Сіз де Джулиан секілді асығасыз ба?

Сәлем, құрметті достарым! Бүгін Массагетке алғашқы блогымды жазбақпын. Дәл қазір бақытты күйді басымнан өткеріп жатқандықтан, осы сезіммен ең жақын деген адамдармен бөлісуды жөн көрдім. Пікір жазбасам да, әрқайсыңыздың блогыңызды оқып, әр күн сайын жаңа толғаныс пен тебіреністің сыры ашылатынына риза боламын.

Қайда екенін білмейміз, әйтеуір бір жерге асығамыз да жүреміз. Таңертең тұра салып аялдамаға асығамын, одан жұмысқа асығамын, артынша үйге асығамын, кешке сүйіктімді көруге асығамын, ұйықтауға асығамын. Бұл жалғыз менің басымдағы ғана жағдай емес шығар...

Күні кеше Робин Шарманың "Монах, который продал свой феррари" деген кітабын оқыдым. Автор заман талабына ілесемін деп, отбасынан, достарынан, тыныш өмірден айырылған кейіпкердің өмірін баяндайды. Сол Джулианның сипатын оқып отырып, өзімді көргендей болдым. Ақырында кітаптағыдай сәл аялдап, жан-жағыма зер салып қарауды жөн көрдім. Бұл - өзгеше сезім екен...

Жапон ойшылдары айтқандай, кеше - төменде ағып жатқан өзен болса, болашақ - аспандағы күн. Ал біз көпірдің үстінде жүріп келеміз. Алғашқысы мен екіншісіне қолымыз жетпейді, сондықтан дәл осы сәтпен ғана өмір сүру керек болар...

Сіз де мен секілді асығасыз ба?



Бөлісу: