Сіз жалғыз емессіз...

Сіз жалғыз емессіз...
жеке
блог

Омырау ісігімен Қазақстанда 25 000 әйел адам ауырады. Бұл тек тексерілуден өткендер ғана... Осындай статистиканы asylana.kz сайтының таныстырылымы кезінде Қазақстандық Онкология және Радиология орталығы мәлімдеді. Ал жылына осы аурудан 1400 әйел адам көз жұмады. Халық саны аз біздің мемлекет үшін, өкінішке қарай, бұл үлкен көрсеткіш.  

Омырау ісігімен ауыратын әйел адамдардың негізі жасы 50 жастан жоғары болуы керек, алайда қазір бұл ауру түрі жасарып кеткен. Тіпті 17 жастағы жас қыздардан омырау ісігі анықталып жатыр. 

"Бізде Қазақстандық көп әйелдердің бұл ауру туралы ақпараттары аз, себебі көп әйелдер әсіресе ауылда тұратын әйелдер тексеруден мүлдем өтпейді. Тіпті уақытылы мемлекет тарапынан болатын тегін тексеру жұмыстарына барғысы келмейді. Ал ауруды анықтаған күннің өзінде "өмір осымен бітті" деп өздеріне шешім шығарып ары қарай емделу жолын іздемейді", - дейді онкологиялық орталықтың мамандары. 

Қазақстанда қазір бұл аурумен күресуге барлық көмек түрі жасалған. Арнайы бағдарламалар жасалып, жыл сайын тегін тексерулер өтіп жатыр. Ең бастысы емделу тегін. 30 жастан асқан кез-келген әйел адам жыл сайын бір рет тексерілуден өтуге міндетті, ал 50 ден асқан әйел адамдарға жылына екі рет тексеруден өтуге міндетті. Неғұрлым бұл ауруды ертерек анықтаса, онымен күресу соншалықты жеңіл болмақ. 

Осы ауру түрімен кездескен немесе өз денсаулығына алаңдайтын барлық нәзік жандылар үшін арнайы asylana.kz сайты ашылды. Бұл сайтта сіз ауру туралы бар мәліметті ала аласыз әрі тегін тексерілуге тіркеліп және осы саланың мамандарынан тегін кеңес ала аласыз. Осы ауруға шалдыққан әйелдердің өмірлері, олардың омырау ісігімен күресу жолдарымен таныса аласыз. 

Әлем бойынша танымал адамдардың ішінде осы аурумен ауырып жеңіп шыққан адамдар өте көп: 

Анджелина Джоли 

Танымал актриса 2013 жылы омырау ісігіне байланысты ота жасатқан. Анджелинаның анасы 56 жасында осы аурудан көз жұмған болатын. Сондықтан да, Джолиде омырау ісігі нақты табылмаса да 87% омырау ісігі болуы мүмкіндігі болған. 

Кристина Эпплгейт

Актриса Кристин Эпплгейтте 2008 жылы омырау ісігі анықталған болатын. Ота жасатқаннан кейін Кристина тұңғыш баласын өмірге әкелді.  Ауруды ерте кезінде анықтаудың арқасында, актриса бала туу мүмкіндігін сақтап қалған. 

Кайли Миноуг 

Австралиялық әнші Кайли Миноугтан 2005 жылы омырау ісігін анықтаған кезде оның жасы 36 да еді. Ол барлық жұмыстарын тоқтатып қойып, бар уақытын емделу жұмыстарына жұмсады. Ісікті алу операциясынан кейін, 8 ай бойы химиятерапия емінен соң әнші өз жұмысына қайта орала алды. 

Анастейша

Америкалық әнші бұл ауру жайлы өте жақсы біледі, себебі әншіге екі рет осы диагнозды қойған. 2003 жылы бір жағына ғана ота жасатқан әншіге 2013 жылы осы диагнозды екінші жағы бойынша қайта қойған. Әнші тек ауруды жеңіп қоймай, осы аурумен ауырып жатқан әйелдерге көмектесумен айналысады. Қазір әншінің омырау ісігімен күресуге көмек беретін арнайы қоры бар. 

Сондай-ақ, ресейлік танымал жазушы Дарья Донцова мен әнші Лайма Вайкуледе бұл ауруды жеңген. 

Көріп отырғаныңыздай, омырау ісігі - бұл өмірдің сізге шығарған соңғы үкімі емес. Сіздің бұл аурумен күресуге құқыңыз бар және сізге бұл күрес жолында сізге көмектесетін орталық, сайт, арнайы мамандар және сіздің жақындарыңыз бар. Сіз жалғыз емессіз! 

P.S. Құрбым, сен тексеруден өттің бе? Ал, анаңды тексеруге апаруға қалай қарайсың? Өз өмірімізді, анамыздың өмірін сақтау өз қолымызда.