Сыпа (Әзілхан Нұршайықов туралы)

Сыпа     (Әзілхан Нұршайықов туралы)
жеке
блог

Мен қазақтың халық жазушысы Әзілхан Нұршайықовпен 2010 жылдың көктемінде таныстым. «Таныстым» сөзінің мән-мағынасы сондай зор. Қаламгердің тумасына үңілу оның айтар ойын, жан дүниесін ұғып, түйсіну онымен  жүзбе-жүз кездесіп, танысу іспеттес. Бұл  менің өмірімдегі ұмытылмастай қызық оқиға-ау шамасы. Қызығыммен бөліскелі тұрмын.
Көктем. Шуағын шашқан күн сәулесі мен бірді-екілі шөкімдей ғана бұлты бар көк аспан. Күнмен бірге қабақ та жадырар, көңілден мұз арылар кез. Ол күн сәрсенбі еді. Осы сәрсенбі күнді «өзімнің сәтті күнім» деп ырымдап алғалы қашан. Расында да сәрсенбі күні көңілім көтеріңкі болатын. Ылғи қуаныш күтетінмін. Бүгін де солай. Сабаққа барамын деп күнделікті әдетім бойынша ұйқыдан ерте тұрып алдым. Бүгін демалыс екенін ұмытып кетіппін. Таңертеңгі шайымды көңілді отырып іштім де, дереу жұмыс киімімді кидім.  Онысы, кеше тәтемнің «Әй, күн жылыды. Жазғы бөлмені жинастырыңдар» дегені еді. Айтқанын екі етпей істеуші едім.
Көпшіліктен тыс бөлме. Сыртта жарық болғанына қарамастан іші қараңғы, жан сескенердей тым суық көрінеді. Еденде киіз, оның үстіне қызыл-сары араласқан ою өрнегі бар кілем төселген. Бесік те, шайтан арба да бәрі осында. Терезе беткейге қарсы тұрған ескі қоңыр шкаф. Көп ойланбастан, анау күні жездем базардан сатып алып келген жаңа сыпыртқымен сыпыра  жөнелдім. Артынша шаң сүрте келе бағанағы қоңыр шкафтың  ескі есігін «шиқ» еткізіп ашқаным сол еді көзім бірінің үстіне бірі қойылған екі кітапқа түсті. Екеуін де қолыма еріне алдым. Бірі «Алау» да,  екіншісі  «Махаббат, қызық мол жылдар» еді. «Алаудың» авторы есімде сақталмады. Бірақ, екінші бір сұр кітаптың авторы жадымда мәңгі сақталары сөзсіз. Ол – Әзілхан Нұршайықов. 400 беттік қалың, сұр кітаптың алғашқы бетін ашып, автордың портретіне көз тастадым.  Дөңгелек жүзді,  көзі өткір, кең иықты, үстінде жарасымды  келген сұр костюм.  Көзінде адам түсінбейтін бір терең мұң бар.  Өңіндегі сәби жымиысы өзіне қатты ұнасады екен.
«...Ең артқы партаға келіп, еңкейіп, оның кітап қоятын қуысына әскери сумкамды, қоқайма фуражкамды сүңгітіп, енді отыра бергенімде дәл қасымнан дүр етіп бір топ көгершін көтерілген іспеттеніп кетті. Олардың лапыл қаққан жеңіл қанаттарының жақыннан шыққан лебін де естіген сияқтандым. «Мұнда көгершін қайдан келді?» деп ойлап, басымды көтеріп алдым. Сөйтсем, көгершін дегенім орындарынан өре түрегелген қыздар екен.»
Осы бір жерде Әз-ағамның қыздарды көгершіндерге теңеуі  өз алдына жаңашылдық. Көгершін – бейбітшіліктің, пәктіктің, адалдықтың символы емес пе?! Қыздар да солай.  Адами жүрекке бір түрлі жақын үндестік тауып жатыр.
          Кітапты әрі қарай парақтай түстім...  Тағы да айтуға тиіс нәрсе ол – жазушы шығармасы тілінің жеңілдігі. «Тілге жеңіл жүрекке жылы тиіп, теп-тегіс, жұмыр келсін айналасы»,-деген Абайдың өлең жолдарында бір жақсы ойы бар ғой. Міне, тап сол ой Әз-ағамның шығарма тіліне де қатысты. Кітапты бастап оқыған адам аяғына қалай жеткенін білмей қалады. Бәрі де кинодағыдай көз алдыңызға келеді. Теңіздің дәмін білу үшін, сол теңізді басына көтеріп бір-ақ ішудің қажеті жоқ. Бір ұрттасаң да жетіп жатыр. «Махаббат, қызық мол жылдардың» өзі   Әзілхан Нұршайықовтың сыпа қаламгер екенін дәлелдеп кетті.
Жазып отырған дүниемнің тақырыбын ашу үшін «сыпа» ұғымына тоқталғанды жөн көрдім.  Сыпа – қазақтың сөзі. Мағынасы өте кең. Ол елге, келер ұрпаққа үлгі боларлық ел ағасы дегенді білдіреді. Әз-ағам бұл атауға толықтай лайық. Өйткені, мен сияқты талай жасты өзінің шығармаларымен сусындатып, махаббатқа адал, өз елінің  патриоттарын тәрбиелеуде үлкен рөл атқаруда. Сыпа (Әз-аға) менің арманыма қанат бітірді.  Сол жылы ұядан  ұшқалы тұрған балапанның бірі мен едім. Бәріміз «Тағдыр таразысындай» болған ҰБТ-ға  дайындалушы едік қой. Талайдың бағын ашып, сағын сындырған да осы тестілеу. Кімнің кім боларын анықтап берердей өзі. Өзге оқушылар тестке дайындалып жатқанда мен «Махаббат,қызық мол жылдарын» оқыдым. Бұрын білмеген КазГУ-ымды білдім, Әз-аға суреттеуінен сол кездегі бейнесін көріп қызықтым. Филологияға  деген  тартылыс күші пайда болды. Мені еріксіз өзіне шақыра берді, шақыра берді...  Қазір міне, мен КазГУ-де, филологияда,  кезінде ұлы Әуезов дәріс оқыған 312- дәрісхананың партасында отырмын. Бұдан артық не керек, айтыңдаршы!            
Десе де, өкінерім бар менің... 1-ші курс оқып жүріп, сол кезде деканның тәрбие ісі жөніндегі орынбасарына  Әз-ағамызбен кездесу ұйымдастырып беріңізші деп өтініш білдірген болатынбыз. Өтінішімізді құптап, кездесуді көктемге жоспарлап қойған едік. Жоқ... Әз-ағаммен кездесе алмадым.  Автор қаһарлы қыстың соңғы айында мәңгі ұйқыға кетті... Аспанда бір жұлдыз сөнді. «Махаббат президенті» дүниеден өтті. Әз-ағаммен кездессем, жүздессем деген арманым біржолата су сепкендей басылды да қалды.