Сізге мотивация керек пе?
блог
А, мотивация? Ол не?
Уикипедия: Мотивация (ағылш. motіvation) – қолданылу ыңғайына қарай қазақша "ниет", "түрткі", "кірісу", "жігерлену", "ынталану" сөздерінің мағынасына жақын келетін, қазіргі заман мәдениеті мен гуманитарлық ғылымдарында кең қолданылатын ұғым.
Сіз барлығынан шаршадыңыз ба? Жігеріңіз құм болып,өзіңізді бұлыңғыр тұманның ішінде қалғандай сезінетін де шығарсыз? Сәтсіздіктерге ұшырап, өзіңізге деген сеніміңізді жоғалттыңыз ба? Тағысын тағылар...Осындай жағдайлар болса, сіз,әрине, мотивация іздейсіз. Бірде жақын адамдарыңыз қолдаса, бірде достарыңыз көмек беруі мүмкін.Бірақ, барлық уақытта бірдей олай жолыңыз бола бермейді.
Ондай жағдайда не істейміз, соны қарастырып көрейік.
Соңғы уақытта, бәлкім, психологиялық жағынан әлсіз болғандықтан болар, интернеттен мотивация іздейтіндердің қарасы көбейіп кетті. Оның бір себебі –жаңағы айтылған нәрсе болса, екінші бір себебі-кітап оқымау деп ойлаймын.Жә,енді менің кеңесімді оқып көріңіз.Мен,өмірден түңіліп,мотивация іздеген жандарға «кітап оқыңыздар» дегім келеді.Осы кезде «қандай кітап?» деген орынды сұрақ туады. Сіз,әрине, психологиялық кітаптардың көмегіне жүгінуіңіз мүмкін. Дұрыс. Алайда,қазақтілді мұндай кітаптар жоқтың қасы,іздесең де таппайсың. Сол үшін, қарапайым көркем әдебиетті оқыңыз деймін. Неге?
Себебі, онда боямасыз өмір бар,шынайылық бар. Қысқасы, не іздесеңіз сол бар. Мен ұсынар алғашқы шығарма- Шерхан атамыздың «Ай мен Айша» романы. Бұл туындыны оқығандар арасында тебіренбеген адамдар кемде-кем, тіпті жоқ та болар. Романды оқып осындай ойға келеріңіз сөзсіз.Жүректі қозғап, көңілді тербегенде көзіңізден қалайша жас шыққанын байқамай да қаласыз. Ол–рас. Сонау зұлмат жылдар, автордың өзі еске алғысы келмейтін азапты күндер тұп-тура көз алдыңызға келеді. Сондай естеліктерді айтып отыратын атамның әңгімелерін қағаз бетінде көргендей болдым.Естіген уақытта кішкентай болдым ба,әйтеуір, онша сеніңкіремейтін едім.Бірақ,оқығандағы әсер мүлдем бөлек болады екен.Кітаптағы кейіпкерлердің өмірі көз алдымнан өткенде ,біздің «қиындық» деп жүргеніміз түк емес екен дедім. Болмашы нәрсеге ренжіп, тіпті жылаған кездерім үшін ұялдым. Көп жерде артық кетіп, қателескен кездерімді сонда алғаш түсіндім.Бұл кітап менің өмірге деген көзқарасымды түбегейлі өзгертті десем, қате болмас еді.Осыдан кейін өз-өзімнен жігерленіп,барлық нәрсеге басқаша көзбен қарап,ойланып сөйлейтін болғандаймын.Сәтсіздіктерде сенімімді жоғалтпай, сынға сынып кетпеуді үйрендім. Мотивация деген осы ғой? Меніңше солай... Сіз де оқыңыз, мен сезінген күйді сіз де сезініңіз, бастысы мотивация алыңыз.
Жалғыз бұл емес, Оралхан атамыздың «Атау-кере» , «Бәрі де майдан үшін» сынды шығармаларын ұсынамын.Тағы да сол соғыс жылдарындағы қиын –қыстау кезең суреттелген. Алуан –алуан тағдырлар, түрлі-түрлі кейіпкерлердің өмірін көресіз.Жоғарыдағы әсерді осы шығармалардан да аласыз. Бұл шығармаларда шынайы өмір көрінісі бейнеленген.Бір уыс бидаймен бір отбасы жан сақтағанын оқығанда,осы күніңізге шүкіршілік етуді үйренесіз.Кітап оқып, өз ойыңызды, сонымен қатар, өз өміріңізді өзгертетініңізге сенемін.
Әлі де мотивация қажет болса, поэзия туындыларын ұсынамын. Мұхтар, Мұқағали секілді аталарымыздың өлеңдерін оқуыңызға болады. Тіпті болмаса, қазргі уақытта желіде Бек Жылқыбаев есімімен танылған ақын ағамыздың өлеңдерін оқыңыз. Көп шығармасына осы тақырыпты арқау ететін мықты ақын деп есептеймін .Міне, нағыз мотивация!
Пы-сы: Кітапта бәрі бар: білім де, өнер де, мотивация да, басқасы да. Кітап оқыңыздар, мотивация ала алмасаңыз да, құрығанда, рухани байи түсесіз ғой)