СІЗ АҢҚАУСЫЗ БА?


Мен де аңқау едім. Қазір аңқау емес болуым керек. Айналам солай айтады, өйткені. Ал, бір аңқау ағайынымды анық білемін. Сөзім дәлелді болу үшін бір оқиғаны баяндай салайын (соғұрлым бос отырмыз ғой).
Интернеттің не екенін білмейтін "бақытты" кезім болатын. Жаңағы ағайынымның үйіне барып сәкіде әңгімені соғып отыр ек, үйінің алдына екі тіркемесі (тележка) бар трактор келіп тоқтады да, ішінен біреу секіріп түсіп, бізге қарай асығыстау беттеді. Оның не үшін келе жатқанын сезе қойдым да жанымдағыға,
-Орка, қазір анау саған отын артысып жібер деп айтады,-дедім.
-Айыр сұрайтын шығар,-деді Орка. Жаңағы кісі жанымызға келіп, бізбен екі ауыз сөзбен-ақ амандасты да, Оркаға:
-Жақын ("ағайын" дегенді біз жақта "жақын" деп айтады, қаратпа сөз ретінде), жарты телешкі отын бар еді, артысып жіберші, жарты сағатта бітіп қалады,-деді.
Аңқау "жақыным" елп ете қалды. 
-Болды, "жақын", қазір киім ауыстырып шығайын,-деп үйіне кіріп кетті. Жәрдем іздеп жүрген жақыным енді маған сөз салды,
-Қолың бос болса сен де жүрсейші, тезірек бітейін,-деп,-әңгіме соғып тұрғаныңа қарағанда сен де бос сияқтысың ғой.
-Мен бармаймын.
Бірден бас тарттым.
-Оу, неге?
-Бармайтын себебім, сенікі жарты телешкі емес, кем дегенде таудай қып, үйіп артатын екі телешкі отын.
-Рас айтам, жарты телешкі, сенбесең жүр, өзің көресің ғой.
Күлдім.
-Олай болса, неге екі телешкі тіркеп алғансың? Әлде, әрқайсысына ширек телешкіден басасың ба? Алдама олай.
"Жақыным" тосылып қалды. 
Орка болса не-бары жарты тележка отынды артысуға кетті. Кейін білсем, шынында да әбден толтырылған екі тележка отынды артып, әбден сілікпелері шығыпты.
Меніңше, аңқаулықтан пайда жоқ.



Бөлісу: