Сіз маған серік болыңыз...

Сіз маған серік болыңыз...
жеке
блог

Ақиық ақын 86 жасқа толды...  Ата, туған күніңмен!

        Кең маңдайына қара өлең бақ боп қонған жыр иесінің есімі неге екені белгісіз естіген құлақты елең еткізеді. Ғазалының ғажабымен жүректерді жаулап алған ақынның өлеңдерін оқыған адам әлдеқашан алыста, құмда қалған балалығын, ақ шәлі жамылған анасын, жалындап тұрған жастығын, қайрылмай кеткен ғашығын ойлап, бір сәт болса да сезім тұңғиығына сүңгіп кететіні жасырын емес. Өйткені ол- адам жанының нәзік пернелерін дәп басатын дәрігер,  күйбең тірлікті ұмыттырып, ерекше әлемге елітіп әкететін сезім сиқыршысы.  

     «Егер өлең жазбасам, мен ешқашан да қазақты танымас едім» дейді мұзбалақ Мұқағали.  Ол мектепте мұғалім болып жүре бергенде, біз де танымайтын ба едік, бәлкім. Бірақ, біз білмейтін Мұқағалиды бір құдірет жетектеп алып, адамзаттан алыстау, пендешіліктен пәрменділеу толқыны тулап жататын айдынға салып жіберді. Оның аты-Өлең еді. Ол Ақындықтың қайығына мінді, қаламды ескек етіп алды. Сонан соң жас сәбидей бұлқынды, жас қырандай ұмтылды, Мәжнүннің күйін кешті, Тау ұлы боп тебіренді, Қазақ болып күңіренді. Тек қана ӨЛЕҢ болып... «Махаббат диалогымен» ғашықтарды тамсандырды, «Шәмілге» жазған хатымен Шәмшіге ән салдырды, «Бүгін менің туған күнім» деп жар салдырды.  Оның өлеңін оқыған адам МАХАББАТПЕН ауырып қалды.

       Мен ақиық ақынға мектеп кезімнен ғашық ем. Өлеңін жатқа айтып, қойылымдарында қызыға, қуана ойнайтынмын. Жыл сайын ақынды еске алу кештерінде белсеніп жүретінмін. Бұл жолы ештеңе жасай алмадым. Ауылдан хабарласқан анам:

-         Мұзбалақ Мұқағалидың туған күнін қалайша тойламауға болады?

Менің өзім ауылдағы күйбең тірлікпен жүрсем де, оны ұмытқаным жоқ,-деді. Үнсіз қалдым. Шынымен осы жылы жатақханада ақынға арнап кеш ұйымдастыра алмадық. «Банкет жасап берер едім өзім-ақ» деп ақын Ата төбемен үн қатып тұрғандай жүрегім тыншитын емес.  Бәлкім, мендей хәл сіздің басыңыздан да өтіп жатқан шығар... Онда, сіз маған серік болыңыз...

Ал мен сізді бүгін құттықтай алмадым... Туған күніңмен, АҚЫН АТА!!!