Сырға

Сырға
жеке
блог

                                                                                                   СЫРҒА

            Сырға – сән үшін тағылатын зергерлік бұйым. Сырға  тағу бүкіл дүние жүзі халықтарына тән әдет. Сырғаны көбіне әйелдер құлаққа тағады, кейбір елдерде мұрынға тағу да (Үндістан мен Африкада) кездеседі. Сырға неолит заманында сүйектен, мүйізден, қола дәуірінде металдан жасалған. Біздің заманымыздан бұрынғы екі ғасырдан бастап алтын, күмістен асыл тас орнатылып жасалған. Сырғаның өте сәнді түрлері шыға бастаған. Қазақтарда Сырғаның шығыршық Сырғашарбақ Сырғаай Сырғасояу Сырғақоңырау Сырғаиықты Сырға, күмбезді Сырғатөбе Сырғасалпыншақ Сырға, тағы басқа түрлері бар.

     Барлық қыз-келіншектер секілді, менің де сырға тағуға әуестілігім бар. Ол әуестілігім – небәрі бес жасымда басталған еді.... Ата-анамның айтулары бойынша, бір жасқа толған кезімде, тоқсан жасқа келген әжем, өзінің көзі ретінде маған күмістен ойылған, көне сырғасын сыйлық етіп тастап кетіпті. Әлі кішкентай бала болғанымнан, ол сырға құлағыма бірден тағылмапты. Өсе келе, бес жасқа толғанымда, анам сол сырғаны маған көрсетіп, үлкен әжемнен қалған мұра, естелік екенін айтты. Сол шақтан бастап, сырғаны құлағыма таққанымша асығыс едім. Ол күн де келіп жетті. Сырғаны құлағыма тақтым. Сырға таққан бойы өзімді әсемденіп кеткенімдей сезіндім.

      Уақыт өте келе, заман үрдісімен бірге есейіп, бой жеттім. Түрлі бижутериялық бұйымдармен таныстым. Әжем сыйлаған сырғаны он бес жасыма дейін құлағымнан тастамадым. Кейін бойжеткен кезімде неше түрлі ұзынды-қысқалы сырғаларды таға бастадым. Ал он сегіз жасқа толғанымда тағы бір ғажап сыйдың иесі болдым... Кәмелеттік жасқа келгенімде, аяулы ата-анам сыйлық ретінде арнайы тапсырыспен жасалынған, алтыннан құйылған, гауһар тастармен әшекеленген сырғаны сыйлады. Ол сырғаны әлі күнге дейін тағып жүрмін.

         Уақыт өтті, заман өзгерді... Екі сырғамды  салыстырып қарасам, өзгергені – тек жасалынған материалы мен әсемделген тастарында...ал сырғаның мәнісі өзгермеген. Екеуі де жүрегіме жақын, мен үшін аса қымбат зергерлік бұйымдар.

         Қазақтың керемет салтының бірі – сырға салу. Дәл осы себеппен, менің тағы бір ғажап сырғаның иесі болатыныма сенемін.