Сізді неге жігіттер тастап кете береді?
блог
Алдыңғы блогымды да қыздарға арнап едім. Мені қыз баланың тәрбиесі қатты толғандырады. Жасөспірім шағымда жігіттердің төбелесін, «дедовщинасын» көріп, естіген сайын ұл баланың тәрбиесі қызға қарағанда қиын деп ойлаушы едім. Өсе келе қыз баланы тәрбиелеп, абыройымен құтты орнына қондыру қиынның қиыны екеніне көзім жетіп келеді.
Әсіресе айналамдағы бірнеше қызбен қатар жүретін, қызды шұлықша ауыстыратын жігіттерді көргенде, олардың жанынан табылатын қыздарға жаным аши қарайтынмын. Уақыт өте келе соншалықты «ақымақ» болған қыздың өзіне обал жоқ дейтін болдым.
Өздерінің айтуына қарағанда жігіттер қыздарды «жүретін қыз» (көңіл көтеретін, уақыт өткізетін) және «үйленетін қыз» (ибалы келін, жақсы ана болатын) деп екіге бөледі екен. Алғаш естігенде жағамды ұстадым. Бірақ оған мүмкіндік жасап қойған қыздардың өзі ме деймін. Байқағаным, кей қыздарға жігіттің сәл келісті келбеті, астында қымбат көлігі, күн сайын қыдыртатын ақшасы болса жеткілікті. Өзіңіз әу баста басындағы ақылына, үйіндегі тәрбиесіне мән бермесеңіз, уақытша жылтырақтан қандай болашақ күтесіз?
Иә, жігіттер қылымсып, көзін аударып-төңкеріп тұратын «легкодоступная» қыздарды жақсы көреді, бірақ оларды жар етіп алуы екіталай. Бір қызығы, ондай қыздар бұрын бірнеше жігіттің соңынан жылап қалса да, оңай сенген жігіті соңғысы болатынынан үміттенеді.
Жігіттерге оңай жеткен олжа қызық емес, қиындықсыз көндірген соң, кез келген күні басқасына айырбастай салады. «Арамызда не болып жатқанын түсінбеймін» деп жүріп, өзіне жақындауға келісім берген қыз жігіттің алдында құны қалмайды. Содан соң бір айдан кейін хабарсыз жоғалып кетті деп еңіргенде етегі жасқа толып отырады. Әрине, жоғалып кетеді. Себебі ол кезде жігіт үшін мұндай қыздың бал шырыны таусылады.
Романдардан оқымасаңыз да, кинолардан байқауға болады. «Супер мачолар» күн сайын көңіл көтеретін бір қыз тауып жүріп, бір күні аса сұлу болмаса да, сымбатты болмаса да өзіне бет бұрмай қойған бір қызға байланып қалады ғой. Түбі өзі үшін арман болған сол қызға қол жеткізбей тынбайды, нағыз махаббаттың дәмін сонда сезінеді. Осының бәрін көріп, біліп жүріп қалайша 2-3 күнде ішінде шешім қабылдап, болашағы бұлыңғыр өмірге қадам басасыз?
Бір көргеннен ғашық болып, бірнеше ай ішінде отау құруға шешім қабылдап, бақытты боп кететін жұп та аз емес. Алайда ол үшін өзіңізге нақты не керек екенін біліңіз. Қандай кемшіліктерін қабылдай алатыныңызды саралап, оған қатысты маңызды сұрақтарыңызды толықтай сұрап алыңыз. Болашақта сол адамның қандай қатесін болса да кешіре аламын деген ойға келгенде ғана соңғы шешім қабылдап, онымен бір сапарға аттануға болады. Ал алдымен танып-білейін деп, кездесіп, жақын қарым қатынаста болып жүріп, бір күні менің адамым емес екен деп айну жарамайды...