Сіз не істер едіңіз?

Алматы қаласында тағы бір жаңа мешіт бой көтерді. Орналасқан нақты мекенжайы Розыбакиев пен Жандосов көшелерінің қиылысы. Тура «Олимп» букмекерлік кеңсенің көршісіне айналған бұл әсем, биік ғимарат көп адамды тәубесіне шақыратыны анық.

Сол күні мен әйеліммен, әпкеммен киім кешек сатып алмақ оймен барахолкаға жол тарттық. №135 автобусқа міндік, іші болса ығы-жығы адам. Мен бас жақта қалып қойдым, қыздар ортасында тұрып тұрды. Кейіннен әйелім өздері тұрған жаққа шақырды, мен итеріп, әйтеуір әупірімдеп жандарына келдім. Бірі үндемей тұрса, екіншісі ызаға булығып тұр. Әңгімені жарым бастады.

Қысқасы, болған жайт мынандай. Ту сырттарында тұрған екі адам: жігіт пен қыз жаңа мешіт жайлы сөз қозғапты. Жігіттің айтуы бойынша, егер ол осы маңайда тұрса міндетті түрде мешітті сотқа берер еді. Себебі күн сайын ұйқыны бұзып, тыныштықты алып, мазаны қашырып, азан шақырылады. Шақырса, мейлі ғой, бірақ дыбыс есейткіш құралын (колонканы) қосып қойғандарын қайтерсін. Соның кесірінен азан жан-жаққа қатты естіледі. Жалпы біреу мені ұйқымнан оятса өлтіруге дайынмын депті жігіт. Біздің мемлекет көпұлтты, тұрғындар шағымданып, сотқа беріп жатса, міндетті түрде заңға сүйеніп бұл істі жеңіп шығар еді деп сөзін аяқтады әлгі жігіт. Өзі өзге ұлт өкілі... Діні мен ділі белгісіз... Қасындағы құрбысы «иә, иә» деп келіскендігін қысқа жеткізген. Жақындарым әңгімені естіп, аталмыш пікірді талқыға салыпты. Бірі жыны ұстап, мұндайға төзе алмайтындығын айтып, байбалам салуға дайын екендігін жеткізсе, екіншісі ұрысқаннан пайда жоқ, себебі олар санасы төмен жандар деп ымыраға шақырумен болыпты. Мен жандарына жетем дегенше анау екеуі (әңгіме кейіпкерлері) түсіп кетіпті. Мен сөзсіз әйеліме қосылып алып, аналардың басына әңгіртаяқ орнатар едім. Менің ойымша, үнсіздік мәселені шешпейді, керісінше ушықтырады. Үндемеген сайын бәлелер басымызға шығып бара жатыр. Ауыздарына келгенін сол себепті айтып жатыр, айтады да...

Ал сіз не ойлайсыз? Не істер едіңіз?



Бөлісу: