Ботакөз - маған балалық достықты, келе бере сырлас достықты түсіндіріп, "дос" деген үлкен ұғымды ұғындырған жақын құрбым. Екеуміздің қол ұстасып мектеп табалдырығын аттағанымыз есімде болмаса да, ақ бантик тағып,үзілісте мектептің дәлізінде құшақтасып жүрмесек, адасып қалатындай жүретініміз мәңгі есімізде. Айтпасам да, қайта айналып соқпайтын дара даңғыл ғой. Ол 8-сыныпты аяқтап, Тараз қаласына көшіп кеткенде, келген-кеткен адамнан хат беріп, үзбейтінбіз арамызды. Не бары 1 жылдан соң, мен 9-сыныпты тәмамдап, Ботаның жанына оқуға бардым. Сол кезде екеумізден бақытты адам болмады біз үшін. Мен оны, ол мені қатты бағалап, бауыр бастық. Өкінішке орай, Бота Алматыға оқуға кетті, мен тағы қалдым жәутеңдеп. Сағынысып кездесіп, арқа-жарқа әңгіме дүкен құруға асығамыз үнемі. Оған да үйрендік қой бертін келе. Мен оқуымды бітіріп, ауылға оралдым, Бота араға жылдар салып Таразға тұрақтады, ата-анасының қасына. Маған соңғы кездері айына кемінде 1 рет Таразға іс-сапарға шығу бұйырып, талай түндер сырлы әңгімеге, сыңғыр күлкілерге толып, әдемі күндермен болашақтың естелігін толықтырып жүрміз. Мен Таразға бара жатырмын дегенімді естісе, ол қыздың телефонынан қоңырау үздіксіз шалынып, жеткенімше асықтыратыны өз алдына. Ботакөз - жаратылысы көп қыздардан бөлек, ешкіммен ісі жоқ, тек өзінің жеке өміріне ғана алаңдайтын асыл қасиеттің иесі. Қызға тән емес ерсі қылықтардан бойын аулақ ұстап, тәкәппарлықты жоғары қояды. Ол үшін - ән мен әнші, өнер мен спорт, түрлі жаңалық пен карьера деген ұғымдар жоқтың қасы. Ештеңеге бас ауыртпайды, "жұлдызды әлем" үшін мүлде алаңдамайды. Өткен жолы өмірінде бірінші рет концерт көрді, "айналайын, ең құрмаса Музартқа қызықшы" деп қолқа салған соң. Тып-тыныш отырып көрді, тым-тырыс кеткісі келді, бірақ мен суретке түсейік деп қипақтап, есін шығардым). Осы қасиетіне таңғалып қарап, түсіне алмай қойдым. "Қалай қызықпайсың көп нәрсеге" деп қайталап сұрай бергеннен жалықпай-ақ қойдым. Өмірінде қиыншылық көрмеді, шешуі қиын түйіндермен бетпе-бет келемеді ешқашан. Есесіне, махаббаттың машақатын әбден тарты құрбым. Жылдар бойы жүрегіндегі сезімді тұншықтырып, азабын көрді барынша. Өзін ұнатқан, өзі құлай сүйген жігітін өр көкіректік қасиеттеріне бой алдырып, бір-бірінен бас тартқанмен, елжіреген жүрегі сол жігіт деп езіле берді. Көп қиналды, 5-6 жыл төңірегінде. Одан басқа жігітті елестеткен жоқпыз, Бота ұнататын. Талай жігітті жылатып, сол жігіттің тасасына қалдыратын бәрін. Бірақ, басқаны сүю бақыты бұйырды оған. Оның ең басты арманы - тұрмысқа шығу еді. Міне, бүгін Алла оның тілегін орындады. Кеше ғана Тараздан жанынан келдім, сондай бақытты. Асығып, кеткісі келіп жүр. Бүгін дәстүрге сай, тиынын тағып, сырғасын салып кетті. Звондап құттықтадым, көңілім босап, менен жыраққа кетіп қалатын сияқты болып көрінді. Ботам - бар бақыттың иесі болсын деген шынайы ниетім бар. Алда ұзату той мен үйлену тойы. Алла сол күнге жеткізсін!!!