Сіз не дейсіз?
блог
Бүгінгі күні Білім және Ғылым Министрі ҰБТ мәселесін жиі қозғап жүр. ҰБТ жүйесі туралы да дау көп. Оны қолдаушылар бұдан сәтті жүйе жоғын айтса, қарсылар тест оқушының біліміне дәлел емес дейді.
2015 жылы ҰБТ алып тасталынады, оның орнына билетті сұрақтар болады дейді. Себебі, Білім және Ғылым министрлігі жаңа бағдарламаны енгізгелі жатыр. Оған сәйкес әрбір оқушы алдымен аттестация алу үшін, одан кейін ЖОО-на түсу үшін бөлек-бөлек тест тапсыратын болады. Әрі барлығы да автоматтандырылған компьютердің көмегімен. Ал оған дейін ҰБТ әдеттегі қалыппен өтпек.
«Оқушыдан оның білімін ғана тексермей, оны тәжірибеде қаншалықты қолдана алатынын тексеру керек. Біздің ағарту саламыз қазір білім беру бағытында ғана, яғни, қандай да салада ақпарат беру. Жаңа формат бойынша мәтінмен жұмыс жүргізу енгізіледі, оның әр саладағы біліктілігін тексеруге арналған әр түрлі тапсырма беріледі. Бұрын бізге білгені ғана жеткілікті болса, бүгін одан сол білімдерінің арқасында талдама жасай білу және жаңа білім ала алу мүмкіндігі қызықтырады. Жаңа емтихан түрін енгізу оқушының нені есінде сақтап қалғанын ғана көрсетпей, оның алған білімдерін қалай пайдалана алатындығын көруге мүмкіндік беріп, бізге кадрларды іріктеуге көмектеседі», — деді вице-министр Мұрат Әбенов.
Қалай ойлайсыз, мүмкін біз сонда ғана шынайы білімдар мамандарды дайындай алатын шығармыз. Көзбе-көз оқушы мен ұстаз байланысқа түсу арқылы оның сөйлеуі, өз ойын жеткізуі, білімін бақылау т.б. қабілеттерін байқауға мүмкіндік берер. Ең бастысы, тестпен шектеліп қалмайды. Сіз қалай ойлайсыз?
Дегенмен де, бұл әдіс білім саласын жемқорлықтан: тамыр-таныс іздеу мен жен ұшынан жалғасудан құтқара алатынына кім кепіл? Бұл жерде де танысы мен ақшасы барлар қиналмай өтетін болады ма?! Сіз не дейсіз?
Көзбе-көз тұрып, алған білімін қызыл тілмен жеткізген дұрыс па, әлде қара сиямен үн-түнсіз жауап парағын бояған дұрыс па?