Сіз қаншалықты байсыз?

Сіз қаншалықты байсыз?
жеке
блог

Адам өмірі ақ пен қара жолақтардан тұратын алуандылығымен қызық қой. Бірде қуаныштан шаттанып асыр салсақ, бірде мұңға батып, қайғы құшамыз. Бақыт ақшада емес дегенмен, кейде материалдық жағдай жұтаңдай бастаса, адам өзін қоярға жер таппай, сабырды ұмытып, өмірге өкпелі бола қалады. Жалпы осы күнге дейін бай болуға, молшылық пен жетістікке жетелейтін сан мыңдаған кітаптар жазылып, түрлі тренинг пен семинарлар ойлап табылды. Бірақ қоғам бұдан түбегейлі өзгеріп, жарқын өмір сүріп кете қойған жоқ. Мамандардың айтуынша, бұл көбіне-көп адамның өз өміріндегі рухани байлықты көре алмауынан екен. Ол үшін бір сәтке өзіңізді детектив санап, өміріңіздегі құнды дүниелерді іздеп, зер салып көруге шақырады:

- мыңдаған түстерді ажырата алатын екі көзіңіз бар;

- қайда болсаңыз да тілеуіңізді тілеп отыратын ата-анаңыз бар;

- бір күрек ұстай алатын екі қолыңыз бар;

- су ішемін десеңіз краннан мол су ағып тұр;

- шығармашылығыңызды еркін жеткізе аласыз, ойыңыз жаңа идеяларға бай;

- Интернетке кіру мүмкіндігіңіз бар, ондағы миллион ақпаратты оқу қабілетіңізді айтпағанда;

- осы күнге дейін көрген керемет фильмдер;

- қиялыңызға ерік берген, оқыған кітаптарыңыз;

- достарыңыз;

- туған-туыстарыңыз және т.б.

Осылай жалғастыра берсеңіз, сізден асқан бай адамды таппайсыз. Бір сәтке осыны жете сезініп, түсініп, рақметіңізді жаудырып отырудың өзі қандай керемет. Расында да, біз көбіне байлықты ақшамен сабақтастырып жатамыз, ал негізі өміріндегі бар дүниеге ризашылығы таусылмайтын адам ғана нағыз байлық иесі. Өмірдің қиын белестеріне соқтығысып қалғанда жоқ нәрсенің орнын одан сайын ойсыратып, таусыла бергенше бір сәт құндылықтарымызды еске түсіріп, керісінше толтыра отырсақ қандай жақсы болар еді. Сонда ғана көңіліміз тоқ, ал көңілі тоқ адамға материалдық дүниелерге қол жеткізу де оңайлай түсетін сияқты...