Сізден қандай саудагер шығады?

Сізден қандай  саудагер шығады?
жеке
блог

Сізден қандай саудагер шығады?

Саудагерлердің   өздерін  бірнеше   топқа  жіктеуге болады:  адал  саудагер,  «өзім»  дейтін  саудагер, жаңғалақ  саудагер,  бай   саудагер,   екі  ойлы  саудагер.  Олар қандай  саудагерлер,  сізден  қандай  саудагер  шығады?  Оқып,  байқап  көріңіздер. Бәлкім,  өзіңізді осы топ  арасынан  табарсыз.

Адал саудагер – нәпақасын адалынан  табатын, ар жолында қызмет ететін маман. Оның адалдығы ең алдымен сатып отырған тауарына да байланысты, яғни тауар – сапалы , бағасы өз құнына сәйкес,  адал. Сатып алушыларға да ең керегі осы. Саудагер өзінің адалдығы арқасында келушілерді де оңай жинап ала алады. Сауда  орнына тұрақты келушілерінің саны  да көп болады. Тіпті кезекте тұру жиі қайталанып жатады. Оған халық та айрықша ықылас білдіреді, себебі ол тауарға да,  оған төленетін ақшаға да адал болады. Саудагер халыққа қызмет ететін маман болғандықтан, келушілер оның сырт келбетіне де мән береді. Көбіне адал адам салмақты болады, салмақты адамнан салмақты келбет не суық жел есуі мүмкін. Егер   шырайлы, күлімсіреп тұратын жылы жүзді болса,  онда оның нағыз халыққа қызмет етер маман болғандығы.  Мұндай саудагердің саудасына кедергі келтіретін фактор да болуы мүмкін. Ол – дұрыс таңдалмаған  сатушы. Сатушысы да дәл өзіндей болса, онда оның саудасы  әрі қарай дөңгелемек.

«Өзім» дейтін саудагер – халық үшін емес, өз  қалтасының кеңеюі үшін   қызмет ететін  саудагерлер. Оған  елдің  жағдайы маңызды емес, бастысы тауарының тез өтіп, айналымның жиі-жиі қайталанғаны  керек. Тез-тез бәрі бола қалса екен дейтін оның бұл қылығы халыққа да жақпайды. Себебі ол бәрінің бірден бола қалғандығын қалап,  кейде нәпсісіне ырық бере алмай, төленген ақшаны, не таразыны  «жеп»  қоя салуы да мүмкін. Міне, осының салдарынан оған деген сенім де жоғалады. Мұндай ниетті саудагерлер  табиғатынан  көбіне тез-тез қимылдайтын,  жылпос болады. Себебі ол үшін уақыт та – ақша. Оған актерлік шеберлік тән болуы мүмкін. Жалған күлімсіреп, келушілерді де жинап алғысы келеді.  Аңқау сатып алушыға тауар бағасын өз құнынан асырып айта салуы да ғажап емес. Олар жылан аяғын көреген қу, есепті шемішкеше шаққан саудагерлер. Көбіне саудагер десе, осындай  адам көзіне елестейді. Себебі жалпы саудагерлер  арасында олардың саны  көбірек. «Сауда сақал сипағанша» деп «өзім»   дейтін  саудагерлерге қарап айтылса керек.

Жаңғалақ саудагер – өз ісінің маманы емес. Себебі саудагерге ең бірінші кажет  қасиет – ұқыптылық. Әрі  саудагер есепке мықты болуы тиіс. Жаңғалақ саудагерлерді жалпы есеп білмейді деп  қараған жөн болмас. Олар есепке жүйрік болғанымен, жаңғалақтығы басым болуы мүмкін. Осы тұста ол халықты емес, халық арасындағы небір қуаяқ оны «жеп» кетуі мүмкін. Барлық саудагердің мақсаты бір – саудасының дөңгелеуі. Алайда жаңғалақ саудагердің ісі дөңгелемек түгілі жүрмей де қалуы әбден мүмкін. Себебі жаңғалақтық саудагер болмысына  мүлдем қайшы.

Бай саудагер.  Бай саудагер  саудасын өзі жалғыз емес, сатушысы арқылы жүргізеді. Халықпен байланысы енді тікелей  оның сатушысына байланысты болып қалады.  Сатушысы адал не «өзім» дейтіндігі арқылы  бай саудагердің  сауда әлемінде  өзіндік орнын айқындап береді. Оның байлығы саудамен айналысу арқылы келген болса, онда оның сауда қадірін білгені. Сондықтан ол байып отыр. Демек, ол  сатушы таңдауда жаңылыспауы тиіс. Мұндай жағдайда оның байлығы толыға түспек. Егер бай саудагердің негізгі  байлығы саудамен келмеген болса, онда  ол сауда  қадірін нақ түсінбеуі мүмкін. Жағдай осылай болғанда бай үшін сауда қосымша тірлік болып қана қалады.  Пайда түспей жатқан жағдайда бай саудагер саудамен  қош айтысып, «бай  саудагер» атауын өзгертіп, тек бай болып қалады.

Екі ойлы саудагер. Қандай ойлы саудагер дейсіздер ғой. Екі ойлы болатын саудагер көбіне шағын кәсіпті саудагерлерге тән.  Ол байыған саудагерлердің  қызметтік өміріне  қарап бас қатыруы мүмкін.  «Олар қалай байыды?  Ана супермаркет басшысы табиғатынан да, ісімен де адал болып келе жатқан тұлға. Ал ана  гипермаркет басшы  болса, туғанынан  «өзім» деп қалған адам. Мен не істейін? Супермаркет әлде гипермаркет басшысы болайын ба?»,- деп өзінің ойын шағын дүкеніне сыйғыза  алмай  саудасын жүргізбек. Сіз бұл дүкенге  саудагер  қай ойды ойлап тұрғанда  барып қаласыз, соған байланысты  тауар алып,  ақшаңыз соған байланысты қайтарылмақ.  

Ой  қорыта келегненде,  өмірдің өзі  - үлкен  сауда.  Тек өзіндік айырмашылық бар. Саудада ақша мен тауар алмасса, өмірде амал мен сауап алмасады. Екеуінде де қарыз ұғымы бар. Бұл - заңдылық. Алайда қарызымыз бастан асып,  қайтарылмай қалмасын. Дүкенге кіргенде «атақты қарыз адам», өмірде күнәһар атанудан баршамызды  да сақтасын  құдай.