2016 жылдың екінші айы да ортан беліне таянды. Біріміз қыстың қалай өтіп жатқанын сезінбей жүрсек, біріміз көктемді асыға күтіп жүрміз. Ал біздің сайттан да жағымды жаңалықтар мен тың ізденістерді күтіп жүрген оқырмандар баршылық деп ойлаймыз.
2016 жылы Massaget.kz сайтының құрылғанына 5 жыл толады. 4 жылдан астам уақыт ішінде өзіндік оқырман аудиториясын қалыптастырған сайттың осы жылғы жоспарлары да жетерлік. Мақсатымыз да айқын. Оқырман игілігі үшін жасалынатын жұмыстарда аянып қалмай, бар күшімізді салатын боламыз. Ол үшін сіздердің айтар ойларыңыз бен ұсыныстарыңыз, қолдауларыңыз біз үшін аса маңызды.
Жалықтырған жаңалықтар
Күнде қайталана беретін тірліктен адам мезі болуы мүмкін. Сол секілді бүгінгі интернет беттеріндегі ақпараттардың да кейде адамды жалықтыратын сәттері болады. Бір-біріне ұқсайтын, болмаса ұқсас тақырыптағы ақпараттарды ашып оқымай-ақ өте шығамыз. Себебі, мұндай ақпараттар көпшілікті жалықтырып үлгерді. Ал біз оқырмандарымызға жалықтыратын ақпараттар мен жаңалықтар ұсынуды мақсат тұтпаймыз. Аулақ болуға тырысамыз. Жалпы, бүгінде сізді қандай ақпараттар жалықтырды? Мәселен мен «интернетті жарды» немесе «жаға ұстатты» тақырыбындағы ақпараттарды ат үстін қараймын, болмаса қарамаймын да. Ал бұл тақырып төңірегінде сіз не дейсіз, оқырман?!
Сіздің ұсынысыңыз – біздің құлшынысымыз!
Алға мақсат қою бір бөлек, ал оны күнделікті жоспар бойынша орындап шығу тағы бар. Ертеңгі күнге жоспарың болмаса, күніңді ұйқымен өткізуің мүмкін. Біз де күнделікті жоспар бойынша үлкен мақсатымызға қол созып келеміз. Сіздердің әрбір айтқан пікірлеріңіз біз үшін аса маңызды. Сол пікірлерді басты назарға ала отырып жұмыс жасайтын боламыз. Бұл тұста ұсыныстардың маңызы жоғары. Біз сол ұсыныстарды барынша жүзеге асыруға тырысатын боламыз. Әрине, барлығын деп те айта алмаймыз. Себебі, сайт ұстанған бағытты да естен шығармайтынымыз рас. Көкейде жүрген сұрақтарыңыз бен айтар ойларыңыз, ақылдарыңыз болса, мархабат.
Біздің сыншы – оқырмандар!
Сын айтылмай, мін де түзелмейді. Сайтта кетіп жатқан кей қателіктерді (ақпараттарда, техникалық, және т.б) өзіміз аңғармай, немесе байқамай қалуымыз мүмкін. Мұндай сәтте көбіне оқырмандар хабарласып, болмаса пікір ретінде қателігімізді айтып жатады. Әрине, қателік болмайды емес, болып жатады. Ал сіздердің оны түзеуге мүмкіндіктеріңіз бар. Өйткені, біздің басты редактор да, басты сыншыларымыз да – сіздерсіздер! Кей қателіктерді бірге түзеп отырсақ айыбы болмас.
Сайттың дамуына өз үлесіңізді қосыңыз!
Massaget.kz – жеке тұлғаның мүддесі үшін емес, қазақтілді оқырманның игілігі үшін жұмыс жасайды. Олай болса ғаламторда ана тіліміздің аясын кеңейтуге тамшыдай болса да өз үлесін қосып келе жатқан сайтымызға сіз де өз септігіңізді тигізе аласыз. Ол үшін сайтта блог жүргізіп, болмаса massaget.kz@gmail.com электронды мекенжайына танымдық бағыттағы мақала немесе пайдалы ақпараттарыңызды жолдауға болады. Тағы бір айта кететіні, жарияланған ақпараттар неге аз көрілім жинады деп көңіл-күйіңізді түсіруге, болмаса сайттағы ақпараттардың көрілімі аз екен деп ой түюге асықпаңыз. Біздің ақпараттар белгілі бір уақыт аралығында ғана маңызды саналмайды. Кез келген уақытта оқырмандар үшін қажет болуы мүмкін. Яғни, көрілім саны уақыт өте келе арта түсетін болады.
P.S Блог жазбағалы да көп уақыттың жүзі болыпты. Тіпті, 2016 жылғы алғашқы блогым екен. Сондықтан да осындай «ұсыныстар мен талап-тілектер тақтасы» іспетті блогтан бастағанды жөн көрдім. Алып-қосарларыңыз болса айта отырыңыздар!