-Сіз сенесіз бе, махаббатқа ештеңе тосқауыл бола алмайтынына?
Ал ол сенеді... Өйткені...
Бірде құрбыммен шаштаразға барған едім. Біз кезекте отырған шақта егде тартқан, көзіне көзілдірік киген әйелін сүйемелдеп, қолынан демей ұстаған бір ер ағасы келді де, жұбайын орындыққа асқан ептілікпен жайғастырып болып, шаштараз әйелге қарады.
-Айналайын, шаш қысқарту қанша?
-Ерлерге 500теңге.
-Жоқ, әйеліме.
-Ендеше, 800.
-Менің бәйбішемнің шашын қысқартып беріңізші. Бәйбішемнің көзі көрмеуші еді. Сіздерге Ерейментаудан әдейі алып келдім. Жақсылап қиып берсеңіз.
-Жақсы, аға. Келіңіздер.
-Шашын жуып берейік пе?
-Жоқ, қарағым, үйге барған соң өзім жуып беремін,-деді ағай ағынан жарыла тіл қатып,- кезінде қырық қыздың ішінен таңдап алған жарым ғой менің!
Осы сәтте жанындағы жұбайының да жүзі ерекше жадырап, күлімсіреп қойды. Сол апайдың кезегі келіп, шаштараз жұмысына кіріскен кезде де әлгі кісі жарына асқан жанашырлықпен қарап отырды. Осы сәттің бәрін үнсіз бақылап тұрған сәтімде құрбым да шашын қидырып болып, жаныма келді. Ақша төленіп, алғыс айтылып, біздер сыртқа қарай беттедік. Бірақ, көз алдымнан әлгі көрініс кетпей қойды: жанары суалса да, жарының өзіне деген махаббаты суалмаған аяулы от анасы, зайыбының зағиптығын дүниенің тарлығы санамай, оның өмірде барлығын бақыт деп ұғатын кең пейілді отағасы. Он екі мүшесі сау, төрт құбыласы тең бола тұрып, бір-бірін түсіне алмай, жас отауларын екі жаққа қарай жығып әкететін жас отбасылар жайында естіп жүрміз ғой. Ал, әлгі Алланың берген сынағын жұмыла көтеріп, бір-біріне медеу болып жүрген жұбайларды көргенде адам жүрегі мейірімділіктен жұрдай болып, тасбауыр боп бара жатқан заманда әлі де болса жанашырлық атты қасиеттің бізбен бірге жасап жатқанына үнсіз жұбанғандай боласың. Жастардың жанында осындай отағасын "барым" деп, от анасын "бағым" деп санайтын жандар жұбайлар жарастығының көрінісін көрсетіп жүрсе, болашақта босағасы берік, шаңырағы шуақы отаулар тігіліп, берекелі елдің түтіні түзу шығар еді деп ойладым мен автобуста қайтып келе жатып. Махаббатқа ештеңе тосқауыл бола алмайды. Ал сіз сенесіз бе?