Сізге бірінші Атақ керек пе әлде Байлық керек пе?

Ринаттың әр өлеңі адамға ой салатын ұтқыр,тың тақырыптар жазады. Мүмкін осы өлеңді баяғыда оқығанмын дерсіздер біреулеріңіз, десе де  пікірлеріңізді айтарсыздар. 

Алтын – жақұттан айнытқан мыңын,
Жапанда ол бір жатқан қай мекен.
Адамның бәрі байлықтан бұрын,
“Атақты” деген атты аңсайды екен.

Жерітіп үні лақап күлкінің,
Жүректе ызғар, көңілде қырау.
Құйрығын қуып атақ – түлкінің,
Талайлар жүр-ау, өмірде мынау.

Пір тұтқан заман үркек көкекті,
Атақпен солай болды ма ел асқақ.
Амалы құрып шіркеуді өртепті,
Атағы үшін сорлы Герострат.

Бермеске басқа ақыл қырағы,
Естері кетіп елді жағалар.
Атақты әйелді қатын қылады,
Атағы үшін кейбір ағалар.

Білдіріп жұртқа күлкінің парқын,
Қытықтап бәрін атырап қырдан.
Атағы үшін Никулин марқұм,
Өз – өзін талай ақымақ қылған.

Түйсігім – қалқан, ақыл – қорғаным,
Сөз қорымында мүрдемін бөтен.
Менің де мынау ақын болғаным,
Атақты қуып жүргенім бе екен?

Сынымды болжап, мінімді жорып,
Есіркеп қарап, еріне жүдеу.
Шапаны жылтыр түрімді көріп,
“Атақты” дейді мені де біреу.

Серігім болар бер қаруымды,
Тойдырмай дұрыс бетінен ұдай.
“Айтулы” қыл да бейбақ ұлыңды,
“Атақты” қылма өтінем, Құдай!

 

Авторы: Ринат Зайытов



Бөлісу: