Сын туралы

Сын туралы
жеке
блог

Серікбол ХАСАН,
ақын

Жастар журналистикада жан бағып жүр

1. Сыншы – жеке шығармашылық иесі. Ешқандай университетте «ақын» деген мамандықтың оқы­тылмайтыны сияқты, «сыншы» деген де ма­мандық жоқ. Әрине, оқу орындары сын­ның тарихын, теориясын оқытуы мүмкін. Бірақ сыншы болудың жөні ол емес. Сыншы болу үшін ізденіс, таным, әдебиетті жетік білуі, сосын, әрине, шабыт керек. Шабытсыз, немқұрай­лы­лықпен жазылған сын да көңілдегідей шық­пайды. Ол тек рецензия сипатын атқарып қана қалады. Қазір біздегі сын деп аталып жүрген дүниелердің көпшілігі – осы рецензия. Белгілі бір қалыптан аса алмайды. Шығарманы талдау болуы мүмкін, бірақ нақты әдеби тұрғыдағы кемшіліктерді көрсету жоқ. Керісінше, көңілжықпастықпен, көлгірсіп мақтай беру басым тұрады. Мұны сын деп есептемеймін. Сол сияқты кейбір сыншылар шығарманы түп-тұқиянымен жоққа шығарып жатады. Тіпті, сондай сындарда (егер сын деп қабылдауға тұрса) шығарманың өзектілігінен гөрі, шығарма иесінің ар-намысына көбірек тиісу бар. Бұл жерде сын көбіне шығармаға емес, қаламгердің өзіне бағытталғанын айту керек. Мұндай жерде сын мәдениеті жоғалады. Сын эмоциямен, жек- көрушілікпен жазылатын нәрсе емес. Керісінше, сүйіспеншілікпен, нақты біліммен жазылуы қажет.
2. Сыншының білімі, яғни әдебиетті тануы неғұрлым көп болған сайын, сыншы шығарманы кеңірек зерттей алады. Біздің жастарымыздың сынға келе алмауының бір себебі – осында. Әдеби білімнің таяздығынан. Міне, сол кемшілік проза немесе поэзия төңірегінде сөз қозғауға мүмкіндік бермейді. Сынның жазылмауының тағы бір себебі, өзімізден басқаны танығымыз келмейтін сияқты. Кім не жазып жатыр, қандай жаңа кітаптар жарыққа шықты, баспасөзде, әдебиет төңірегіндегі қандай әңгімелер бар. Соны іздеп жүріп оқып жатқан жастар аз. Әрине, жастарды да түсінуге болады. Әдебиеттің жағдайынан бұрын әлеуметтің жағдайын ойлайды. Өйткені, қазіргі қоғам сондай. Жас қаламгерлердің көпшілігі – қазір журналистика саласында жан бағып жүр. Олар сын жазбақ түгілі, апталық газетке ұсынатын мақаласын жазуға әзер уақыт табады. Сондықтан, жастар сын жазбайды деп кінәлай бергеннен гөрі, олардың сын жазуына мұрындық болған дұрыс шығар. Әдеби сынға жастар келуге қорқақтайды. Себебі, сын жазылған соң, әсіресе, аға буын қаламгерлер тарапынын өкпе-наз айтылып қалып жатады. Тіпті, соңы ренішке, дау-дамайға әкеліп ұрындырып жатқан жағдайлар да жоқ емес. Бұл жерде айта кететін нәрсе, бізде сынды қабылдау мәдениеті жоқ. Сынды қабылдай білу үшін де сабырлылық керек.
«Жалын» баспасынан жарық көрген жастардың кітаптары алғашқы кезде сынға алынатын. Жас қаламгерлерге сабақ болған сын деп сол сыни мақалаларды айта аламын. Өкінішке қарай, қазір ондай үрдіс жоқ. Ұйымдастырылмайды. Бүгінгідей қоғамда сынды ұйымдастырмаса, ол жазылмай қалуы мүмкін. Сондықтан сын жанрын жариялауды тек «Қазақ әдебиетінің» мойнына іліп қана қоймай, әдебиетке жаны ашитын басқа да басылымдарда жарияланып тұрса игі еді. Бұл бір жағынан қаламгердің өзінің кем-кетігін танып, білуіне сабақ. Екіншіден, оның шығармасына PR болар еді. Қандай сын болса да ол қаламгердің сол шығармасының оқылуына жол ашатынын ұмытпайық. Бәлкім сонда әдеби сынның да дамуына атсалысатындар көбейер, бұйыртса!
3. Сынды жеңіл кәсіп деу, қате түсініктен туған сөз. Сырт көзге қайсыбір қаламгердің шығармасын алып, соны екшеп-текшеу оңай сияқты көрінеді. Ал бұл шаруаның қаншалықты қиын екенін, қандай азапты жұмыс екенін ынта-шынтасымен шынайы сын жазып көрген адам ғана түсінеді. Сынды жеңіл кәсіп деушілер рецензияны сын деп қабылдайтын болулары керек. Рас, рецензия жазу кез келген адамның қолынан келе беруі мүмкін. Бірақ нағыз сын ол емес.

Талғат Халық. Массагет сайтының қолданушысы;
Ал енді менің ойым, рецензия болсын, сын болсын жазылып тұрса жақсы ғой. Бұл сайтта менің байқағанымдай, еліміздің бетке ұстар жоғарғы оқу орынының студенттері өте көп! Өте білімді жандар. Өтініш: Сын жазуды әдетке айналдырсаңыздар екен! Тек қана өлеңдерге емес,блогтарға да. Өйткені сауатсыз жазылатын блогтар өте көп! Жазғанның жөні осы екен деп бұрқырата беретіндер бар.Массагет сайты-қазақ тілін дамытатын сайттардың бірі, бірі емес-бірегейі ,-деп есептеймін! Асыл тіліміздің азғындауына жол беруге болмайды!

P.S. Бұл блогты жазуыма себеп болған менің өлеңдеріме пікір қалдырған оқырмандар. Менің ойым,адам өмір бойы оқып-үйренеді.Сын оны тездетеді! Осындағы кейбір өлең жазатындарға түсінбеймін, мен ақын емеспін, менің жазғандарым өлең емес,-деп -сол үшін сынап әуре болмаңыз! -Дұрысы,-Әлі де болса "Ақын "деген атқа лайық емеспін, еңбек пен ізденіс жетіспей жатыр,-десе қандай тамаша болар еді! Олай болмаса несіне арамтер болып өлең жазамыз!? -Сіз сын жазсаңыз,сол ардақты атқа жетуге бір қадам болар еді!- Егер де дұрыс жазылған сын болса, шеберлігіңізді шыңдайтын, нағыз достың өзі болмақ!
    Өлең жазған екенсіз, ғаламторға оқырмандарға ұсынған екенсіз, сынға да дайын болыңыз! Оқығандарыңызға рахмет!