Сіз қаншалықты әділсіз?
блог
Жүрегім менің - қырық жамау, Қиянатшыл дүниеден…
Абай
«Әділет - қиянаттың дұшпаны. Олардың арасында өтетін талас-тартыс күллі адамзат көшінің тағдырына, тарихы мен мәдениетіне сәулесін түсіреді және небір ғажайып шедевр, классикалық туындыны дүниеге әкеледі. Күллі көркем әдебиет классиктері шығармашылығының алтын өзегі - әділет пен қиянаттың мәңгі айқасы, бітіспес майданы. Көркем әдебиеттегі деймін-ау, күнделікті өмірдегі шындық өзегі де осы тартыс емес пе.»
Өмірдің түрлі сәттерінде әділетсіздікті көріп, көңіліңіз қалып, күйінген сәттеріңіз болды ма? Дәл қасыңызда тұрған біреудің әділетсіздігінің куәгері болдыңыз ба? Демек, күн өткен сайын өмірдің өзі тұнып тұрған әділетсіздік екеніне көзіміз жетеді. Әділетсіздік - келесі бір адамды өзінің басына түскендіктен дәл осы іс-әрекеттерге (әділетсіздікке) итермелейтін шартсыз рефлекс, түрткі секілді. Бұндай жағдаймен бетпе-бет келдіңіз бе? Келмек түгілі, әділетсіздікке жол берушінің өзіне айттыңыз да. Ендеше, қарап тұруға дәрмен жоқ. Олай істемесең, не барлық нәрседен ұтыласың, не адам ретінде жер бетінде өмір сүрудің маңызы қалмайды. Қазіргі таңда әділдікке қол жеткізу – қиянатқа қиянатпен жауап беру ма деп қаласың...
Екінші жағы тағы бар... әділет - жан тыныштығының кепілі, оны аңсау адам баласына Тәңіріден дарыған қасиет. Шәкәрім атамыз:
Нысап пен мейірім, әділетті,
Жаныңдай көріп жан сақта.
Ол жолда өлсек, неміз кетті,
Мақсұтқа жетпей қалсақ та, - дейді. Жан баласын алдамау, адалдық, әділетті болу сияқты ізгі қасиеттер сіздің табиғатыңызға сай ма? Онда, бұл сіздің ұстанымыңызға айналсын. Бастысы, Сіз - өз-өзіңізге, Тәңірінің алдында, ар-ұжданыңыздың алдында адалсыз. Әділдік - бұл сіздің тыныш ұйқыңыздың, уайым-қайғысыз, алаңсыз өміріңіздің кепілі. Сіз адам деп аталатын тұлғаның ішіндегі ерекшесі, басқалардан әлдеқайда биігісіз, өмір сүруге әлдеқайда лайығысыз. Адамзат баласы қашанда әділеттікті көксеген және әділеттік жолында күресуден шаршамаған. Ендеше, адал болыңыз, әділ болыңыз. Қай заманда болса да, әділдіктің жеңіп шығары сөзсіз. Ал, қалғандары қиямет күнінде есеп берер деген ой келеді... Ал сіз ше, қаншалықты әділсіз?