Табиғат та алдап жатты

Табиғат та алдап жатты

   Наурыздың нұрына шомылып, шуағына жылынып, жанымыз жадырап, қытымыр қыстың қаталдығын бірден ұмытып, қыстық тондарымызды сандық түбіне салып, жеңілдеп қалған болатынбыз. Наурызды бітіріп, 1-сәуірді қарсы алған шақта ақжауынның сіркіреген сесінен сескеніп, қолшатырды қорған тұтып, әрлі-берлі  сабылыстық. Даладағы тірлігіміз бітіп, панамызғы келіп, жылынып та алдық. Бәрібір де ақжауынның иісін сағынып, кешкі сағат 21:00 шамасында далаға шықсақ, қыспен бірге шығарып салған аққарымыз ақжауынға қосылып алыпты. Аспаннан қалықтай келіп, басымызға қонып жатыр. Жанымдағы құрбыларым ертеңгі күнді ойлап, қысқы тондарын ауылдарына апарып тастағандарын айтып, көктей бастаған табиғаттың ақ көрпені қайта жамылмасын білсе де, енді не киеміздің қамына кірісіп жатыр. Құрбыларымның уайымын басу үшін

  -Бүгін 1-сәуір алдау күні емес пе? Біз бір-бірімізді алдасақ, табиғат  бізді алдап жатыр, - дедім.

  Табиғаттың да іші пысты ма, әлде кейбір ескермегендердің есіне салғысы келді ме, осылай бізді алдап жатты. Бірақ, біз бұған алданбайтын шығармыз. Себебі, сәуірдің сырын жақсы білеміз ғой.



Бөлісу: