да әрқилы әдістермен, құрал-жабдықтармен зерттеуді тоқтатқан емес, тіптен NASA дәл Күн ғаламшарының өзіне дейін мейлінше жақын қашықтыққа жете алатын зондты ұшыруды дайындап, іске асырғанынан да хабардармыз. «2018 жылдың 12 тамызы күні Флорида штатындағы Канаверал мүйісінен SLC-37 айлағынан Delta IV Heavy зымыран-тасымалдағышы көмегімен NASA – АҚШ ғарыш агенттігі Parker Solar Probe зондын Күнге қарай ұшырды [11]. Ол Күн тәжін зерттеу мақсатында 7 жылдай ұшып, 2024 жылы Күнге 6 млн км-ге жақындап, адам қолынан шыққан ең алғаш жәдігер ретінде мейлінше жақын қашықтыққа таямақ. Сөйтіп, Күн тәжіне жақындағанда ол 725 мың км/сағ жылдамдықпен ұшатын көрінеді, ол үшін «Паркер» зонды Шолпан ғаламшарының жақын маңайынан 7 рет жанап өтіп, пертурбациялық манёвр көмегімен қозғалысын үдетіп отырады екен. Соның нәтижесінде Күн бетінің температурасы Цельсия бойынша 5 726 градус қана бола тұрып, Күн тәжінің температурасы неліктен Цельсия бойынша 1,7 млн градус шамасынан асып, тіптен 29 млн градусқа шекті болатынын анықтамақ көрінеді». Оның үстіне оқтын-оқтын жан-жағына тасқындап жөңкілетін күнжелінен де мол мағлұмат жинақталуда, өйткені оның бір парасы Жерге жетіп, соның магнит өрісімен әсерлесіп отырады, барша тіршілік иелеріне де әсерді молынан көрсетуде, ол кейде пайдалы болса, кейбіреуге сырқаттарын үдететін жағдайлар да кездеседі, мысалға – гипертониктерге. Ал пайдалы жағына тоқтай кететін болсақ, құстардың жыл мезгілдік, кейбір су жануарларының  миграциялары, мысалы киттердің, жәндіктердің миграциялары, мысалы монарх көбелектерінің мұхиттың үстінен ұшып өтуі магнит өрісінің әсерінсіз мүлде бола алмайды. Мінеки, магниттік әсер мен құбылыс Жердің өзінде де, оның қоршаған ортасында да еш тоқтамастан өзін паш етуде.

Ғалымдардың дәлелді пайымдауынша, Күн бетінің астыңғы қабатында электрленген һәм магниттелген домендер мен гранулалардың тұйықталған тізбектері толассыз қалыптасып-жойылып, жойылып-қалыптасып бұрқырап-сарқырап жататын көрінеді. Күн ядросының температурасы 13,5 млн градус Цельсия шамасында болады екен. Сол ортадан оқтын-оқтын зор жарылыстар қайталанып, солар беткі қабатқа дейін, тіптен одан да шығып, мыңдаған километрлерге Күн материясын шашыратып отыратынын еш қалт жіберместен Жер бетіндегі абсерваториялар мен аспанда ұшып жүрген зерттеуші ЖЖС бақылауда. Содан, калыпты жағдайда 6 мың градус Цельсия шамасында (дәлірек айтсақ: 5 726) болатын Күн беті температурасы миллион градусқа жетіп, ал Күн коронасы – тәжінің температурасы 1 700 мың градус Цельсия шамасынан асып, тіптен 29 000  мың градус Цельсия шамасына жақындайтын көрінеді. Ал мұндай температураны плазмадағы көпіршік-ату құбылысынсыз түсіндіру мүлде мүмкін емес екендігін біздер қазір жақсы білеміз.

Тіптен, Күн ядросында жоқ температура одан жырақта қалай пайда болады – бүгінге шекті соның көзін, нақ себебін ашып айтып берген ғалым да, маман да табылмағаны жасырын емес. Сөйтсек, оның көзі де, себебі де көпе-көрнеу тылсым күш пен энергия туындатушы көпіршік-ату құбылысы екендігі ешкімді де ендігіде бей-жай қалдырмас [6].

Бұл айтқандарымыз термо-ғажайыптарға байланысты болса, Күнде болатын, бірақ біз ести алмайтын соно-ғажайыптар алғашқылардан еш кем емес және де аз да емес, өйткені көпіршік-ату құбылыстары жарылыстар мен сәулеленулер себебінен температураны қаншалықты шарықтатса, соншалықты дыбыстарға сол маңды толтырып, даңғырлатпақ. Күнге қарай ұшып бара жатқан «Паркер» зонды осы соно-ғажайыптарды да жазып, Жерге жолдаса нұр үстіне нұр болары сөзсіз.

4 Күңгірт материя – дүние ұғымына байланысты екінші шегініс

Күңгірт ұғымдардың тууына ең басты себеп болған «күңгірт материя» екені баршамызға аян. Дегенмен де, алғашында «күңгірт фотон» неологизмінің авторлары: Лотти Акерман, Мэттью Бакли, Шон М. Кэрролл, Марк Камионковски: “бұл ұғымды «күңгірт материя» ұғымына негіз болар және де соның арқасында біз стандартты модельге емес, тек күңгірт материяға қатысты ұзақ қашықтыққа тарайтын U(1) калибрлік өрісінің («күңгірт электр-магнитизм») астрофизикалық салдарларын зерттейміз” – деген үміттері ақталмай қалды [9]. Яғни, неміс физик-экспериментатор ғалымдары Дрезден қаласындағы Helmholtz-Zentrum Dresden-Rossendorf (HZDR) ғылыми орталығында элементарлық бөлшектердің HADES датчигінің көмегімен нақты тәжірибелер өткізіп, жоғарыдағы авторлардың күңгірт фотонға және күңгірт материяға қатысты ойларын жоққа шығарды. Солай дей отырғанмен, бұл айтқандарымыз «күңгірт материяны» жоққа шығару деп қабылданбауы тиіс.

Біздің «күңгірт фотонға» қатысты жоғарыдағы ұсынысымыз бұл ұғымнан да бас тартуға мүлде болмайтынын паш етіп, әдейі болмаса да, оны қорғап қалуға септігін тигізбек, бірақ оның табиғатын түсіндіруі жоғарыдағы авторлардың пайымдарынан – қағидалы түрде басқаша болмақ.

4.1 Күңгірт материя ұғымына көпіршік-ату теориясын бейімдеп көрсек...

Күңгірт материя (КМ) ұғымына қайта оралсақ, бүгіндері онымен айналысатын ғалымдар да, ғылыми қауымдастықтар да жетіп артылады, монографиялар, тіптен оқулықтар жарыққа шығып үлгерген [12]-[17].

КМ ұғындыруда эмпириялық пайымдаулардан бастап [12], терең тыңғылықты зерттеулер де [13]-[17], мақала түріндегі бір сыдырғы талқылаулар да [18]-[20], Интернет сайты және деректі фильм, бейне фильм түріндегі талқылаулар баршылық [21]-[23].

Жоғарыда 2, 2.1-баптарда біз «күңгірт фотонға», «күңгірт электронға» тиісінше фотион, электион деп атап және де магнитион деген неологизмді соларға қосып, жаңалаған едік. Енді осы ұғымдарды күңгірт материя – дүние ұғымы тұрғысынан қарап көретін болсақ, нендей нәтиже алар едік?

Мен айтар едім: «күңгірт электр-магнитизм» (орысша – «тёмный электромагнетизм», ағылшынша – «dark electromagnetism»). Жоғарыдағы 2, 2.1-баптарға қарай отырып, басқаша айтсақ, «көрінбес электр-магнитизм» (орысша – «невидимый электромагнетизм», ағылшынша – «invisible electromagnetism») болады. Осылардан қисынды түрде мынадай нәтиже шығады: «көрінбес электион-магнитионизм» (орысша – «невидимый электиономагнитионизм», ағылшынша – «invisible election-magnetionism»). Әрине, оғаштау естіледі, бірақ-та, біз мұндайға әзірше онша көңіл аудармай-ақ қояйық.

Ал, осылай болсын делік, онда терминологиялық түрде, әзірше тек форма-тұрпаттық мәнде бұл өзі «күңгірт –  қараңғы материя» – «қараңғы дүние» ұғымы қалыптасқандай сезім туындатпай ма?

Мағыналық тұрғыдан әлбетте бұл гипотезаны да неміс әріптестерге сараптама жасатып, тәжірибелік тексерістен өткізіп алған жөн болар ма еді? Задында, сондай сараптама бүкіл көпіршік-ату теориясына, сондағы жасалған тұжырымдамаларға керек-ақ!

Қорытынды.  Шынтуайтыне келсек, кез-келген жаңа теория практикада, нақтылай айтсақ, тәжірибеде егжей-тегжейлі тексеріліп, нәтижелер әбден пысықталып, содан барып қорытынды тұжырым жасалуы тиіс. Оны болашақта реті келгенде атқара жатармыз немесе әлемдік деңгейде әбден жарақталған зертханаларға тапсырыс беріп, тәуелсіз сараптама жасатармыз. Дегенмен де, бұл мәселеде мынадай қиындықтар туындауы ықтимал: ең алдымен жаңа теориямыздың негіздерімен сол тәжірибешілердің өздерін етене таныстыру қажет болмақ; екіншіден, жалпы академиялық ортада дүниетанымдық түпкілікті өзгерістер – ғылыми революция деуге де болады, - жүзеге асырылуы тиіс болатынына бек сенімдіміз!

 

ӘДЕБИЕТТЕР МЕН САЙТ СІЛТЕМЕЛЕРІ:

1. Е. Колабская. Природа магнетизма и гравитации. Гипотеза Ампера о природе магнетизма// Сайт https://fb.ru/article/307396/priroda-magnetizma-i-gravitatsii-gipoteza-ampera-o-prirode-magnetizma

2. А. Савчук. Кто открыл электричество? Исследования и открытия// Сайт – https://fb.ru/article/258723/kto-otkryil-elektrichestvo-issledovaniya-i-otkryitiya

3. Д. Ларсон. Сущность магнетизма// Сайт – https://alexfl.ru/vechnoe/vechnoe_larson25.html

4. D.A. Aubakir, Y.D. Azen. “Cavition” - a fundamental quantum-source of cavitation’s Force and alternative Energy// 09 September 2018, 14:23. Posted in Blog of the Massaget Portal – https://massaget.kz/blogs/24954/

5. Д.А. Аубакир, Е.Д. Азен. Кавитион – неологизм от кавитации. кавитационные сила и энергия, вырабатываемые кавитионом// 30 июня 2018, 18:46. Внесён в Блог Портала Massaget – https://massaget.kz/blogs/oy_tolgaular/24825/

6. Дәуренбек Әзенұлы ӘУБӘКІР, Ерабылай Дәуренбекұлы ӘЗЕН, Кенжебек Азенович Аубакиров. Авторлық құқық объектісіне құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы куәлік: «Көпіршік ату  –  табиғаттағы еркін энергия көзі болып табылады. шар-найзағай – көпіршік атудың тікелей қатысуымен пайда болады, түзіледі және өзтүйткілденеді: қозғалады, бар болады, жоғалады». 10.10.2017. № 2296. ИС 009992.

7. Д.Ә. Әубәкір, Е.Д. Әзен. Көпіршік-ату құбылысын ғылыми категорияға айналдыра отырып, тереңдетіп зерттеу. Кавитиондардың ерек болмысы// 02 наурыз 2019, 12:49. Блогқа жазылды: Massaget порталы – https://massaget.kz/blogs/baykau/25434/

8. Владимир Кузнецов. Что такое «темные фотоны» и почему физики снова начали их искать//Сайт https://hi-news.ru/research-development/chto-takoe-temnye-fotony-i-pochemu-fiziki-snova-nachali-ix-iskat.html

9. Sean Carroll. Dark Photons// Posted on October 29, 2008. Сайт

https://www.preposterousuniverse.com/blog/2008/10/29/dark-photons/

10. «Темные фотоны» не являются элементами темной материи// Сайт https://sci-dig.ru/physics/temnyie-fotonyi-ne-yavlyayutsya-elementami-temnoy-materii/

11. https://ru.sputniknews-uz.com/video/20180813/9101368/Vse-blizhe-k-solntsu-kak-NASA-zapustilo-zond-Parker-Solar-Probe.html

12. Тёмные атомы и тёмные вселенные// Сайт https://filosof-a.livejournal.com/1076.html  

13. Г.В. Клапдор-Клайнгротхаус, А. Штаудт. Неускорительная физика элементарных частиц. М.: Наука Физматлит, 1997.

14. R.H. Sanders. The Dark Matter Problem: A Historical Perspective. Cambridge University Press, 2010.

15. А.М. Гальпер, А.В. Гробов, И.В. Свадковский. Эксперименты по исследованию природы тёмной материи: Учебное пособие. М.: МИФИ, 2014.

16. D. Majumdar. Dark Matter: An Introduction. CRC Press, 2014.

17. Я. Эйнасто, А.Д. Чернин. Тёмная материя и тёмная энергия. М: Век-2, 2018, 176 с. ISBN 978-5-85099-197-5.

18. Insight: Dark Matter// Nature Physics & Nature Astronomy. 2017. Vol. 13/1, No. 3.

19. G. Bertone, T.M.P. Tait A new era in the search for dark matter// Nature. 2018. Vol. 562. P. 51-56. DOI: 10.1038/s41586-018-0542-z.

20. G. Bertone, D. Hooper. History of dark matter// Reviews of Modern Physics.  2018. Vol. 90. P. 045002. DOI: 10.1103/RevModPhys.90.045002.

21. Сайт Modern Cosmology, содержащий в том числе подборку материалов по тёмной материи.

22. Н/п д/ф «За пределами тьмы» из цикла «Сквозь кротовую нору с Морганом Фрименом» (видео).

23. А. Черепащук. «Новые формы материи во Вселенной. Ч. 1» Тёмная масса и тёмная энергия. Из цикла лекций «ACADEMIA» (видео).



Бөлісу: