Сіз білмейтін 1000 таңғажайып факты #1
блог
Үнемі қалың ойға шомып, терең мұңға батып сезімге толы сырлы, тіпті жылаңқы (осы сөзді массагеттің сөздік қорынан үйрендім) жазбалар көбіне жазатынымыз. Себебі өзімізше осылай бір жеңілдеп қалғымыз келетін шығар. Ол да дұрыс болар. Бірақ анда-санда ол дәстүрді бұзып, сергіп тұрғанымыз да керек. Бүгіннен бастап Л.Кремердің "Сіз білмейтін 1000 таңғажайып факты" кітабын өзімше аударып, назарларыңызға ұсынбақшымын. Ендеше кеттік:
1. Кәдімгі алмаздар жер қыртысында 200 км тереңдікте пайда болады. Вулкандардың атқылауының арқасында олар адам қолы жететін жерге келеді-міс. Кез келген бриллианттың орташа жасы - бір миллиард жарым жылға жуықтайды екен.
2. Монако әскерінің саны 82 адамды құрайды екен. Бұл тұрақты әскер санының қарапайым әскери оркестр әншілерінің санынан (85 адам) аз әлемдегі жалғыз мемлекет.
3. ХІХ ғасыр басталмас бұрын адамдар аяқ киімдерді оң және сол деп бөлмеген екен.
4. Өлгендердің шашы мен тырнағы өседі дегенге сенбеңіз. Ол жай ғана аңыз. Өлгеннен кейін жасушалар өз қызметтерін доғарады.
5. Сиырды баспалдақпен жоғарыға қарай айдауға болады, ал түсіруге тырыспай-ақ қойыңыз.
6. Кірпілер - жыртқыштардың қатарына жатады. Олар алма, саңырауқұлақтармен емес, бақа-шаян, құрт-құмырсқамен қоректенеді екен.
7. Көзіңді ашып тұрып түшкіру мүмкін емес.
8. Финляндияда интернет-құмарлық диагнозымен әскер қатарына шақыртылудан босатылады екен.
9. 111 111 111-ге 111 111 111-ді көбейтсеңіз 12345678987654321 шығады.
10. Тұтандырғыш (зажигалка) сіріңкеден үш жыл бұрын 1823 жылы ойлап табылған.
Әзірге осы. Жалғасын күтіңіздер...