Сырың мәлім...

Қызғанбайтын қыр көрсетіп жүр сен де!

(...Қызғаныштан ішің күйіп-жанады!)

Ақылыңмен қарсы болып жүрсең де,

Сендік жүрек мені сүйіп қалады!!!

 

-"Ойламаймын!" Ойламайсың? Бұның не?

Жүрек емес, ойыңда да жүремін.

Тыңда мені: ертең (кеше, бүгін де!)

Мен деп соғып тұра берер жүрегің!

 

Күлімдейсің... Мен жоқ болсам, қайтсең де

Бал-бұл жанған жүзің бірден солады!

"Сүймеймін!" деп ақталасың, әйтсе де,

Жүрегің тек мен деп білем, соғады!

 

Мойындашы? Мені іздейсің! Түсінем...

Таба алмасаң өз-өзіңе сыймайсың!

Жүрегіңді ұрлай бердім осы мен,

Өз қолыңмен қашан маған сыйлайсың?

 

* * *

Жан-дүниеңе рұқсатсыз кіргенімде,

Бірден ұқтым осы бір ғажайыпты...

Көз алдыңда еркелеп жүргенімде,

Сезімге сенімсіздік азайыпты... 

Егембергенова Гүлдана



Бөлісу: