Сырласу
блог
Сырласу
Мұқағалиға арнау
Ақ арманның арын қанатып,
Айналып кетті сағымға бақыт.
Тағы бір өлең аспанда кетті,
Мұқағалидың жанында жатып.
Автор
Өзіңдей мына өмірде жаза аттағам,
Лоқсып тұрған мұңымды аз ақтарам.
О, дүниеге кеткен соң ақын дейді,
Бұ дүниеде жүріп мен азаптанам.
Көңіл мынау жартыкеш-көрден гөрі,
Бек тұрғызбай басады белден мені.
Шырпы жанып біткенше шырылдайтын,
Жүрегімді қайтемін кеудемдегі.
Қыз- мұз болды қайтейін ер езіліп,
Қирауға шақ тұрады терезе үміт.
Кеңірсігім тарыла бастағанда,
Кеңсай жаққа барамын елегізіп.
Қадыр кетті, Фариза, Тұманбайлар,
Естілгендей болады Құдайдан зар.
Тірі мен өлілердің арасында,
Болуға болады екен бұлай да аңғал.
Шерге тұнды шырғалаң шыншыл уақыт,
Жүрегімді тастады шым-шымдатып.
Мұқағали сен түгіл өлеңіңмен,
Біраз қыз сырласады сыңсып жатып.
Өлең едім өмір боп тағат қылдым,
Самғауына көнбейді сағат құрбым.
Тағы бір жұлдыз ағып түсті аспаннан,
Кеңсай жаққа көңілсіз қарап тұрдым...
Марғұлан Ақан