«Сыр сандығым ашылды, ішінен шашу шашылды»...

«Сыр сандығым ашылды, ішінен шашу шашылды»...
жеке
блог

Болашақ жазбаларыма қатысты көкірегімде шимайланып жатқан шым-шытырық ой шытырмандарынан өзге де тәуір-тәуір идеялар бар біраз. Менің қызықты материалдар тауып алсам, құнды заттың коллекционеріндей жинап жүретін әдетім бар. Атап айтсам, өз елі мен заманының данышпандары қалдырған нақыл сөздерді, ғибратты әңгімелерді, пайдалы кеңестерді, халық ем-домдарын, әсерлі суреттерді, түрлі рецептілерді, қызғылықты әңгімелерді, өзіме ұнаған ән мәтіндерін, әдеттен тыс, тылсым оқиғалар жөніндегі мақалаларды, кейінгі кездері Ислам, шариғат тақырыбындағы ақпараттарды, әйтеуір, не керек, айта берсең таусылмас ақпараттарды көбіне электронды түрде, кездесіп жатса, қағаз бетіндегілерін де жинап жүремін (құттықтау-тілек сөздерін де жинайтынмын, оны қойып жүрмін). Осы уақытқа дейін жинаған дүниелерімді асыл заттарға теңесем, бір елдің қазынасын толтырарлық байлық шығары сөзсіз. Әрине, жинаған дүниелерімнің көбісі әртүрлі себептермен жойылып, құртылып та үлгерді. Дегенмен, қазіргі қолда бар материалдардан да бүтін бір коттедж тұрғызуға болады :-). Соларды елеп-екшеп, ең қызықты дегендерін Массагеттің талғамы таудай оқырмандарының назарына ұсынып көрмекшімін біртіндеп. Жалпы бұрыннан қандай да бір қызықты фактілер естіп-білсем, білгенімді өзгелерге естіртуге асығатын бір әдетім бар-ды. Сол әдетті ғаламторда да жүзеге асыруға еріншектік деп аталатын менің көлеңкем кедергі ғой қашанда. Енді сол көлеңкеден құтылудың шарасын кеш те болса іске асырмақ ниеттемін.

Әрине, сандығымда жатқан дүниелердің көбісі орыс тілінде, дегенмен, біраз уақыт техникалық мәтіндерді аударғам, біраз аудармашылық тәжірибем де бар деп мақтанып қояйыншы, сондықтан ол дүниелерді қазақтың көркем тілімен жеткізуге шамам жететініне сенімім мол. Егер әрі қарай не ұсынар екен деп қызығушылық танытқан жандар болса, келесі жазбамды асыға күтер деген үміттемін. Көпті көрген көнекөзбен салыстыруға келмегенмен, осы уақытқа дейінгі көрген-білген, естіген-түйгендерім бір түйеге жүк болуға жарап қаларлық деп ойлаймын. «Пайдасыз білім, тұрып қалған сумен тең» дегендей, жиған-тергендерім біреудің болмаса біреудің пайдасына жарап жатса құба-құп.