Сіз кітап оқисыз ба?

Тарих пен тағылымның алтын сандығы, білімнің бұлақ басы, адам баласының сан ғасырлық ақыл - ойының  жемісі – кітап.
“Кітап” араб тілінен аударғанда – жазба деген мағынаны береді. Яғни мерзімсіз баспасөз басылымы, көркем-әдеби, қоғамдық-саяси, ғылыми-практикалық мазмұндағы туынды. Кітаптың алғашқы түрлері ежелгі Шығыс елдерінде, Грекияда, Римде қыш текшелеріне, тақта тастарға сына жазумен жазылған. 105 жылы қытай шебері Цай Лунь қағазды ойлап тауып, ХІІІ ғасырда қағаз жасау өнері Шығыстан Батысқа тарай бастады. Осыған орай, Еуропада қолжазба кітап қауырт өркендеп, түрліше әріптер, бас тақырыптар қолданылған.
 “Кітап дегеніміз – алдыңғы ұрпақтың артқы ұрпаққа қалдырған рухани өсиеті. Кітап оқудан тиылсақ, ой ойлаудан да тиылар едік” –деген Ғабит Мүсіреповтің асыл ойы: қазіргі кезде адамдар кітап оқиды ма екен? –деген көкейге сұрақ  туғызады. Шекспир “Маған кітап тақтан да қымбат” деп өз заманында айтқан еді. Қоғамымыздың көпшілігі бұл сөздерді жоққа шығарып жүр. Қазіргі заманда ғылым мен инновацияның дамуына байланысты жастар арасында әдеби кітап оқуға деген ынтасы төмендеуде. Ең өкініштісі, тіпті мектеп оқушылары берілген тапсырмаларды ғаламтордағы кітаптың қысқаша түйінін ғана оқитын болды.
Жаһандану заманында баспаналарда көркем әдеби кітаптардың да азайғаны белгілі. Байырғы заманда әр баспананың төрінде кітаптар жиналған сөрелер тұратын. Ал қазір мұндай жиһаздарды тек мұражайлардан немесе ақын-жазушыларымыздың үйлерінен ғана көре аламыз. Жарайды ол жиһаздар былай тұрсын, тіпті қазір бір отбасының өзінен әдеби бес кітап болсын тапсақ қуанышты болатын болдық!
Осындай әбестіктер үшін Рон Хорнбекер  ызаланды ма, 2001 жылы 5 мамырда көпшілік жүретін жерде мынадай жазуы бар кітапты қалдырып кеткен екен: «Бұл жоғалып кеткен кітап емес, мына сайтқа кіріп, оның бұрынғы иесін біле аласыз. Оқып біткен кітапты әрі қарай саяхаттауға жіберуіңізге болады». Бастапқыда 20 кітап саяхаттауға жіберілген болатын. Жарты жыл өткен соң, 300 ден аса қолданушылар саны көбейген.  Енді Буккроссинг шарасы жыл сайын аталып өтетін болды. Бұл шара тек шет елдерде ғана емес, 2009 жылдың күзінде Алматы қаласында да өз жалғасын тапты. Шараны қарапайым адамдар ойын дер, шын мәнінде бұл шара мәдени проблемаларды уайымдайтын шараның бірі болып табылады.
Астана қаласының 30 тұрғынынан «Сіз кітап оқисыз ба? » деген сауалнама қойған болатынбыз. Бұл сұраққа мынадай жауап алдық: бірі «қызық кітаптар өте аз», «қалтам көтермейді», «уақытым өте аз» деп қалта мен уақытқа сылтау айтса, бірі өмірлік ережелерді қалыптастыратын, өзгертетін, толықтырулар енгізетін, тәлім-тәрбие, жамандық пен жақсылықтың парқын ажыратуға үйрететін  сирек кітаптарды оқитынын айтып жатты. Осындай сылтауларды естіген 
Енді өз тарапымнан  кітап оқудың тиімді 4 ережесін ұсынамын:
Не білгіңіз келетінін анықтау ;
Мәліметті қаншалықты терең білу керек екендігін анықтау;
Белсенді түрде оқу;
Техникалық құжаттарды оқу кезінде сөздіктерді қолдану керек. 
Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы айтқандай: «Кітап оқитын адам, ғаламторда отыратын адамдарды билейді», - демекші уақытымызды бос,  құр еріншектікпен өткізгенше көп кітап оқып, рухани байлығымызды молайтайық !
Ал сіз кітап оқисыз ба?



Бөлісу: